Жыр болған жылу дауы
Жыр болған жылу дауы
217
оқылды
Солтүстік Қазақстан облы­сын­да шу болған жылу шы­ғын­дарына қатысты даудың нүк­тесі сотта қойылды. Солтүстік Қазақстан облыстық маман­дан­дырылған ауданаралық эко­номикалық соты монопо­лист компанияның әрекетін заңсыз деп тапты. Әрі «Сев­казэнергосбыт» кәсіпорнына жылу шығындары үшін ақша есептеуді доғарып, артық со­маны тұтынушыларға қайта­руға міндеттеді. Мәселеге «AMANAT» партиясының об­лыстық филиалының да арала­суына тура келіпті. Былтыр жылыту маусымы бас­тал­ған кезде петропавлдықтар жылу үшін коммуналдық төлема­қының түбіртегіндегі сома 2-3 есе артқанын көріп, көздері шарасы­нан шыға жаздаған болатын. Кейбіреуінің бір айлық қарызы 40-50 мың теңгеге дейін жеткен еді. Көпшілігінің жылу үшін тө­лем­ақысына қарағанда шығын үшін төлейтін сомасы әлдеқайда көп болып шыққан. Мәселен, Сергей Гайворонскийге 43 292 тең­ге есеп­телсе, соның 9 590 теңгесі үйіне жылу берілгені үшін болса, 29 160 теңгесі – жылу шығындары үшін қордаланған қарыз, қалғаны ко­мис­сия. Осы тектес мысалдар же­тер­лік. Мұнымен келіспей, та­лай табалды­рық­тың есігін тоздыр­ған тұрғындар ақыр аяғында «AMANAT» пар­тиясы Солтүстік Қа­зақстан облыс­тық филиалының қоғамдық қабыл­дауы­на жүгініп, әділдікті осы жер­ден тапты. Моно­полияға қарсы ор­ганның өкілдері, жылу беру­ші­лер, жергілікті мәс­ли­хаттардың депутаттары, жұрт­шы­лық өкілдері, қоғам белсенділері, заңгерлер, адвокаттар және қара­пайым тұр­ғындардың басы қосыл­ған жиын­да арызданушыларға «Севказэнер­госбыт» кәсіпорнын сот­қа беру туралы ақыл-кеңес берілген еді. «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры Андрей Кали­ничев болса, теңгерімдік тие­сі­лілікті бөлу актілерін және құ­быр­лардың оқшауланғанын тек­се­руге түгендеу жүргізген кезде әр­түр­лі се­беппен деректері биллинг жүйе­сінде есептеу үшін енгізіл­ме­ген бірнеше жүздеген тұтынушы анық­талғанын айтып, шамамен 800-ден астам осындай тұтынушы­ға жылу шығыны есептелгенін айтып түсіндірмек болды. «Мұның барлы­ғы 2014 жылы Энергетика ми­нистрінің бұйрығымен бекітіл­ген жылу энергиясын пайдалану қағи­да­ларының 26-тармағына сәйкес жасалды», – деді ол. Ди­ректордың түсіндіруінше, шығын­дар құбыр­лар­­дың ұзындығы мен диаметріне, қаншалықты қапта­лып-оралға­ны­на, қандай әдіспен орнатылғанына байланысты екен. Кей жерлерде тиісінше оралмай, жылу сыртқа кетіп жатқан да құ­бырлар бар. Тұрғындардың ақшасы қайтарыла ма? Бұған дейін «бұл іске араласуға құқығымыз жоқ деп», аса құлық таныта қоймаған Табиғи моно­по­лияларды реттеу комитетінің Сол­түстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жағдай әбден ушық­қан кезде тұтынушылардың құ­қығын қорғау үшін Солтүстік Қазақстан облыстық мамандан­дырылған ауданаралық эконо­микалық сотына жүгінді. Іске қатысқан прокурор Та­би­ғи монополияларды реттеу депар­та­ментінің талап-арызын то­лық қанағаттандыру туралы ұй­ғарым жасаған болатын. Моно­по­лияға қарсы ведомство жылу энер­­гиясы шығынын есептеуді жа­ра­м­­сыз деп тануды, есептеулер жүр­­гізуді тоқ­татуды және халық­пен қайта есеп айырысуды талап етті. Бұл мәселені жан-жақты сара­лау үшін сот процесіне үшінші тұлға ретінде тұтынушылар, сала­лық министрлік өкілдері, Петро­павл қалалық әкімдігінің, «Петро­павл жылу желілері» ЖШС өкіл­де­рі, сондай-ақ сарапшылар тар­тыл­ды. Нәтижесінде, сот об­лыс­тық Табиғи монопо­лияларды реттеу департаментінің талап-арызын ішінара