«Өзенде балыққа қарағанда адамның сүйегі көп» – Ақмолада зиратты су шайып жатыр
«Өзенде балыққа қарағанда адамның сүйегі көп» – Ақмолада зиратты су шайып жатыр
Фото: almaty.tv
230
оқылды
Ақмола облысы Қошқарбаев ауылы маңындағы зиратты өзен арнасынан асқан су шайып жатыр. Моладағы марқұмдардың сүйегі жер бетіне шығып қалған, – деп хабарлайды Almaty. tv. Зират астанадан 40 шақырым жерде орналасқан. Нұра өзені тасығанда зиратты су басып, марқұмдардың сүйегін шайып кетіп жатыр. Жақындары жерленген зираттың жағдайына алаңдаған жұрт «су жер бетіне шығарып тастаған сүйектерді имам, әкімшілікпен бірге келіп, дұға оқып, қайта көміп отырамыз», – дейді. Мәселе 5 жыл бұрын басталған. Өзен арнасының өзгеруіне астанадағы құрылыс компанияларының заңсыз әрекеттері себеп болыпты. Олар қаражат үнемдеу мақсатында тегін тас пен топырақ алып, соңы осындай проблемаға әкеп соққанын айтады. Өзен суын тұрғындар қажеттіліктеріне де қолданады екен. Р. Қошқарбаев ауылының тұрғыны Сейіт Ибраев: «Сол суды біз бау-бақша суарғанда қолданамыз. Балалар шомылады. Жаз бойы сол көпірдің жанында қаладан, басқа жерлерден демалуға келетін адамдар бар. Сол судың астында балыққа қарағанда адамның сүйегі көп. Ол талай дәлелденген», – деді. Мәселе жөнінде облыс, аудан басшылары хабардар. «Сөздің ашығы, 2019-2020 жылдарға облыстан қаражат қарастырылмаған. Біз ауданнан жібердік, бірақ облыстан тоқтап қалды. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжатты жасау үшін есептеу жұмысына бюджетке тапсырыс жасалды. Есептеу жұмысы біткеннен кейін жобалық-сметалық құжақа қаражат қарастыратын шығармыз», – деді Целиноград ауданы Тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мэлс Жұмабаев. Қазіргі уақытта елу жылдан асқан қорымның бүгінде үштен бір бөлігі қалған. Ең қиыны, жұрт ауылда ауру тарап кету қаупі барына алаңдап отыр.