Бізде маңызды болса да әлі қоғам жатырқайтын дүниелер жетерлік. Елімізде генетикалық тексеріске жүгінбейтіндер көп. Генетикалық жағдайды ескермеудің де соңы түрлі келеңсіз жағдайға апаруы мүмкін. Әсіресе, бұл тексеріс жастарға, соның ішінде шаңырақ көтерердің алдында қажет. Сонымен, бұл мәселеге көптің бейжай қарауына не себеп? Бәлкім, генетикалық тексерісті заң жүзінде міндеттеген дұрыс па? Ұрпақ саулығы сезіктендіреді Қазақстанда некеге тұрар алдында медициналық, соның ішінде генетикалық тексеруден өту міндеттелмейді. Қоғамда отау құрған жастардың тексерістен өту үрдісі әлі қалыптаса қойған жоқ. 2019 жылы Денсаулық сақтау министрлігі некеге тұруға ниет білдірген жастардың шамамен 10-20 пайызы ғана генетикалық және медициналық тексерістерден өтетінін мәлімдеген. Әйтеуір, бірнеше рет мінберлерде бастама айтылды. 2013 жылы дәрігерлер медициналық, генетикалық тексерістен өтуді міндеттеу жөнінде құжат әзірлеуге септескісі келген. Ұрпақ саулығы үшін мұндай заңның тиімді екенін алға тартқан дәрігерлер отбасын құруға ниет еткен азаматтарды, әсіресе ВИЧ инфекциясына анализ тапсыруға міндеттеуді ұсынды. Алайда бастама қолдау таппады. Рас, генетикалық тексерістен өту жалпы қоғамға болмаса да, көпшілікке әлі де жат құбылыс тәрізді көрінеді. Мамандар тексерістің бұл түрі халықтың келешек саулығына қажет екенін айтады. Мысалы, Ноттингем университетінің түлегі, генетик ғалым Болат Сұлтанқұлов тексерістің бұл түрі ұрпақ саулығында ғана емес, мемлекеттің денсаулық сақтау саласында да маңызы зор екенін айтады. – Жастарға шаңырақ көтерер алдында генетикалық тексеріс қажет. Генетикалық аурулардың статистикасы ауыз толтырып айтатындай көп емес. Бірақ күрделі мәселе. Менің байқағаным, тіпті шаңырақ көтергелі отырған жастар бір-біріне мұндай нәрселерді айта бермейді, кейбірі білмейді де. Генетикалық тест ең әуелі Денсаулық сақтау министрлігіне қажет. Халықтың ішінде қаншама адамның гені өзгеріске ұшырап жатыр, қай аурулар қаржы бөліп емдеуді қажет етеді, осы секілді деректерді сақтап отыру керек. Гені өзгеріске ұшырап жатқан адам сау секілді жүре береді, бірақ кездескен жұбында да гендік өзгерістер болса, ауру бала дүниеге келеді, – дейді. Ал акушер-гинеколог Салтанат Сарина жастар өз денсаулығына бейжай қарап, соның салдарынан туабітті дертке шалдыққан балалар дүниеге келетініне алаңдайтынын жеткізді. Жас жұбайлар неке құрмас бұрын генетикалық тексерістен өткені абзал. Себебі көп жағдайда тұқым қуалайтын аурулары барын білмей, сәбилері туабітті ауру болып жатады. – Тұқым қуалайтын ауруларға тек генетикалық тұрғыдан қарауға болмайды. Физиологиялық, экологиялық, инфекциялық факторлардың да әсері бар. Сол үшін келешек ата-ана болатын жастарға дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ болуды ұсынар едім. Бірақ жастардың басым бөлігі бұл кеңеске құлақ аспайды, – деді. Алдын ала тексерістің болмауы кей кезде отбасылық жанжалды да тудырады. Қалай дерсіз? Қазақстанда бедеулік не белсіздіктің нақты статистикасы жоқ, тек 15 мың шамасында деп болжанады. Оның 15 пайызын жас жұбайлар құрайды екен. Сәби сүйе алмаған отбасылар осыдан кейін ұрыс-керіске барып, ақырында ажырасып жатады. Бұл орайда шаңырақ көтеруге ниет еткен жастардың алдын ала генетикалық және медициналық тексерістен өтпеуі де себеп болып отыр. Өйткені генетикалық жағдай сәйкеспесе де жағдай күрделенеді. Ақпараттық қорғаныс жағын