қанағат­тан­дыр­ды. Атап айтқанда, қолданысы тоқ­татылған әдіс­теме негізінде жүр­гізілген жылу энергиясымен жаб­дық­тауға 2007 жылғы 31 жел­тоқ­саннан кейін жасалған шарт­тарға қосым­ша­да көзделген жылу энер­гиясы ысы­рабының есеп­терін жарамсыз деп таныды. Сон­дай-ақ сот «Сев­каз­энер­госбыт» ЖШС-ның тұ­тыну­шы­лардың балансын­дағы же­лілер бойынша жылу шы­ғын­дары үшін есептеулер жүр­гізу жөніндегі әрекетін де заң­сыз деп тапты және 2020-2021 жыл­дары жылу шығын­дары үшін есептелген соманы төлеген тұр­ғын­дарға бір ай ішінде қайта есеп­теу жүргізуді және бұдан былай қарай есептеу жұмыстарын тоқ­татуды міндет­теді. Сонымен бірге сот Табиғи мо­но­полияларды реттеу депар­тамен­тінің «Севказэнергосбыт» ЖШС-ының тұтынушылармен жасас­қан жылу энергиясымен жабдық­тау шарттарының талаптарын жа­рам­сыз деп тану туралы талабын қана­ғаттандырмады. Онда тұтыну­шы­ның жылу шығындарын төлеу міндеті көзделген. Бастысы – қыстан қысылмай шығу Бірақ тұрғындар монополист компания ақшасын қайтара­ты­ны­на сенбей отыр. Себебі биыл көк­темде жылу-электр стансасы­ның мұржасы құлағаны белгілі. Қазір оны жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуырда Солтүстік Қазақ­стан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов жылу электр ор­та­лығының жұмысымен таны­сып, стансаны қалыпқа келтіру жұмыстарын сапалы әрі жылдам орындау керек екенін тапсырған еді. Сонымен қатар Үкімет басшы­сы петропавл­дық­тарды жаз бойы ыстық сумен қам­тып, жылуды уа­қытында беруді мін­деттеген еді. Жылу-электр ор­та­лығының мұр­жасы меншік иесі­нің қаржысы есе­бінен жөнде­ле­тін болып ше­шіл­ді. Енді тұтыну­шы­лар моно­полист кәсіпорын өз шығы­ны­ның орнын толтыруға тырыса­ды деген болжам айтып отыр. «Ақшамызды қайтармақ түгіл төлемақы қымбаттады. Жөндеу жұ­мыстарына жұмсалатын шы­ғын­ның орнын толтыру керек қой. Қазір бізді ақшадан гөрі мұржаның уақытылы жөнделіп, қыста тиісін­ше жылу берілгені алаңдатып отыр. Көзді ашып-жұмғанша «кәрі құда» келіп қалады. Сол кезде тағы суық пәтерлерде дірдеңдесек, әсі­ресе әкімдіктің пәрменімен жеке­меншік үйі сүріліп, көпқабатты үйге көшкендер риза бола қоймасы анық», – дейді Алексей Иванов. Тұрғындар кәсіпорын жұмы­сына қанағаттанып отырған жоқ. Жарықпен қамтуға қатысты да наразылық көп. Айта кетейік, әзірге мұржаны қалпына келтіру жұмыстары әлі басталған жоқ. «СЕВКАЗЭНЕРГО» ЖШС-ының баспасөз хатшысы Лилия Шеринаның хабарлауынша, әлі үйінділер тазартылып жатыр. «Одан соң энергетиктер басты ғи­маратты қалпына келтіріп, газ құ­быр­ларының құрылысына кірі­седі. Қазандық агрегаттарын күр­делі жөндеу – стансаны жылыту маусы­мына дайындау жөніндегі науқан­ның маңызды бөлігі. Қазан­дықтар­дың жылыту беттерін ауыс­тыру үшін 567 тонна құбыр өнімін сатып алу жоспарланып отыр. №1,3,4,5,6,7,9,10 қазандық­тары үшін негізгі өнімді жеткізу 26 ма­мыр­дан бастап 10 қыркүйекке дейін кесте бойынша жүргізіледі. №5 қазандық агрегатында қалпы­на келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, № 4,6 және 7 қазан­дықтары қа­зір күрделі жөндеуге дайын­да­лып жатыр. Жұмыстарға 400 адам тар­тылды, жөндеу нау­қаны қызған шақта олардың саны 750-ге жетеді. Сонымен қатар әлі №1 мұржаның тағдырын анық­тай­тын ресми сарап­­тама қоры­тын­дысын алу керек. Әзірге ресми қоры­­тынды дайын емес, күтіп отыр­­мыз», – деді Лилия Шерина. Қызылжарлықтарды тол­ған­дырып отырған мәселе – қайт­кен­де қыстан қысылмай шығу.

Солтүстік Қазақстан облысы