Отандық тауардың шетелдік шикізаты
Отандық тауардың шетелдік шикізаты
464
оқылды
Елімізде кезекті отандық тауар өндірушілердің ең ірі ULTTYQ ÓNIM көрмесі өтті. Мұндағы тамақ өнер­кәсібінен бастап, құрылыс, жиһаз, киім-кешек, арнайы техника мен жаб­дықтар, кәдесый мен полигра­фия, химия өнеркәсібі, қолөнер және тағы да басқа саладағы тауарларды көріп, қуандық. Жиында импорт алмастыру жайына да мән берілді. Әйтсе де, әдемі көрменің сыртында кластерлік мүмкіндіктердің әлсіздігі бар-ау деген бір түйткіл көңілімізде тұрып қалғаны рас. Мемлекеттен қолдау көргендер көрмесі VI ULTTYQ ÓNIM көрмесі елімізде 2015 жылдан бері өтіп келеді. Ұйымдас­ты­рушысы «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры болғандықтан мұнда көп ретте мемлекет­тен қолдау алған отандық микро, шағын және орта бизнестің 350-ден астам өкілі қатысты. Павильондарды аралау бары­сында біз күнделікті тұтынып жүрген кей­бір өнімдердің Қазақстанда шығатынын біліп бір таңғалсақ, бұрын білмеген өнім­дердің елімізде бар екенін көріп тағы таң­дандық. Мәселен, Шымкентте балалар ойын­шығын шығарады екен. Ал Қараған­дыда энергияүнемдегіш жарық диодты шамдар құрастыратын компания бар. Инновациялық жоба Қазақстанның аймақтарды Индустрияландыру картасына енген. Әрине, мұндай экспозициялық ша­раның кәсіпкерлерге берері зор. Үш күнге созылған ULTTYQ ÓNIM алаңында кә­сіпкерлердің оның жарнамалық әлеуе­тінің арқасында тұтынушылардың кең ауди­ториясына одан әрмен таныла түскені рас. Әйтсе де, ірі көрмеде тек мемлекетпен бай­ланысты отандық тауар өндірушілердің қамтылғаны мұндағы картинаны толық ашады деп айту қиын. Өйткені мұнай-газ, машина құрастыру, радиоэлектроника сынды тағы да басқа қабырғалы салалар­дың қалыс қалғаны анық. Сондықтан да «Қазақстанда жасалған» марканы қолдау тек мемлекеттік аяда шектеліп қалмай, іс­керлік қатынастың барлық мүмкіндігін паш етуге арналғаны абзал. Бұл көрменің бүгінгі болмысы кемшін дегенді білдір­мейді. Өйткені Үкімет басшысының өзі келіп ашып, ірі банктер мен қаржы ұйым­да­рының басшылығы бизнеспен әріптес­тікке мүдделілік танытып, мұндағы мәсе­лені ортақ талқылап жатқаны ниеттестік риториканың жаңаша сипаты барын бай­қатады. Мәселен, көрме аясында қар­жы саласының мамандары кәсіпкер­лермен конференция залында кездесіп, қаражат жағынан қолдау бойынша түрлі ұсыныстар мен мүмкіндіктерге дайын екенін мәлімдеді. Ал Премьер-Министр Әлихан Смайылов өз кезегінде импорт алмастыру жайына тоқталды. «Импортты алмастыру – кәсіпкерлер үшін даму әлеуеті зор бағыттардың бірі, тек өңдеу өнеркәсібіндегі импорттың үлесі өткен жылы $38 млрд-ты құрады. Бұл біздің отандық өндірушілерге өз ісін да­мытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне инвестициялар бағыттау үшін үлкен мүм­кіндік береді. Бүгінде Үкімет 717 инвес­ти­циялық жобаның пулын құрды, олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге сомасына импорт­ты алмастыратын жобалар. 2022 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осындай әр жобаның айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамитын болады», — деді ол. Үкімет басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау шараларын жүзеге асыру аясында соңғы 5 жылда шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27 пайыздан 35 пайызға дейін ұлғайған. Бизнеске әкім­шілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік беретін Кәсіпкерлік саласындағы реттеу­шілік саясат жөніндегі заң қабылданған. Бизнес жүргізу және нарықтағы монопо­лияларды жою үшін бәсекелестік аясын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Отандық компаниялардың квазимем­ле­кеттік сектордың сатып алуына қол жет­кізуді жеңілдету бағытында белсенді жұ­мыс жүріп жатыр. Өз сөзінде Премьер-Министр шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге Мемлекет басшы­сы енгізген мораторий елімізде бизнес жүргізуді жеңілдеткенін атап өтті. Тұрмыстық химияға кластер керек Көрмеге қатысқан көптеген кәсіпкер­лерді әңгімеге тартқанымызда, бір мәсе­ленің құлағы қылтиғаны рас. Ол аты отандық тауардың шикізатының шетелден тасылатыны. Мәселен, тұрмыстық химия өндіруші кәсіпкерлер дайын өнімдеріне қажетті компоненттердің 90 пайызын сырттан әкеледі екен. «Біз тұрмыстық және автохимия тауарларын шығарамыз. Соның ең азы канистр, плафон, дозатор ыдысына дейін Ресейдің Новосібір қаласынан әкелеміз. Ал тіпті кейбір кәсіпкерлер сыртындағы заттаңбасына дейін сырттан алдырады. Пластмасса ыдысты өзімізде де Алматыда өндіретін цехтар бар. Бірақ сапасы нашар – тасымал кезінде немесе пайдалану уа­қытында тығыны босап, өзі жарылып ке­тіп жатады. Біз сәл қымбат болса да бағасына қарамай Ресейден алдырып жүр едік, бірақ қазіргі салынған шектеулерге байланысты, сапасы сын көтермейтін болса да әзірге қазақстандық ыдыстарды алуға мәжбүрміз. Бірақ шектеу алынса, қайтадан алдыратын ниетіміз бар. Ал тазалау сұйықтықтарының құрамдас бө­ліктерінен тек тұзды Аралдан, ортофосфор қышқылын Жамбылдан, натрий гидрох­лоридін Павлодардан, мәрмәр ұнын Те­келі­ден аламыз. Бұлар тек қоспа есебіндегі заттар. Ал негізгі құрамға жататын 75 пайыз­дық содиум лаурил натрий сульфаты (SLS), битоин, глицерин, алкил полиг­ли­козид (APG), кокос майы сынды тағы да басқа көптеген заттардың барлығы дерлік Қытай мен Ресей және еуропа елдерінен келеді. Көп көлемде көтерме түрде алды­рып жатырмыз. Қазақстаннан алдыратын­дардың кейбірінен сапасы нашар болған­дықтан бас тартып, шетелден тасып жа­тырмыз», – дейді «Профхим» компаниясы­ның директоры Владимир Мироненко. Владимир Юревичтің айтуынша, химия өнеркәсібін дамытып, мұндағы тауарлардың құрамдас бөліктерін өзімізде шығарған құба-құп болар еді. Оған елімізде ресурстық мүмкіндіктер жеткілікті. Соны­мен қоса, елімізде бар өнімдердің өзінің сапасын арттыра түскен абзал. Бір сөзбен айтқанда, тұрмыстық химияға кластер керек. Локализация 70 пайыз болуы қажет Мамандардың пікірінше, импорт ал­мас­тыру дегеніміз, ішкі өндірістің әлеуетін көтеруден басталады. Бұл дайын тауардың құрамдас бөлігіне дейін өзімізде өндірумен байланысты. Мәселен, елімізде кезінде «мақта кластері» деген болды. Мұнда дайын текстильдік өнімді мақтаны еккен­нен бастап, оны жинау, өңдеу, жіп етіп иіру, тоқыма және дайын мата етіп шығаруға дейін жолға қою жолы қарастырылды. Осының барлығын оңтүстік өңірде шоғыр­лан­дырып, жеңіл өнеркәсіпті дамытамыз деген ұранды науқан бүгінде су аяғы құр­дымға кеткендігін барлығымыз да көріп отырмыз. Ендеше бүгінгі күн шындығы сол кластер мәселесіне қайта әкеліп отыр. «Біздің сорымызды қайнатып отырған мәселе, шенеуніктердің Үкімет алдында есеп берген кезіндегі статистикасының жалғандығы. Олардың отандық өнім деп жасап жатқан нәрселеріне көп ретте сырт­тан әкеліп жинап-құрастырып, «Қа­зақ­станда жасалған» деп марка қоюында. Мә­селен, Ақтауда арнайы экономикалық аймақта жасалған «Аққу» планшетінің 100 пайыз шетелдік компоненттердің жиын­тығы екендігі осыған дәлел. Сондықтан да біз бір өнімге кететін шикізаттың жоқ де­генде 70-75 пайызын өзімізде өндіруге бі­рін­ші кезекте қол жеткізуміз керек. Қандай өнім болмасын локализация 70 пайызы жергілікті жерден болуы тиіс. Ал біз­де керісінше, солтүстік пен шығыста өн­дірі­летін автоөнеркәсіптің 75 пайызы шет­тен келеді. Біз мұндай саясаттан түбе­гейлі бас тартуымыз қажет. Сондықтан да, мұндағы қадағалау жұмыстарына азамат­тық қоғам өкілдерін тартқан дұрыс. Ол тек импортал­мастыруға қатысты емес, барлық салада да солай. Көзбояушылықтан ары­лып, қо­ғамдық ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға оларды тексере алатын құзырет тетігін беру керек. Өйткені бұл ең бірінші ке­зекте экономикалық қауіпсіздік мәсе­лесі», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов. Мамандардың айтуынша, Қазақстан өз дамуында өндіруші ел деңгейінен өтті. Экономикалық эволюция жолымен шикізатты сатып үйрендік, енді өңдеуші секторға кең мүмкіндіктер ашуымыз қажет. Сондықтан да, ULTTYQ ÓNIM көрмесі мемлекеттік қолдаумен өткені бұл қадамның басы болса керек. Өйткені бизнеске мемлекеттің қол ұшын созуы – мұндағы тәуекелді бірге бөлісуге дайын екенін білдіреді. Әйтсе де, бизнеске аяқтан тұрып кеткенше ғана көмектесіп, одан соң нарық талабына сілтеп, еркіне қоя берген абзал. Әйтпесе, «инкубациялық» жүйенің «жылыжайлық» жағдайы бәсекеге қабі­леттілікке нұқсан әкелмек. Ендеше, келесі көрмеден тек мемлекеттік емес, инвес­тициялық жобалардың да жарқын үлгі­лерін күтеміз.