ескермейміз Әуелі заңдық тұрғыдан қарастырар болсақ. Еліміздің «Неке және отбасы туралы» заңында некелесетін азаматтарды медициналық тексеру туралы жазылған. Алайда ол жұбайларды дәрігерге қаралуға міндеттемейді. Оның есесіне заңда қауіпті ауруын жасырып, өзгелерге жұқтырған азаматтар Қылмыстық кодекстің 117-бабы бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны айтылған. Ал ҚК 118-бабында қауіпті ауруын екі азаматқа немесе кәмелетке толмаған адамға жұқтырғандар 8 жылға дейін түрмеге қамалатыны көрсетілген. Біз айтып отырған некеге тұрмас бұрын генетикалық немесе медициналық тексеруден өтуді міндеттейтін заңнама жоқ. Әйткенмен, мұндай заңның болғанын құптамайтын азаматтардың қарасы көп болары анық. Әрине, олардың да пікірі дәйексіз дей алмаспыз. Өйткені бұл заң бір жағынан қарағанда жұбайлардың жеке мәселесіне араласатындай көрінеді. Жастар өз арасында бәрін келісіп жасаса жеткілікті, бірақ оны ескеретіндер бола қоя ма? Дегенмен генетик Болат Сұлтанқұловтың пікірі мүлде басқа арнада. Оның ойынша, жас жұбайларға генетикалық тестті өткізуге міндеттейтін заң жобасы дайындалуы керек. – Ақпараттық қорғаныс генетика саласында да бар. Ауруын әр адам өзі ғана білуі тиіс. Өйткені соңғы жылдары әлемде генетикалық тексерістер арқылы криминалдық шабуылдар жасалады. Егер әр адамның генетика жағынан жеке дерегін сақтай алатын заң болса, некеге тұрмас бұрын азаматтарды генетикалық тесттен өтуге міндеттегенін құптаймын, – дейді маман. Сөздің жаны бар, бірқатар әлем елдері жастардың некеге тұрар алдында генетикалық, медициналық тексерістерден өтуін заңды түрде міндеттейді. Шаңырақ көтеруді шешкен жұп дәрігерге қаралып, бойында сырқаты бар-жоғын және генетикалық тексерістер арқылы дені сау бала туу мүмкіндігін болжайды. Сондықтан неке тіркейтін органға медициналық тексеріс қорытындысын өткізу қажет. Онсыз неке қия алмайды. Мұндай тәжірибе көршілес Өзбекстан елінде де бар. 2004 жылы қолданысқа енгізілген заң жобасы бойынша жастар денсаулығын тексертіп қана қоймай, бір-біріне туыстығы жоқ екенін растайтын анықтамасы болмайынша отау құра алмайды. Туыстығы жоқ екенін растайтын анықтама жайы сөз болғанда қазақ халқының жеті атадан қыз алыспайтын салты ойға түседі. Өзбек жұртының бұл қадамға барып, аталған заң жобасын шығаруына елдегі туабітті ауруға шалдыққан балалардың көбеюі себеп болғандай. Соңғы онжылдықта әлемнің көп мемлекетінде донорлық ұрықтандыру белең алды. Мұның Қазақстанда да ақырындап қарқын алып жатқанын байқап жүрміз. Бұл жайды неге айттық? Осы орайда қанның тазалығы, туыстық некенің тіркелуі қаупін ескеріп, ұрық донорлығынан үзілді-кесілді бас тартқан елдердің тәжірибесінде ескермеске болмайды. Яғни, тағы да генетикалық тексеріс мәселесіне тап боламыз. Сол себепті Жаңа Зеландия, Аустралия, Қытайда бір ұрықты әрі кетсе 4 немесе 5 адамға қолданады. Түркияда донор адам міндетті түрде өз туысы болу керек деген талап бар. Тек АҚШ пен Канада ғана 800 мың тұрғыны бар аймақта бір адамның ұрығынан 25 баланы өмірге әкелуге рұқсат еткен. Қорыта айтқанда, шаңырақ көтерместен бұрын генетикалық тесттен өтуді заң жүзінде міндеттеуді құптайтын да, қажет санамайтын да жандар жетерлік. Сондықтан біржақты пікір айтудан аулақпыз. Әзірге бұл мәселе жас жұбайлардың еркіне қалып отыр. Дегенмен денсаулық сақтау саласының мамандары бұл мәселені тағы бір зерделеп, маңызына үңілгені абзал секілді.