Жарна төлегенімен, емделу қиын
Жарна төлегенімен, емделу қиын
225
оқылды
Солтүстікқазақстандық­тар­дың біраз бөлігі міндетті ме­ди­циналық әлеу­меттік сақтандыру үшін төлеп жатқан жарналарының қайда кетіп жатқанынан бейхабар. Науқастар осы жарнаны да төлеп әрі жекеменшік ақылы кли­ни­каларға да жүгініп, екі рет шығындалып жүр. Себебі бекітілген емханаларында кезекті ұзақ күту керек. Бұл жайт науқастардың көңілінен шықпайды. Науқастар өз кезегін айлап-жылдап күтуге мәжбүр. Ультрадыбыстық зерттеуден өткісі келген петропавлдық Жанар Әбіл­мәжінова «Мамырдың соңында хабар­ла­сып, маусым айындағы кезекке жазылыңыз» деген жауап алыпты. Компьютерлік то­мо­графия жасағысы келген Ақмарал Қо­жах­метова да дәл осындай жауапқа кезіккен. Ауруы шыдатпай бара жатқан ол енді же­кеменшік клиникаға барып, қажетті қыз­метті ақылы түрде алмақшы. Себебі ауруы асқынып кетеді деп алаңдайды. Ал ай са­йын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төлеп отырған жарнасы 15-20 мың теңге көлемінде. Облыстық Денсаулық сақтау басқар­масы басшысының міндетін атқарушы Құ­мар Күсемісовтің айтуынша, бүгінде қа­ланың бірқатар емханасындағы ком­пьютерлік томограф істен шыққан. Об­лыста бас-аяғы 8 томограф болса, соның төртеуі қирап тұр. «Бірінші қалалық ау­рухана, облыстық аурухана, онкологиялық диспансердегі компьютерлік томограф сынып қалды. Тайынша ауданындағы то­мограф қалпына келтіруге жарамай қалды. Биыл жаңасын сатып аламыз. Ғабит Мү­сірепов ауданына да жаңасын жөнелттік. Петропавлдағы облыстық балалар ауруха­насында, көпбейінді қалалық ауруханада, инфекциялық ауруханада томограф істеп тұр. Кезекте тұрғандар осы ауруханаларға жолданады. Бірақ шұғыл түрде қажет болса, кезексіз қызмет көрсетіледі. Басқалары ке­зектерін күтеді», – деді Құмар Тлебал­ды­ұлы. Сәуір айының соңында ғана қалалық көпбейінді ауруханаға жаңа томограф орнатылған кезде шенеуніктер «енді нау­қастар өз кезегін он күннен артық күтпейді» деп жар салған еді. Шын мәнісінде, жағ­дайдың өзгергені шамалы. Айлап-жылдап кезек күтпес үшін науқастар өз қалтасынан ақша шығарып, жекеменшік клини­ка­лар­дың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бұл ретте олардың наразылығын туғызып отырғаны – медициналық сақтандыруға ай сайын төлеп отырған жарнасын пайдалану мүм­кіндігінің жоқтығы. Екі жерде жұмыс іс­тейтін Айнаш Қожабергенова екі бірдей жұмыс орнынан жарна төлегенімен, өзіне көрсетілетін медициналық қызмет сапасы сын көтермейтінін айтады. «Медициналық жарна екі жұмыс орнымнан да ұсталады. Дегенмен медициналық қызмет сапасы сол қалпы. Көбіне-көп жекеменшік ақылы ем­ханаларға жүгінемін. Себебі МӘМС бо­йын­ша қызмет көрсететін өзім тіркелген ем­ханаға барып, кадр жетіспеушілігі, құ­рал-жабдықтың жоқтығы, ұзын-сонар ке­зек сияқты «таңғажайыптарға» тап бол­ғым келмейді. Сонда менің жарнам қайда кетіп жатыр? Не үшін төлеймін?», – дейді ол. «Қазаншының еркі бар...» Денсаулық сақтау басқармасының басшысы түсіндіргендей, жекеменшік кли­никалар көптеген маманды өздеріне тартып алды. Оларға медициналық сақтандыру қоры арқылы қызмет көрсетудің тарифтері тиімсіз, себебі өздері белгілеген бағадан тө­менірек. Сондықтан олар МӘМС бойын­ша науқас қабылдауға құлықсыз. Қабыл­даған күннің өзінде мұндай қызметтің сапасына тағар мін көп. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының бас са­рапшысы Балжан Ғабдуллина әр емханада пациенттерді қолдау қызметі бар екенін, қызмет сапасы көңілден шықпаса, сонда арыздануға болатынын айтып түсіндірді. «Өз қызмет ақысының жоғары болуы есебінен олар дәрігерлердің еңбекақысын төлей алады. Екіншіден, олардың жүктемесі азырақ. Мәселен, облыстық балалар ауру­ханасында дәрігер бір күнде 30-40 науқасты қабылдап, бөлімшеде жұмыс істеп, түнде кезекшілік атқарса, жекеменшік клини­када күніне қабылдайтын пациенттерінің саны шектеулі», – деп салыстырды Құмар Күсемісов. Сондай-ақ облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жекеменшік клиникаларға ықпал ете алмайтынын айтты. Яғни, «қа­заншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса». «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалындағылар «МӘМС аясында қызмет көрсететін жеке­меншік клиникалар сайтта көрсетілген» деп қысқа қайырады. Бірақ «AMANAT» пар­тиясы Солтүстік Қазақстан облыстық фи­лиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанованың ай­туынша, сайттағы тізім толық емес. Толық тізімді сұратып алуға тура келіпті. Неге еке­ні белгісіз, қордағылардың өздері олар­ды жария етуге жүрексінетіндей немесе құлық танытпайтындай. Жарна қайда кетіп жатыр? «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының бас сарап­шысы Балжан Ғабдуллинаның айтуынша, «менің жарнам қайда кетіп жатыр? Ол ақшаны неге мен немесе туысқандарым пай­далана алмайды?» деген тұрғыдағы сұрақ­тар көптеп түседі екен. «Заңға сәй­кес, бұл – жинақтаушы қор емес, әлеу­меттік қор. Қымбат ота жасау қажет болған кезде осы қордың қаржысын пайдалану арқылы науқасқа қызмет көрсете аламыз. Бұл қар­жыны заң бойынша туысқандарға да ау­даруға болмайды. Өз ақшасы басқа науқасқа жұмсалмасын деген адамдар заңға өзгеріс енгізілуін талап етуі керек. Қазір «Халық үні­не құлақ асатын мемле­кет» тұжырым­дамасы жүзеге асырылып жатыр. Сондық­тан өз ойын айтып, жазуы керек. МӘМС аясында қызмет алу үшін соңғы 12 ай бойы жарна төлеу бойынша қарыз болмауы тиіс», – деп түсіндірді Бал­жан Ағыбайқызы. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қа­зақ­­стан облыстық филиалы қоғамдық қа­был­дау бөлмесіне жүгінген бірыңғай жиынтық төлем төлейтін өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған Жеңіс Әбдірахманов 11 ай бойы міндетті әлеуметтік-медициналық жарнаны төлеп келіп, қаңтар айында ұмытып кеткені үшін оған ақпан айында қызмет көрсетілмегенін айтып шағмданды. Бұл да әділдікке жата қоймаса керек. Қоғамдық қабылдауға жүгінушілердің пікірінше, МӘМС аясында тіс емдеуге болмайтыны да көпшіліктің көңілінен шы­ғып отырған жоқ. Қарапайым тұрғындардың көпшілігі МӘМС аясында қандай қызмет көрсеті­ле­тінінен бейхабар. Білетіндердің өздері