«Астана жастары» мекемесі елордадағы аула клубтарының тәрбиеленушілері арасында қызу сайыс ұйымдастырып, референдумды қолдау мақсатында арт-флэшмоб өтті. Сайысқа 10 аула клубынан 100-ге жуық бала қатысты. Алғашқы айналымда әр топ өз клубының алға қойған мақсатымен таныстырды. Екінші айналым шығармашылық бағытқа арналды. Бұл жерде топ мүшелері асфальттың үстіне «Жаңа Қазақстанды» қалай көргісі келетінін сурет арқылы бейнелеуге тырысты. Барлық топтың ортақ арманы – ертеңі жарқын, экономикасы қарыштап дамыған «Жаңа Қазақстанды» көру. «Біздің топ «Жаңа Қазақстанда» экономика алға жылжып, халықтың саны өскенін көрсеткісі келеді. Егемен елімізде әдемі, жаңа заманға сай ғимараттар бой көтере берсе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ біз Жаңа Қазақстанда шаруашылықтың кез келген саласында роботтар қызмет жасап, технологияның дамығанын қалаймыз», – дейді «Жас қанат» аула клубының мүшесі Аңсар. Ал «Қолөнер» аула клубы тартуы ерекше болды. Клуб жетекшісі Гүлнәр Боранжанованың айтуынша, топ мүшелері 30 метрлік кілемшені бір ай бойы тіккен. Кілемше оқушылардың өз қолдарынан шыққан қолөнерлер туындыларымен безендірілген. «Әрбір баланың өз қолдарынан жасаған бұйымдарын жапсырдық. Қазақстанның бет-бейнесіне айналған көрнекті жерлер мен әдемі ғимараттардың суреттері бар. Бұл жерде 8 жастан бастап 15 жасқа дейінгі балалардың қолөнерін көруге болады», – дейді Гүлнәр Тұрысбекқызы. Тартысқа толы сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орын «Қолөнер», екінші орын «Темірлан», үшінші орын Interpro аула клубына берілді. Жеңімпаздарға Нұр-Сұлтан қаласының «Астана жастары» мекемесінің атынан диплом мен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Өзге қатысушылар да сыйлықсыз қалмады.