Тамара ханым тайм-ауттан қашан шығады?
Тамара ханым тайм-ауттан қашан шығады?
© коллаж: Елдар Қаба
356
оқылды
Сарапшылардың әзілдеуінше, «Тамара Дүйсенова – биліктегі ең шаршаған министр». Бұл «атақ» оған 2018 жылы жұқты: 9 ақпандағы үлкен жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ретінде оның өзіне жүктелген міндеттерді еңсере алмағанын сынаған Мемлекет басшысы: «Тамара, сен шаршадың ба?» деп қабақ түйе сұраған еді. Ізінше Тамара Босымбекқызы лауазымынан кетті. Енді биыл Дүйсенова жүйке жұқартып, тән шаршататын сол қызметіне қайта оралып отыр. Оралған күні ол: «Маған бір ай уақыт беріңіздер!» деп өтінген еді. 1 ай түгіл, 1,5 айдай өтті. Не бітірді? Министрлікке 5 рет оралған министр Бірден айталық, «шаршаған министр» деген жай мысқыл сөз ғана. Әйтпесе, саясат сахнасында дәл Тамара Дүйсеновадай көп жасаған әйел-саясаткер санаулы. Бес жыл бұрын сарапшылар «Қазақстандағы беделді және танымал әйелдердің тізімін» жариялаған-тын. Тізімге Дариға Назарбаева, Зағипа Бәлиева, Гүлшара Әбдіқалықова Гүлжан Қарағұсова, Бақытгүл Хаменова, Наталья Коржова, Гүлнар Иксанова және басқалар кіріпті. Тамара Дүйсенова да оның аяқ жағына сыпайы ғана жайғасты. Міне, әйелдер арасынан шыққан сол «саясат сүлейлері» ішінен билік шыңында жалғыз Дүйсенова ғана қалған көрінеді. Оның басқа да рекордтары бар: ол халықты қорғау ведомствосына осымен 5-ші рет (!) басшы болып отыр. 2013 жылы қысқа уақыт Ең­бек министрінің міндетін атқарды. Содан кейін осы министрліктің тізгінін өз қолына алды. 2014 жы­лы Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігі құрыл­ған­да, оны басқару Т.Дүйсеноваға се­ніп тапсырылды. 2017 жылы бі­ріккен министрлік екіге жарылып, жұртында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қал­ғанда, Тамара Босымбекқызы да министр тағында қалды. 2022 жыл­ғы 11 сәуірде ол Президенттің кө­­мекшісі – Президент Әкімшілі­гінің өтініштерді қарауды бақылау бө­лі­мінің меңгерушісінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі лауазымына қайта ауысты. Биылғы 12 сәуірде Тамара Дүй­сенова 2018 жылдың ақпанынан бері бірінші рет Министрлер ка­бинетінің мүшесі ретінде Үкімет отырысына қатысты. Жиыннан шыққан оны дәлізде журналистер қоршай алып, сұрақты төпелетті. Тамара Дүйсенова: «Мен осы уа­қыт бойы жұмыс істедім. Маған 1 ай уақыт беріңіздер! Содан соң ал­дарыңызға шығып, барлық сұ­раққа жауап беремін», – деп уәде етті. Алайда бір ай түгіл, екінші ай­ға кетті. Министр істеген қыз­метінің алдын ала қорытындысын шығарған жоқ. Зейнеткерлер шабуылдайтын министрлік Т.Дүйсенованың дәуірі әлеу­меттік саладағы күрделі кезеңге тұс­па-тұс келіп тұр. Республика­мыз­дың басты сауда серіктесі Ре­сей­дің Украинадағы қақтығысы, Батыс әлемінің Мәскеуге қарсы санкциялары пандемия кезеңіндегі дағдарысты одан ары өршітті. Әлемді, соның ішінде Қазақстанды күйзеліс қысуда. Бюджеттің тап­шылығы артып, ел Үкіметі Ұлттық қорды шектен тыс көп шығындауға мәжбүр. Егер бұған дейін, 2018 жылдан бері ипотекашылар, несиесін ке­шіруді талап етушілер және көпба­лалы аналар осы меморганды