жо­ғарыда айтылған себептер бойынша мұндай қызметке жүгіне қоймайды. «Ендеше мұн­дай қордың не керегі бар? Бұл біреудің жемсауыты сияқты. Халыққа түк пайдасы жоқ. МӘМС енгізілгелі медицина сала­сын­да ештеңе өзгерген жоқ. МӘМС-ті жабу керек. Одан пайда жоқ, бәрібір ақылы дәрі­герлерге барамыз», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Игібай Қалиев. «Наразылығымызға шек жоқ. Емханаға келген адамға бір-екі айдан кейін емес, дәл сол күні, сол сәтте көмек қажет. Тіпті, те­рапевтің өзіне кіру мүмкін емес. Одан соң 1-2 ай бейінді маманға кезек күту керек. Шұғыл консультация қажет болса не істеуіміз керек? Бұрын күні бойы кезекте отырсақ та, сол күні дәрігердің қабылдауына кіретінбіз. Қазір бәрін қиындатып жіберді. Жекеменшік кабинеттерді жауып, оларға мемлекеттік емханаларда қызмет көрсетуіне тыйым салу қажет. МӘМС бойынша дәрі­герге кезекті бір ай күту керек болса, жеке­меншік емханада дәл сол дәрігерге келесі күні баруға болады. Мемлекеттік емханада дәрігерлер неліктен жарты күн ғана жұмыс істейді? Қалған уақытын жекеменшік кабинетінде өткізеді. 8 сағат бойы жұмыс істесін», – дейді Айнагүл Ауғалиева. Маман тапшы Қоғам белсендісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев әлеу­меттік желілерде оқыған пікірлердің бірін мысалға келтірді: Call-орталық арқылы 11 сәуір күні гастроэнтерологқа жазылдым. 27 мамырға ғана қабылдау бар екен. 46 күннен кейін! Бұл уақыт ішінде адам о дүниелік болып, қырқын да өткізіп үлгеруге болады. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу үшін белгілі бір қорытынды жасап, өз жұмысын түбегейлі өзгертуі тиіс», – деді Павел Афанасьев. Облыстық Денсаулық сақтау басқар­масы басшысының міндетін атқарушы Құ­мар Күсемісов бұл бүкіл ел бойынша қа­лып­тасқан жүйе екенін айтып ақталды. Оны өз­герту үшін жоғары жаққа ұсыныстар әзір­­леу қажет. Басшылық дәрігерлер же­тіс­пеу­шілігі бар екенін мойындады. Бүгінде облыс бойынша 280-нен астам дәрігер жетіспейді. 130 вакансияны дәрігерлер не­гізгі жүкте­месіне қоса атқарып жүр. Бұл мәселені шешу үшін облыс басшылығы жас мамандарға көтермеақыны аяп жатқан жоқ. 2019 жылы 1 миллион 500 мың теңгеден төленгенде ауылдық жерлерде 230 маман жетіспейтін. Қазір облыстық бюджеттен 2 миллион 500 мың теңгеден, медицина ұйы­мынан 1 мил­лион теңге көтермеақы, ау­дандық әкімдіктен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 600 мың теңгеден, бас-аяғы 4 миллион теңге төленіп, баспана бөлінсе де, басқа да жеңілдіктер қарас­тырылғанымен, дәрігер жетіспеушілігі одан сайын өзектілене түсті. Құмар Күсемісов Денсаулық сақтау басқармасы қолдан кел­геннің барлығын жасап жатқанын айтты. Дегенмен кадрлар­дың тұрақтамайтынын мойындады. Әсіресе, басқа жаққа қоныс аударушылар мен зейнет демалысына шығатындар көп екен. Түптеп келгенде, солтүстікқазақстандық науқастар тұйық шеңбердің аясынан шыға алмай жүр. Былтыр бала туу көрсеткіші 3,5 пайызға кеміп, адам өлімі 13,4 пайызға арт­қаны осындай келеңсіздіктердің нәтижесі болар, бәлкім?

Солтүстік Қазақстан облысы