Колледждердің жері кімге керек болды?
Колледждердің жері  кімге керек болды?
Өндіріс орындарында, оның ішінде, әсіресе ауыл шаруа­шылығы саласында орта буын және жұмысшы мамандар жетіспейтіні осыдан 20 жыл бұрын айтыла бастаған еді. Сол кездің өзінде келешегін өзі таңдаған мамандықпен байла­ныстырып, аграрлық саладағы механизатор, жүргізуші, ком­байнер, темір жонушы, электрші, дәнекерлеуші сияқты мамандық иелерінің жасы жетіп қалғаны, олардың орнын басатын жастардың жоғы шаруашылық жетекшілерін алаңдататын. Қазір бұл жағдай тіптен ушыға түскен. Жылдар бойы Үкімет қарап отыр­ды деуге келе қоймас. Түрлі бағ­дар­лама қабылдап, сұранысқа ие мамандарды даярлау, қайта даяр­лауға қыруар қаржы қарас­тыр­ды. Өкінішке қарай, қаражат қағаз жүзінде игерілді. Ал іс жү­зінде қазір колледж бітіргендердің мамандықты дұрыс меңгермейтіні жасырын емес. Мұның себебі де көп. Солардың бірі ретінде ауыл ша­руашылығына қажетті маман­дарды оқытатын колледждердің материалдық-техникалық база­сы­ның талапқа сай жабдықтал­мауын айтуға болады. Орта оқу орын­дарының техникалары то­зып, қосалқы шаруашылықтары құрып, тіпті кейбірі тәжірибелік алқаптарға арналған жерлерінен де айырылып қалған. Алматы облыстық Білім бас­қармасының мәліметі бойынша, өңірдегі техникалық және кәсіби білім жүйесінде 74 колледж жұмыс істесе, солардың 18-і агросала ма­мандарын оқытады. Бірақ Алматы облысы сияқты екі миллионнан астам халқы бар, жы­лына мил­лион гектарға жуық алқапқа егіс егетін, малы санынан да басқа облыстардың алдында тұратын өңір үшін 18 колледж аз­дық етеді. Алайда сол санаулы оқу орнын­дағы ауыл шаруашы­лы­ғына қа­жетті маман даярлау ісінің аяқ алысы көңілден шықпайды. Бұрын облыстағы ауыл ша­руашылығына бейімделген кол­ледждердің жанында студент­тердің кәсіби машығын жетіл­ді­руге арналған 5 690 гектар алқапта өндірістік-оқу шаруашылықтары мен қажетті техникалар болған. 2013 жылы аудандық әкімдіктері сол колледждердің басым бөлігін­дегі жерлерді алып қояды. Жо­ғарыда айтылған 18 оқу орнының тең жартысы 1 982 гектар ғана жерін сақтап қалған. Осылайша, бүгінде бірқатар колледжге өздерінде оқитын сту­денттердің болашақ мамандығын меңгеруіне аса қажетті тәжірибе­лік жер телімдеріне қол жеткізу арманға айналды. Шонжы ауылындағы колледж бір кездері болашақ механиза­тор­ларды 200 гектар жерде еңбекке баулып, тракторшы мамандығы­ның қыр-сырын үйретіп, ауыл ша­руашылығы техникаларын меңгерудің жолдарын көрсететін. Алайда осы жер «Өрік бақтары» атты атауы айғайлап тұрған ин­вестициялық жобаны жүзеге асыру­ға бел буған кәсіпкерге беріліп кетеді. – Біз ол суармалы жерлерді өз еркімізбен берген жоқпыз. Іс жү­зінде тартып алды десек, артық айт­қандық бола қоймас. 2015 жылы сол кездегі облыс әкімі орын­­­басарының телефонхаты негі­зінде еріксіз жерімізден айы­рылдық. Ол хатта «Баршаға ар­нал­ған тегін кәсіптік-техникалық бі­лім» республикалық жобасын жүзеге асыру үшін Алматы облы­сын­дағы колледждердің ба­лан­сын­­дағы жерлерге тексеру жүргізу қа­жеті жазылыпты. Бірақ жер­лер­ді алу туралы ештеңе айтыл­ма­ған. Ақыры осы хаттың күшімен шы­­ғарылған аудан прокурорының ұсынысы бойынша жерімізден айырылатынымызды бір-ақ біл­дік. Бұдан былай атқаратын қыз­меті ауыл шаруашылығы жұ­мыс­тарымен байланысты емес­тер­ге жер берілмейтінін түсіндіргендер «ша­руалардың ісіне араласпай, бі­лім берумен айналысыңдар» деп те кеңес берді, – дейді Шонжы поли­техникалық колледжінің ди­рек­торы Рахметжан Суджаков. Бар жерінен айырылған оқу орны арада біраз жыл өткенде әкім­ге кіріп жүріп, 50 гектар жерді қай­тарып алыпты. Оның 22 гек­та­ры суармалы алқап. Қазір осы ал­қаптарда студенттер жерді жыр­ту, егістікті күту, егін орағын ұйым­­дастыру сияқты жұмыстарды іс жүзінде меңгеріп жүр. Сол кезде осы саладағы бас­шылардың білім жүйесіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қысқарту агрокешенге мамандар даярлау сапасына кері