Жер мен көктей: Торғайдың кешегісі мен бүгіні

Жер мен көктей: Торғайдың кешегісі мен бүгіні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында елімізде бірнеше облыстың құрылатынын атап өткен еді. Сөйтіп, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары ашылатын болды. Бұқара бұл шешімді қуана қабылдағаны да рас. Өйткені жаңа аймақтарды бұрын жабылып қалған Семей, Жезқазған, Талдықорған облыстарының қайта қалпына келуі деп бағалаушылар мол еді. Бәлкім, содан да шығар, бұрынғы Торғай облысында дүниеге келген азаматтар да тарихи мекеннің қайтадан облыс болып құрылғанын қалайтынын байқата бастады. Медиада, әлеуметтік желілерде Торғай облысын қайта қалпына келтіру туралы ойлар жиі айтылып жүр. Әрине, елдің аумақтық-әкімшілік бөлінісіне өзгеріс енгізу мәселесі оңай-оспақ дүние емес. Мұқият зерделеу мен тиянақты көзқарасты қажет етеді. Дегенмен Aiqyn газетінің редакциясы Торғай өлкесінің жеке облыс болып құрылуын қалайтын азаматтарға да мінбер бергенді құп көрді.

РЕДАКЦИЯДАН

  Торғай десек, ең әуелі ілгерідегі Торғай облысындағы өмір белестерімізді, жастық шағымызды еске алып, жадырап қаламыз. Ал бүгінгісін көріп қыжынып, жүрегіміз сыздап қиналамыз. Енді ертеңгісі тағы да толғантып, тығырықтан шығар жол іздеп, қайраттанып қатуланамыз. Күпті болған көңілдің бұлты Торғай мәселесін тарқатпай тыншымас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстанымына сәйкес, жаңадан үш облыс ашылатынын жария етті. Құптарлық қадам. Дегенмен олардың қатарына «Тор­ғай облысы» ілікпей қалды. Осы Жолдау­дағы еліміздің Президенті айтқан «Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаң­ғыр­туға тиіспіз» деген сөздері Торғай өңіріне де тікелей қатысты емес пе еді? Торғай өңірінің еліміздің саяси өткел­деріндегі ерекше орны қазақ тарихында сайрап жатқаны бәрімізге белгілі. Басқасын былай қойғанда, сонау 1916 жылы Торғайда басталған Патша империясына қарсы көтеріліс, Амангелді батыр мен Торғай халқының ерлігі, қазақ елінің азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресіндегі ұмытылмас жарқын белестерінің бірі болды. Қазақ елінде білім мен ғылымның алғашқы шамшырағын жаққан Ыбырай Алтынсариннің, қазақ халқының рухани көсемі, ғұлама ғалым, түрік жұртының ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған Торғай жері осындай ұлылар өмірге кел­ген киелі өлке. Ендеше ол неге жаңғырту көшіне ілікпей тұр? Осы мәселеге орай Торғай халқы Мемлекет басшысына ашықхаттар жолдап жатыр. Ол хаттарға әзірге жауап жоқ, бірақ халық «Жаңару мен жаңғыру жолына» бастамашы болып отырған Қ.Тоқаевтан үмітті. Бұған байланысты «Торғай облысын ашуға бола ма, болмай ма, егер ашылатын болса, оған қандай әлеуметтік-экономикалық негіз бар, оның болашағы қандай болмақ?» деген сұрақтар туын­дайтыны сөзсіз. Енді бұл сұрақтарға жауап беру үшін Торғай облысының кешегісіне, бүгінгі жағ­дайына, келешегіне қысқаша тоқталайық. Кеше ғана еліміздің еңселі облыс­тарының қатарында тұрған, экономика­дағы үздік жетістіктері бар Торғай облысы қандай себептермен тарих сахнасынан екі рет ашылып, екі рет жабылып, жойылып кетті? Оған ненің әсері тиді? Тұшымды жауап жоқ. Бәрімізге белгілі, Торғай облысы халқы­мыздың кемеңгер басшысы Д.Қо­на­ев­тың бастамасымен 1970 жылы 23 қарашада ашылып, орталығы Арқалық қаласы болды. Құрамында Қостанай және Ақмола облысынан қосылған 9 аудан бар еді. 1970-1985 жылдары Торғай облысына Қазақстанның әр аймақ­тары­нан талантты жас басшылар жиылып, мыңдаған маман шақырылып, бұрын ешқандай ізі болмаған жаңа өнеркәсіп, құрылыс, көлік, байланыс, әлеуметтік салаларында өндіріс нысандары, олардың материалдық базалары салынып, жылдам қарқынмен дамып жатты. Мәселен, облыста ауыл шаруашылығы саласы басымдау болды. Жер көлемі – 11215,1 мың гектар, шабындығы – 257,7 мың, жайылымы – 6685,7 мың, егістігі 2370,6 мың гектар болатын. 112 кеңшар, 2 колхоз, 1 станса жұмыс істеп тұрды. 1971-1985 жылдары өнеркәсіп сала­сында Торғай боксит кен басқармасы (ТБКБ) бастаған зауыт, фабрикалар, халыққа тұрмыс, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдерін шығаратын көптеген жаңа кәсіпорын іске қосылды. Әрине, энер­гетика, тасымал, жол, байланыс, құры­лыс, сауда салалары, білім мен денсаулық, мәдени, қаражат, банк, сақтандыру салалары да жедел қарқынмен дамып, халыққа қызмет етті. Ал халық саны 1970-1990 жылдар арасында 223,3 мыңнан 301,3 мың адамға жетіп, 35,8 пайызға көбейді. Экономиканың барлық саласын­дағы жұмыс орны 88 мыңнан 121,8 мыңға артты, яғни 38,4 пайызға көбейді. Халық­тың тұрмыс деңгейі жақсарып, эко­номиканың барлық саласы қарқындап дамып жатты. Енді осы сөзіміздің дәлелі ретінде экономиканың негізгі салаларының көрсеткіштерін атап өтелік. Экономика­ның өсу қарқыны бойынша 1970-1990 жылдар аралығында ауылшаруашылық өнімдері 77,5 пайыз, 1980-1990 жылдары өнеркәсіп өнімдері 36,5 пайыз өскен. Торғай облысында Қазақстандағы бидайдың ең сапалы сорттары шықты. 1970-1990 жылдары ет өндіру 73,3 пайызға, сүт өнімдері 86,3 пайызға артқан. Торғай облысы Қазақстандағы боксит рудасының 60-80 пайызын өндіріп отырған. Жоғарыдағы көрсеткіштер Қазақ ССР-нің Статистика комитетінің 1970-1990 жылдардағы ресми ақпаратынан алынды. Сондықтан оны ешкім жоққа шығара алмайтыны ақиқат. Тағы мынадай мәселеге көңіл аударсақ. Торғай боксит кені басқармасы (ТБКБ) 1980-1985 жыл­дары КСРО кеңістігінде боксит кенін шығару, оны өңдеу технологиясын жақсартып, алға шықты, Сөйтіп, елдегі ең сапалы боксит шығарушы атанды. Осыған байланысты болар, 2000 жылы Торғай боксит кені басқармасы Женевада жоғары сапалы боксит өнімі үшін International Star Award Geneva халықаралық мекемесі­нің «Алтын жұлдыз» таңбасымен марапат­талған. Міне, мұндай жетістіктер сол 1970-1985 жылдардағы жасампаз Торғай халқының, аттары қазақ тарихында қал­ған айтулы мемлекет қайраткерлері С.Құсайынов, Е.Әуелбеков бастаған Ө.Жәнібеков, Ю.Трофимов, Қ.Тұрысов, М.Сағдиев сияқты талантты басшы­лардың, көптеген облыстық мекеменің іскер азаматтарының ерен еңбегінің нәтижесі екені баршамызға белгілі. Тор­ғай облысы егер 1987 жылы жабылмағанда жеткен жетістіктері бұдан да көп болуы мүмкін еді, облыстың жабылуы барлық салаға кері әсерін тигізді. Сонымен, Торғай облысы Қазақстан Жоғарғы кеңесі Президиумының 1988 жылғы жарғысымен жабылған кезде ешқандай дағдарысқа ұшырамаған облыс болатын. Сондықтан «Торғай облысы құлдырау жолына кезігіп, болашағы болмаған соң жабылды» деген жалған пікірмен келіспейміз. Экономикалық тұрғыдан Торғай облысын жабуға ешқан­дай негіз болмағанын жоғарыдағы көр­сет­кіштер толығымен дәлелдейді. 1990 жылы Торғай облысы қайта ашылды. Бірақ 1997 жылы тағы жабылды. Қайта жабылуына себеп болған жайларға тоқталайық. Біріншіден, 1988 жылғы облыстың жабылуы әлеуметтік эко­номикалық үрдіске үлкен соққы болды. 10 мыңнан астам жұмыс орны қысқарып қалды, көптеген өндіріс орны, мекемелер тоналып, талан-таражға түсіп, жойылып кетті. Бұрынғы Торғай облысының экономикасын көтерген облыс басшы­лары, талай қиындықты жеңіп шың­далған, таптырмас тәжірибе жинаған маман­дар, өндіріс жетекшілері, іскерлер Алматы қаласына, басқа да облыстарға кетті. Бірақ осындай қиындықтарға қарамай Торғай облысы қайта құрылған 1990 жылдың қорытындысына көз салып, 1985-1987 жылдармен салыстырсақ, облыстың экономикасындағы негізгі салаларда тоқырау болмағанын көреміз. Бірақ бұл үрдіс ұзаққа бармады, бір-екі жылдан соң барлық салада құлдилап, құлау басталды, соңы 1997 жылы облыстың қайта жабылуымен тынды. Мұндай күтпеген күйзеліске тағы да Кеңес мемлекеті құлаған соң нарықтық экономикаға өту кезеңінде жіберген стратегиялық тұрғыдағы қателіктер себеп болды. Басталған реформалар мемлекет­тік және ұжымдық меншіктерді тез арада жоюды басты мақсат тұтты. Ақыры жап­пай жекешелендіру саясатынан туындаған ауыр күйзеліске әкелді. Әрине, жекеше­лендіру біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселенің тақырыбы емес, сондықтан біз жекешелендіру саясатының кейбір нәти­же­сіне қысқаша ғана тоқталып, оның өңірлер, соның ішінде Торғай облысының болашағына қалай балта шапқанын оқырмандарға жеткіздік. Мысалы, 1992-1995 жылдар арасында Торғай облысында 119 кеңшар таратылып, 1995 жылдың соңында 7 госхоз, 2 колхоз қалды. 1 465 шаруа қожалығы, 7 акционерлік ұжым, 141 кооператив құрылды. Былай қара­саңыз, жекешелендіруді мақсат тұтқан шенеуніктер үлкен жеңіске жетті. Аз уақытта мемлекет меншігіндегі кең­шарлар, орта және кіші кәсіпорындар жекеге таратылып берілді. Торғай облысының 1995 жылдың Мемлекеттік статистика жөніндегі коми­тетінің ақпаратынан алынған көрсеткіш­терін 1990 жылмен салыстырсақ, егін шаруашылығы бойынша жер көлемі өзгермеген жағдайда, бірақ егін өнімдері­нің жалпы көлемі 72,5 пайызға құлдырап кетті, жиналған бидай көлемі 68,3 пайызға азайды. Мал шаруашылығында қой-ешкі саны 51,2 пайыз, ірі қара – 30,5 пайыз, ет – 49,7 пайыз, сүт өнімдері – 13,8 пайыз, жұмыртқа 92 пайызға азайды. Өнеркәсіп саласында 71,0 пайыз өндіріс орындары, керамикалық фабрика, мебель шығара­тын цехтар, мал шаруашылығы үшін машина жасайтын зауыттар жойылды. Темір-бетон өнімдері 97,3 пайызға құла­ды. Экономиканың негізгі салаларындағы осындай бұрын-соңды болмаған құл­дыраудың салдарынан халықтың тұрмыс жағдайы да күрт төмендеді. Енді ауыл халқының, аудандардағы күнкөріс жағдайына бүгінгі күннің биігінен көз салсақ. Бұрынғы Торғай облысының құрамына кірген терри­торияның 2020 жылғы тынысын 1990 жылмен салыстырсақ. Адам саны 57,4 пайызға азайған, ал орташа жалақы146 599 теңге – 30,6 пайызға төмендеген. Бұл 2020 жылғы республикалық деңгейден (213 003 теңге) 31,2 пайызға кем. Бізде субсидиясыз күн көре алмайтын жарымжан, коррупция жайлаған ауыл экономикасы