ша­буылдап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері Мәдина Әбілқасымова, Біржан Нұрымбетов пен Серік Шәпке­нов­тің шашын ағартса, бүгінде ең көкейкесті мәселе – қазақ­стан­дықтардың қартайғандағы әл-ауқатын қамтамасыз ету болып тұр. 57 жастағы, яғни зейнеталды жастағы министрге зейнеткерлік мәселесімен айналысуға тура келуде. Өйткені «Қасіретті қаң­тардан» бері жұрт зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді талап етуін жалғастырды. Ресми мәліметке жүгінсек, ми­нистр болғалы Тамара Дүйсенова зейнет жасын азайту мәселесі бойынша Қазақстан әйелдерінің қозғалысы өкілдерімен 4 кездесу өткізіпті. 8 наурызда және 14 ма­мырда митингке қатысқан белсен­ді топ өкілдері төл ұсыныс-ше­шімдерін ортаға салған. Министр бүкіл ұсыныстарды министрлік жанындағы арнайы жұмыс тобы жан-жақты зерделейтінін айтып, естіп, ескеруге сөз берді. Бұл сала қанша реформаланса да, дағдарыстан шыға алар емес. Үкімет кеңес кезінен келе жатқан ынтымақты зейнетақы жүйесінен бас тартпақ. Ескі жүйеде зейнет жасына жеткен барлық азаматқа зейнетақы төленетін еді. Ендігі жүйеде жай қартаю аздық етеді, азаматта міндетті түрде жұмыс өті­лінің және БЖЗҚ-да зейнетақы жинағының болуы шарт. Бұл ретте ынтымақты зейнет­ақыдан бас тартудың мерзімі бірнеше рет өзгерді. Мысалы, 2014 жылы Өскеменде зейнеткерлермен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүй­сенова зейнетақы жүйесін жаң­ғырту аясында 2043 жылы Қазақ­стан ынтымақты құрауыштан то­лық бас тартып, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне түбегейлі көшетінін мәлімдеді. 2019 жылы министрлік оны 2040 жылға бері жылжытты. Алайда одан да жедел­деуі мүмкін: Еңбекмині 2028 жылы базалық зейнетақыдан бас тарта­тынын жеткізді. Ынтымақты жүйе жойылса, онда қамтылған ешқан­дай өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын адамдардың тағдыры не болатыны белгісіз. Айталық, бала-шағаны тәрбиелеу қамымен, байырғы қазақ дәстүрімен өмірін отбасыда, ошақ қасында өткізген үйбикелер не істемек? Министрлік бұл са­уалға жауаптан қашқақтайды. Егер әйел көпбалалы болса, әр баланы баққаны жұмысқа теңеліп, жалпы жиынтығы 12 жыл өтіл жазылады. Бірақ орташа зейнетақы алу үшін ол да жетпейді екен. Тамара Дүйсенова қоғам бел­сенділерімен кездесуде әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығуына қазір де мүмкіндік барын қаперге салды: «Мен зейнетке ерте шығуға қарсы емеспін. Бізде бүгінде зей­нетақы аннуитетін рәсімдеуге және зейнет демалысына 55 жаста шығуға мүмкіндік бар. Фактор­лардың барлығын бірлесе отырып зерттеуіміз керек. Бұл кейін аза­мат­­тарымыздың зейнетақысы тө­мен болмауы үшін қажет. Азамат­тарымыздың табысын ескере отырып, зейнетке ерте шығудың бірнеше тәсілін қарастыруымыз керек», – деді министр. Аннуитет кімге ғанибет? Зейнетақы аннуитетімен зей­неткерлікке 55 жаста шыға аласыз дегені – талай айтылып, ауызды жауыр еткен ескі жыр. Оның өмір шындығымен көп қабыспайтынын сарапшылар айтып жүр. Өйткені соның көмегімен бейнеттің зейне­тін ерте көргендер үлесі тым аз көрінеді. Тек байларға қолжетімді тетік сияқты. Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі төраға­сы­ның орынбасары Мария Хад­жиеваның айтуынша, олардың са­ны 61 мыңдай. Салыстырсақ, 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елде 2 млн 245 мың зей­неткер бар. «Бізде кейінге қалдырылған зей­нетақы аннуитетін де рәсім­деуге болады. Егер қазақстандық осындай аннуитетті 45 жасында сатып алса, оған төлемдер 55 жас­тан төлене бастайды. Бірақ ол кез­де ер адам ең кем дегенде 6,1 млн теңге, әйел 7,7 млн теңге жи­нап үлгеруі керек. Егер жалпы цифрларға тоқталсақ, қазір шама­мен 61 мыңдай адам жалпы сомасы 283 млрд теңгеге зейнетақы аннуи­теті шартын бекітті. Осылайша, олар өмірді сақтандыру компания­ларынан өзі үшін өмір бойғы зей­нетақылық төлем алуын кепіл­ден­дірді», – дейді М.Хаджиева. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл референдумның және Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің мән-жайын түсіндіру мақсатында ауыл-аймақты аралап жүр. Ол әсі­ресе, алыс ауылдарда ең көп кө­терілетін және халықты көбірек мазалайтын мәселенің бірі де зейнет жасын төмендету болып отыр дейді. «Мәселен, Қызылорда облы­сында «Шымкент – Самара» трас­са­сының бойында Ақай және Тө­ретам елді мекендерінің тұрғын­дарын кезіктіріп, хал-жағдай сұ­рас­тырдық. Бір топ ана әкімдік ұсын­ған қоғамдық жұмысқа тар­ты­лып, есек жегілген арбамен да­ланы қоқыстан тазартып жүр. Жұ­мыстары ауыр. 54 мың теңге жа­лақы алатындарын айтты. «Қо­лын жылы суға малып, құйтақан­дай қанденінің күтіміне ғана бас қатырған бай әйелдермен бізді салыстыруға болмайды, оларға зейнет жасы 70-80-ге дейін өссе де, бәрібір. Біз бел қайыстыратын қиын жұмыс салдарынан ол жасқа жетпеуіміз мүмкін» деп тұнжы­райды әйелдер. Қазір бұл мәселені Еңбекминінің жұмыс тобы қарап жатқанын білеміз. Ұсыныстар берілді. Халық түйткілдің оңтайлы шешім табуын күтіп отыр», – дейді Б.Смағұл. Аптапта күйіп, аязда қатып, ауыр жұмыс істеу әйелдерді күй­зелтеді, қуаттан айырады, бұл от­басылардағы әл-ауқат пен көңіл күйге де теріс әсер ететіні сөзсіз. Азаматтарға денсаулық пен табыс табу арасында күрделі таңдау жа­сау­ға тура келеді. Бүгінде Т.Дүй­сенованың ведомствосы оны өзі айтқандай, «тайм-аут» алыпты: әйел­дердің зейнет жасын төмен­детуге қатысты ұсыныстарды пы­сықтап жатыр. Министрлік есеп-қисаптар жүргізеді, содан кейін «ең қолайлы нұсқаны анықтап», елге жария етеді. Әйткенмен тайм-ауттың қаншаға созылатынын айта алмады. Жалпы, үлкен іс тындыруға бір ай аздық етеді. Егер әйелдер жасын төмендетуге ықпал ете алса, халық Дүйсеноваға қатты риза болар еді. Тамара Босымбекқызы ми­нистр ретінде тағайындалғанда, ел басшылығы оған «Қазақстан эко­номикасының салаларын отандық білікті кадрлармен қамту туралы тапсырма» бергенін хабарлады. Тиісті шаралар, өзгерістер пы­сық­талып жатыр. Еңбек кәсіпкер­лік­пен ұштасады десек, 1 мамырда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысушылардың саны 146,5 мыңнан асыпты. Бір ай ішінде жаңа, тың жобалар өмірге жолдама ала қойған жоқ. Десек те, Тамара ханымның министрлікке бұл келісі ел үшін ірі, ізгілікті бастамалармен есте қалса, игі.