«Жиенді өз тегіңе жаздырып беремін» – көп қаржы жымқырған алаяқ 7 жылға сотталды
«Жиенді өз тегіңе жаздырып беремін» – көп қаржы жымқырған алаяқ 7 жылға сотталды
Фото: ernur.kz
146
оқылды
Түркістан облысында сотталған адамның тағы бір қылмысы әшкере болды. Ол «балалар үйіндегі жасөспірімді туысының атына жаздырып беремін» деп алаяқтық жасап, сотталған. Бұл туралы Түркістан облысының полиция департаменті хабарлады. Сайрам аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Жарқынбай Дархан алаяқтың кінәсін дәлелдеп, істі сотқа өткізген. «Былтыр наурызда Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол 2020 жылы 21 қазанда Ақсукент-Қарамұрт бағытында таксиге отырған. Осы кезде жүргізуші оның Өзбекстандағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан немересін заңды түрде ҚР-ға алып келе алатынын айтып сендірген. Осылайша, такси жүргізушісіне сенген әйел қайтыс болған қызының 2007 жылғы ұлын өзіне алу үшін 600 мың теңгеден астам ақша берген. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, Сайрам тұрғыны жиенімен қауышпаған. Алаяққа алданғанын білген әйел бірден полицияға арызданған. Аталған жайт ҚК-тің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді» делінген ресми мәліметте. Бір аптадан соң полицияға тағы бір тұрғын арызданып, алаяққа алданғанын жеткізген. Жәбірленушіге ер адам жол апатынан қайтыс болған қызы мен күйеу баласының артында қалған екі жиенін өз тегіне өткізіп беремін деп уәде берген. Алаяқ Нұр-Сұлтанда ісін бітіріп бере алатын адамдары бар екенін айтып, сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден төрт млн теңге алған. «Полицейлер алаяқтық жасаған ер адамды анықтады. Тексеру кезінде күдікті Төлеби аудандық сотымен бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан 33 жастағы ер адам екені белгілі болды. Яғни, күдікті сотталмас бұрын жоғарыдағы аталған қылмыстарды жасап, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген» делінген хабарламада. Күдіктіге қатысты іс құжаттар айыптау актісімен сотқа жолданды. Ал Сайрам ауданының соты 33 жастағы жас жігітті ҚК-тің 190-бабымен (Алаяқтық) кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар ҚК-тің 58-бабы 6-бөлігін (Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау) қолданып, алдыңғы 2021 жылғы 22 қаңтардағы жазаға ішінара қосып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.