Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп асханаларына талапты күшейту керек екенін айтты. Оның айтуынша, өңірлердегі мектеп асханаларының жұмысы өзекті мәселе. Бұл туралы министр Facebook-тағы парақшасында жазды. Бұл бағытта бақылауға алынатын және нормативтік құқықтық актілер деңгейінде шешілетін бірнеше проблема бар. Атап айтқанда:
- Осыған дейін асханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу талабын бекіттік. Мұның бірнеше артықшылығы бар. Бұл гигиенаның сақталуына әрі кезектің тез жылжуына көмектеседі. Сондай-ақ балаларда қолма-қол ақшаның болмауы оларды қауіптерден сақтайды. Ата-аналарға да шығындарды бақылау оңайырақ болады. Бірақ көбінесе қолма-қол ақшасыз төлем жүйелері өшіріліп, пайдаланылмайды.
- Буфет өнімдерінің құны. Мектеп асханасында 0,5 литр су 300 теңгеден немесе бәліштер мен тоқаштардың дүкендердегі бағадан жоғары бағада сатылатыны сұрақ туындатады. Бір қалада бірдей өнім бағасында 50-70%-ға дейін айырмашылық болуы мүмкін.
- Кейбір өңірлер асханаларды МЖӘ (Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) арқылы жеке кәсіпкерлерге беріп жүр. Біз МЖӘ-нің дамуын қолдаймыз. Бірақ кейде бұл конкурсты өткізбеу үшін және асхананы кәсіпкерге тікелей (10-15 жылға) беру үшін жасалады.