жасақталды. Ауылға қаржы­лай қолдау көрсететін мемлекеттік агробанк, негізгі клиенті кеңшарлар, өндіріс ошақтары жекешелендіруге ұшырап таратылған соң олардың несие­лері қайтарылмай, банкроттыққа ұшырап, жойылып тынды. Оның орнына коммерциялық құрылымдар, жүздеген кредиттік серіктес құрылып, ауыл экономикасын 20-30%, екінші деңгейлі банктер 14-15 пайыздық несиемен жаныштап жатыр. Сондықтан ауыл шаруашылығына берілетін субсидияның 60-70 пайызы осы кредитті арзандатуға жұмсалып, қыруар қаражат шаруа қожалықтарын көтеруге емес, аталған қаражат делдалдарына беріліп, соларды және қаражат бөлуші шенеуніктерді байытты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Қазақстан хал­қына Жолдауында «Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жарты­сынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр» деп атап өткені белгілі. Осы талан-таражға кеткен 1,0 трлн теңгеге (2,4 млрд АҚШ доллары) ауыл шаруа­шылығына қызмет істейтін бір емес, екі мемлекеттік банк құруға болатын еді. «Осы жағдайды қазір жасауға бола ма?» деген сұраққа келсек, банк саласының маманы ретінде әбден болады деп айта аламыз. Себебі Қытай, Вьетнам осы саясатты ұстанып, кешегі аш-жалаңаш ауыл халқының табысын тасы­тып, қала тұрмысына жақындатып, дүниежүзіне өнеге көрсетіп отыр. Бұл – біз үшін аса керекті тәжірибе. Енді Торғай облысын ашу мәселесіне, Торғайдың ертеңіне тоқталайық. Қазір Торғай өңірінің мәселесін шешуде, Парламент депутаттары арасында, әлеу­меттік желіде бірнеше нұсқа ұсынылып, көпшілік таразысына түсіп жатыр. Осы ұсыныстардың біріншісі және ең жеңілі Қостанай облысының атауын өзгертіп, «Торғай облысы» атына өзгерту ұсынысы. Бірақ Қостанай қаласынан 550-650 ша­қы­рым қашықтықта орналасқан аудан­дарға облыстық билік ерекше жағдай туғызып, жарылқайды дегенге кім сенеді?! Біз соңғы 30 жылда талай облыс, аудан, қаланың атауын өзгерттік, бірақ ол атау өзгерістері дамудың басты шарты болған жоқ, оған басқаша тұрғыдағы шаралар – көлемді қаражат, жанашыр көзқарас қажет. Аты өзгергенімен, затының өзгеруі екіталай екенін білеміз. Ең негізгі нұсқа – Торғай облысының ашылуы. Өңірлерді көтерудің тура жолы – билікті халыққа жақындату. Сонда ғана екі жасампаз күш бірігіп жеңіске жете алады. Қазіргі нарық заманындағы негізгі даму процесінің құдіреті қомақты қаражат, халықтың саны және территория. Торғай облысының келешегіне көз салайық. Бірінші байлық, әрине Торғайдың халқы, екіншісі территориясы, оның жерүсті және жерасты байлығы. Торғайда жер көлемі, шабындығы, жайылымы мол, егістігі ғана 2370,6 мың гектар, бұл – мол табыс көзі. Басқасын айтпағанда, тек 2,0 млн гектар егістік жерден орта есеппен гектарына 11 центнерден бидай алсақ, 2200,0 мың тонна бидай жиналады. Қызылорда облысының ауыл өнімінен 3,4 есе көп. Ал қазіргі бидай нарығындағы фьючерстік баға 1100,0 доллар/тонна, олай болса, бидайдан түсім 1694,0 млн АҚШ доллары болмақшы. Өндіріске келсек, Арқалық қаласының алқабында боксит кені әлі сарқылған жоқ. Отқа төзімді балшықтың зор қоры қалды, ол жерде мыс, скандий, иттрий, лантан, неодим, празеодим бар. Жаңа-Аркалық кенінде қорғасын, иттрий, мыс, цинк, кадмий, алтын, күміс, қалайы (олово), ниобий, галлий, литий және тұр. Сондай-ақ Торғай өңірінде туризм өзі сұранып тұрған сала, автожол, әуе­қатынасының, транзиттік әлеуетінің де келешегі зор. Осындай табиғи байлығы ұшан-теңіз өлкеде ауыл жерін қалпына келтіріп, кен орындарының көзін ашып, тұрғын үй, керекті әлеуметтік нысандар, «Торғай–Ырғыз», «Астана – Арқалық» автожолдарын салып, инвестиция құйылса, мыңдаған жұмыс орны ашылары сөзсіз. Тағы бір маңызды мәселе, Үкімет шенеуніктері Торғай облысын ашу мәсе­лесін сараптау кезінде халық санының аздығын, бюджет қаражатының тапшы­лығын желеу етіп, шығатын қаражат шығыны тиімсіз деген қорытындыға келіп, өлкенің болашағына сенбеуі мүмкін. Егер жаңа облыстар ашылатын өңірлерде адам саны көп болып, басқа әлеуеті жоғары болып тұрса, облыс ашудың қанша қажеттілігі бар? Жаңа облыстарды жағдайы ең төмен Торғай сияқты аймақтардан бірінші бастаған жөн. Торғай өлкесінде адам санын қалай көтеру туралы ойымыз шенеуніктерге де, жалпы жұртқа да түсінікті болар деп ойлаймыз. Рас, бұл мәселені шешуге мол қаражат керек. Жорамал есеп бойынша, жаңадан облыс ашу үшін 0,6-1,0 млрд АҚШ дол­лары көлемінде қаражат бөлінсе жеткі­лікті. Мысалы, 2021 жылғы Ақтөбе облысы бюджетінің жалпы шығыны 383,1 млрд теңге (899,2 млн АҚШ доллары) болды. Ал ашылған облыстың келешекте дамуына қажетті қаражат арнаулы трансферттермен, жеке сектор алатын кредит, инвестиция есебінен толығады. Бұл – келешектің еншісіндегі шаруа. Облыс ашуға ағымдағы бюджетке ауыр салмақ салмай шешетін жолдар да жоқ емес. Егер бюджетте қаражат жетпейтін болып тұрса, Үкімет 10-20 жылға облигация шығарсын, оны Ұлттық банкке беріп, Ұлттық банктің өзінен төменгі пайызбен кредит алуға болады. Немесе Ұлттық қор және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беріп, оларға тиімді үстемеақымен керекті қаражатын алып, Торғай облысының ашылуына және дамуына, инфра­құрылымдар транзиттік жол салуға пай­да­лансын. Шетелден арнаулы инвестиция күтіп, халқы аз, саяси салмағы жеткіліксіз мемлекеттерді менсінбейтін халықаралық алпауыт банктерге қол жайып отыратын қайыршылық дәстүрді қойған абзал. Егеменді еліміздің құқықтық дербестігін толығымен іске қосу қажет. Біз айтып отырған қаражат көздері ешқандай жаңалық емес, мұндай операцияларды құнды қағаз нарығында АҚШ, Еуроодақ елдерінде, басқа елдер де орталық банктері мен үкіметтері жиі жасап жүр. Бізде де мұндай тәжірибе бар, оған ешкімнен рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Егер ашылған облыстың даму процесін дұрыс жолға шығарсақ, қазіргі жаһандық нарықтағы сұраныстың, бағаның ұдайы өсу жағдайында алынған қаражатты толығымен, тіпті артығымен қайтаруға мүмкіндік туатыны шүбәсіз. Қазір ауыл халқы өз басындағы өмір тәжірибесімен ауылдағы ауыр жағдайдың неден туындағанын бізден де тереңірек сезінері белгілі. Ал Торғай мәселесі, бұрын облыстың жабылуы осы жоғарыда айтылған ұшқары саясаттан болғанын ешкім теріске шығара алмасы хақ. Осылайша, Торғай өңірін де құтты мекенге айналдыра аламыз. Қорыта айтқанда, Торғай облысы ашылсын деген халық талабына билік қолдау көрсетеді деп сенеміз. Егер осы тілекке сәйкес шешім қабылданса, мұндай әділ шешімнің елге де, Торғай халқына да, билікке де тиімді боларына ешқандай күмән жоқ.

Ғалым БАЙНАЗАРҰЛЫ, қоғам қайраткері