Бір көзден сатып алу сезік тудырады
Бір көзден сатып алу сезік тудырады
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
354
оқылды
Бүгінде қоғам өмірінің қай саласы болмасын мемлекеттік са­тып алу рәсімімен байланысты. Мемлекеттік мекемеге қажетті құрылғыларды, қызмет түрлерін иемдену дәл осы тетік арқылы жүзеге асады. Әйтсе де, бюджеттің қаржысы молынан игерілетін салада сыбайлас жемқорлық тәуекелі тым жоғары. Кө­біне қызмет көрсетушілер тапсырыс берушілерге талабын жұм­сартып, қызмет ақысын кедергісіз аударғаны үшін «сыйа­қы» беріп жатады. Кейде мемлекеттік сатып алуды жүргізетін меке­мелердің басшылары да кәсіпкерлерге «салық» салатыны бар. Президент те мемлекеттік са­тып алу рәсіміндегі мәселе­лер­ге ұдайы назар аударып ке­леді. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл мәселелері жө­ніндегі кеңесте сөйлеген сө­зінде Мемлекет басшысы сы­байлас жемқорлық пен ысырап­шылдық көп жыл бойы бюд­жет­ті игерудің барлық кезеңінде байқалып отырғанын ашық айтты. Сол жиындардың бірінде Президент мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың барлық жүйесін қайта қарауды тапсырғаны есте. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі төра­ғасының орынбасары Ұлан Сар­құлов та бюджет шығыс­та­рының 30 пайызы тиесілі мем­лекеттік сатып алу секторында бармақ басты, көз қысты әре­кеттердің көбеймесе, азайма­ғанын алға тартады. Оның айтуынша, елдегі мемлекеттік сатып алуларға жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемі 4 триллион теңгеге тең. Осыдан-ақ қызмет көрсетушілер мен тапсырыс берушілердің жолын тауып, бюджет қаражатына мейлінше молынан қол салуға құштарлығын түсінуге болады. «Бұл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі құрылымында ша­мамен 5 пайызын құрайды. Бұл нарыққа айтарлықтай әсерін тигізді. Бюджет қаражатының мұндай айналымы мемлекеттік сатып алу жүйесінің сыбайлас жем­қорлық тартымдылығын арт­­тыра түсті. Сыбайлас жем­қор­лық фактілерінің әрбір бе­сіншісі дәл осы салада жаса­лады. 2020 жылдан бастап 2022 жылдың 1 тоқсанына дейін 418 қылмыстық іс аяқталды, олар бойынша 162 адам соттал­ды», – деді Ұлан Серікұлы. Агенттік төрағасының мә­лімдеуінше, мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмысты анық­тау қиын. Әрі оның әдіс-тә­сілдері де жыл санап күрде­лене түскен. Әсіресе, бір көзден са­тып алу тәсіліне жүгінетін­дер­дің қарасы қалың. Алайда тап­сырыс берушілер көбіне бұл тә­сілге тек зияткерлік меншік­тегі нысандарды сатып алуда ғана иек артатынын айтып өз­деріне шаң жуытпайды. Десе де, бір көзден сатып алуды құп кө­ре­тіндер де Сыбайлас жем­қор­­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің қатаң бақылауында. «Бір көзден сатып алуда жо­ғары сыбайлас жемқорлық тәуе­келдері бар. Қолданыстағы заң­намада тікелей шарт арқылы сатып алудың 47 негізі көздел­ген. Қысқарту үрдісіне қарамас­тан, мұндай сатып алулардың үлесі әлі жоғары. Кейбір өңір­­де сатып алудың төрттен үш бөлігі бәсекеге қабілетсіз тәсіл­мен өткізіледі. Мысалы, 2021 жы­лы Түркістан облысында мем­­лекеттік сатып алуға қарас­ты­­рылған 324 млрд теңге­нің 232 млрд теңгесі осындай жол­­мен игерілген. Мұндай са­тып алу­дың жарқын мысалы – зият­керлік меншік объектілерін сатып алу. Заңнамада авторлық құқық куәлігін алуға ешқандай шектеу жоқ. Осы сылтаумен сце­нарий жұмыстары, компью­терлік бағдарламалар, ескерт­кіштердің эскиздері тіркеледі. Осылайша, бір көзден сатып алуды ұйымдастыру үшін қол­дан жағдай жасалады», – дейді агенттік төрағасының орын­басары. Зияткерлік меншікті сылтау етіп, авторлық құқықты тіркеп, бір көзден сатып алудың мыса­лын, әсіресе цифрландыру са­ла­сынан көптеп кездестіруге болады. Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, елдегі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор нысандары 268 миллиард теңгеге 500-ге жуық ақпараттық жүйені сатып алған екен. Бұл соманың 80 пайызы бір көзден сатып алу тәсілімен игерілген көрінеді. Кейіннен үшінші ақ­параттық жүйені уәкілетті ор­ган қайталануына немесе пайдала­ныл­мауына байланыс­ты есеп­тен шығаруға ұсынғаны белгілі болды. Тіпті, жұмыс іс­темейтін ақпараттық техноло­гия­лық жобаларға ақы төлеп, жазықты болған шенеуніктер де бар. Жалпы, мемлекеттік сатып алу ресіміндегі құқықбұзу­шы­лық қызметті не тауарды қа­былдап алу кезінде тіркеледі. Әсі­ресе, 80 пайызы ғана орын­далған жұмыстың жалған ак­тісіне қол қоятындар жетіп ар­тылады. Бюджет қаражатын жымқырумен және парақор­лық­пен байланысты мұндай фактілер құрылыс, денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларында көптеп тіркеледі екен. Мәселен, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің қызметкерлері 2021 жылы Қызылорда облысы әкім­дігінің Мәдениет басқар­ма­сының басшысына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа тапсырған. Басқарма басшысы Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші құрылысының мердігерлеріне қажетті қаражатын кедергісіз аударғаны үшін 1 миллион теңге пара алған. Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары да жол жөндеу, су жеткізу құбырларын тарту бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарын жасағаны үшін кәсіпкерден пара алған. Ол өзінің «сыйақысы» ретінде келісімшарт құнының 10 пайы­зын сұрапты. Өткен жылы кү­дікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасары да Абай Құнанбаев ескерткішін жасау және орнату бойынша шарт жасасқаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алмақ болған. Бұл соңғы жылдары мем­лекеттік сатып алу төңірегінде тіркелген ірілі-ұсақты құқық­бұзушылықтың бір парасы ғана. Негізінен, бір көзден сатып алу­дың үлесін азайту 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына енгізілген. Алайда жоғарыда біз келтірген мысалдар дәл осы сипаттағы қылмыспен түбегейлі күресу, алдын алу жұмыстарының әлі де өз деңгейінде жүргізілмей­тінін көрсетсе керек. «Гос Закуп Консалтинг» ЖШС сарапшысы Әлішер Мәжит бір көзден сатып алу тәсілі көп жағдайда орынды қолданыла бермейтініне назар аударды. – Көбіне мемлекеттік сатып алу туралы конкурс бірнеше рет жарияланса да ешкім қатыс­пайды. Конкурстық процедура­лар 1 айға созылады. Бұл деге­ніңіз тапсырыс беруші талап еткен қызмет түрінің немесе тауарды сатып алу мерзімін бірнеше айға созып жіберуі мүмкін. Әрине, мұндай сәттерде бір көзден сатып алу тәсілін қолдануға болады. Дегенмен солай екен деп барлық тауар мен қызмет түрлерін бір көзден сатып алу дұрыс емес. Мұнда сыбайлас жемқорлық тәуекелін былай қойғанда, бизнес өкіл­дері арасындағы бәсекелестік те жойылады, – дейді ол. Сарапшының айтуынша, бір көзден сатып алуда көптеп ай­тылатын авторлық құқық ұғы­мы­ның да аражігін ажыра­тып алған дұрыс. – Авторлық құқықты алға тартып, тауарлар мен қызметті бір көзден сатып алу дұрыс емес. Қазір авторлық құқық алудың ешқандай қиындығы жоқ. Сол үшін де авторлық құ­қық ұғымын түсініп алғанымыз жөн. Мысалы, кейбір шаралар­ды ұйымдастыруға авторлық құқық алып алатындар бар. От­басылық құндылықтарды дамыту бойынша жоба деп оны да патенттеп алады. Былай қа­ра­саңыз, мұндай жерге ешқан­дай да авторлық жоба қажет емес. Оны кез келген адам өткізе алады, – дейді сарапшы. Қысқасы, түрлі амал-ай­ла­сын тауып, мемлекеттік са­тып алуды тікелей өткізетін­дер­дің түпкі мақсаты түсінікті. Белгілісі, мұндайда тапсырыс беруші де, қызмет көрсетуші де ұтылмайды. Дегенмен бұл тә­сіл­ге иек арту жемқорлық тәуе­келін арттыру­мен бірге кәсіп­керлер арасындағы бәсекелестікті де жойып жібе­ретінін ұмытпау керек. Шағын және орта бизнесті экономиканы дамытудың бір тетігі десек, мем­лекеттік сатып алу саласындағы әлгіндей әрекеттер бұл сектордың жолын тежеуі де мүмкін.