әсер ететіні мүлде ескерілмеген. Мұн­дай жағдай облыстағы бар­лық ауданда болған. Аудандық әкім­діктер телефонхатты нұсқау ре­тінде басшылыққа алып, еркін қи­мылдап қалыпты. Атағы дар­дай, кезінде еліміздегі таңдаулы техникумның бірі болған Көксу ауыл шаруашылығы колледжі де жерге қатысты түсінбестікті бас­тан өткеріпті. Ескелді ауданының Шұбар ауылында орналасқан кол­­ледж былтырдан бері «Жас ма­ман» жобасы бойынша сұра­нысқа тракторшылар, комбайнер­лер, автоэлектршілерді оқытып жатыр. Бұл оқу орнындағылар да сту­денттерін өндірістік тәжірибе­ден өткізетін жер таппай қиналып отырған көрінеді. Бюджет қара­жа­­тына алынған жабдықтар қаңтарылып тұр. –1970 жылы сол кездегі Киров аудандық кеңесі оқу орны үшін қо­салқы шаруашылық жүргізу мақсатында 445 гектар жер бөледі. Сол кезден бастап осы жер сту­дент­­тердің тәжірибеден өтуіне пайдаланылып келген еді. Онда болашақ мамандар жер жыртудан басталатын көктемгі, күзгі егістік жұмыстарын атқаруды үйренетін. Қысы-жазы бос тұрмайтын, еңбек көрігі қызып тұратын алқаптарды «дұрыс игеріп жатқан жоқсыңдар» деп Ескелді аудандық жер қорына алып қойды. Құнарлы жер телім­дерінің кімге бұйырғаны аудан бас­шылығы мен бір Аллаға ғана аян. Бүгінде студенттеріміз өзара ын­тымақтастық жөнінде келі­сімшартқа отырған фермерлердің егістік алқаптарында тәжірибеден өтеді, – деп қынжылады Ескелді ауданындағы Көксу ауыл шаруа­шылығы колледжінің директоры Мәлік Қарасаев. Көршілес Көксу ауданының орталығындағы политехникалық колледжі де 382 гектар жермен бір­ге барлық техникасынан айы­ры­лып қалыпты. Осыдан он шақ­ты жыл бұрын прокурорлық тек­серу нәтижесінде мұнда да көп­те­ген құқықбұзушылықтың беті ашы­лып, сол кезден бастап қаң­та­ры­лып тұрған материалдық-тех­никалық база мүлде жаңартыл­маған. Тракторлар мен автокө­лік­тер бүгінде темір-терсекке өткізу­ге ғана жарайды. Комбайндардың да тозығы жеткен. Ақсу политехникалық коллед­жінің де бүгінгі жағдайы жанды ауыртады. Цехтардың басым бөлігі бұзылған немесе қаңырап бос тұр. Қоқыс пен сынған құ­ры­лыс материалдарынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Директордың айтуынша, студенттерді болашақ мамандығын іс жүзінде атқаруға баулитын өндірістік тәжірибеге ар­налған алқаптарынан айыры­лып қалғандарына талай жыл болыпты. Колледждің Есеболатов ауылының жанында 900 гектар жерлері болған екен. 2004 жылы аудандық әкімдіктен 200 гектар суармалы жерді қант қызылшасын өсіру үшін сұрап алады. Сол жерлерді заңдастыруға талпынып жүрген кезде әкімдік барлық же­рін алып, ауданда инвестициялық жобаны жүзеге асырамын деп кел­ген талғарлық кәсіпкерге бе­ріп жіберген. Оның жобасынан не шыққанын ешкім білмейді. Ал колледж тәжірибелік алқабынан айырылып, тақырға отырып қал­ған. Қазір оқу орнындағы студент­тер теорияны тәжірибемен ұштас­тыру үшін жергілікті фермерлерді жағалайды. Тәжірибеден өту ба­ры­сында атқарған жұмыстары үшін еңбекақы алудың жолы қарастырылмаған. Ақсумен көршілес Сарқанда­ғы политехникалық колледждің де жағдайы мәз емес. Колледж бас­шылығы бар күші мен мүм­кін­дігін сарқа жүріп, қолды болған 543 гектар жердің 130 гектарын қай­тарып алыпты. Жердің аз ғана бөлігін қайтарып алу жолында бастарынан өткен машақатты айтқысы да келмейді. Алматы облысындағы ауыл ша­руашылығына жұмысшы ма­мандар даярлайтын өзге коллед­ж­дердің жағдайы да керемет деуге келмейді. Өндірістік тәжірибеден өткізетін жерлері жоқ, барла­ры­ның көлемі аз. Материалдық-тех­никалық базалары ескірген, оқу ғи­мараттары мен студенттер жа­тақ­­­ханасы тозған, күрделі жөн­деуді қажет етеді. Ауыл шаруашылығын ел эко­но­микасының қозғаушы кү­ші­не айналдыруға басымдық беріліп жатқан тұста агросалаға қажетті маман даярлау ісіндегі жағдай осы. Сондықтан саладағы қорда­лан­­ған мәселелерді шешіп, кол­лед­ждердің тәжірибелік алаңда­рын кері қайтармай жағдайдың оңалуы екіталай.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы