Бейнелеу өнерінің бағбаны
Бейнелеу өнерінің бағбаны
480
оқылды
Қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеев шығармашылық қолтаңбасы жайлы «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анам- ның оюынан үйрендім» деп әңгімелейді. Ал шығыстанушы, араб тілінің маманы, тіл зерттеушісі Жанна Рахметжанқызын қылқалам шеберлері мен мүсіншілер ортасына алып келген – бекзат өнерге деген шексіз құштарлық, өз халқының тарихы мен мәдениетіне қызығушылық және ұлттық салт-дәстүрлерге деген кіршіксіз құрмет пен сүйіспеншілік. Has Sanat өнер галереясының директоры, коллекционер, мәдениет­танушы, өнер зерттеушісі Жанат Рахметжанқызы Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінің араб тілі бөлімін бітіргеннен кейін білімін Мәскеу шығыстану институтында жалғастырады. Сол уақыттары Ресей төрінде орналасқан үздік көрме залдары мен мұражайларды жиі аралап, әлемдік деңгейдегі суретшілердің шедеврлерімен танысады. Сан қырлы бояулар сырына қанығып, таңғажайып түстерден туындаған әсер уақыт өте келе, Has Sanat – Нағыз өнер галереясының ашылуына түрткі болды. 2003 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жаңа арт орталық бой көтеріп, қоғамдық негізде қызмет атқаруға кірісті. Has Sanat өнер галереясын құрудағы мақсат қазақтың төл мәдениетін дамыту және сақтау, ұлттық бейнелеу өнерін шетелдерде насихаттап, дарынды суретшілер мен шеберлерге қолдау көрсету болып табылады. Has Sanat залында дәстүрлі классикадан бастап, қазіргі заманғы авангардқа дейінгі стильде жасалған картиналар орналасқан. Қазақ­стандық заманауи суретшілердің «Алтын ғасыр» халықаралық жылжымалы көрмесі орталықтың маңызды жобаларының біріне жатады. Көрме 2006 жылы алғаш рет Мәскеу қаласындағы «Манеж» көрме залында таныстырылып, ары қарай Мемлекеттік шығыс халықтары өнері музейінде, Ресейдің Орталық суретшілер үйінде зор табыспен жалғасын тапты. 2007 жылы көрме Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттер астанасына жолға шығып, 10-нан астам елді аралап қайтты. Атақты суретшілердің 100-ден астам туындысы әлемдік сыншылардың жоғары бағасын алып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Түркия, Оңтүстік Корея, Иран елдеріндегі ең үздік мұражайлар мен галереяда көпшілік назарына ұсынылды. бейнелеу Ерболат ТӨЛЕПБАЙ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері: – Has Sanat өнер галереясы ашылғалы жиырма жылға жуықтапты, осы уақыт ішінде Жанна Рахметжанқызы бірқатар дарынды суретшілерді халыққа танытты. Оларды өнер зерттеушілерімен таныс­тырып, коллекционерлер арасында есім-сойын әйгілеп берді. Өзім үнемі Жаннаның тынымсыз еңбегіне ризамын. Кәрі құрлық Еуропаның қақ төрінде, Англиядағы атақты Sotheby s музейінде қазақстандық бес суретшінің көрмесін ұйымдастырды. Осы көрмеге менің де еңбектерім қойылды. Бұл Жанна Рахметжанқызының бейнелеу өнеріне деген шексіз құрметі, сүйіспен­шілігі десем артық айтқандық емес. Амандос АҚАНАЕВ, ҚР Көркемсурет академиясының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: – Жанна Has Sanat галереясын ашып, бәрімізді қуантты. Бұл орталықты Қазақ­стан бойынша ең жақсы галерея деуге болады. Өйткені көп галереяның көздегені – алыпсатарлықпен айналысу, ал Жанна кәсіпкерлік бағыт ұстанбайды. Оның кәсі­бінің негізгі мақсаты – еліміздегі белгілі суретшілердің жұмысын насихаттап, халыққа таныстыру. Бұл – бір. Екіншіден, Жанна шетелдің атақты суретшілерін елімізге шақырады, картиналарын алып келеді. Мысалы, екі жыл бұрын Жанна үлкен көрме ұйымдастырып, Густав Климттың туындыларын елімізге алып келді. Қазақстанның бейнелеу өнері мен рухани мәдениетін дәріптеуде Жаннаның еңбегі орасан зор. Бір өзі бір ғылыми-зерттеу институтының жүгін көтеріп келеді. Мәжит БАЙТЕНОВ, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері: – Бейнелеу өнерімен шұғылданғаныма елу жылдан асты. Has Sanat галереясының директоры Жанна Рахметжанқызымен танысқаныма көп жылдың жүзі болды. 2004 жылдары Алматыда 24 галерея болса, ал Астанада бар-жоғы екі-ақ галерея жұмыс істейтін. Соның бірі әрі бірегейі – Жанна құрған Has Sanat өнер галереясы. Сол алғаш ашылған 2004 жылдың өзінде Жанна Еңсебаева Ерболат Төлепбайдай майталман суретшімен бірге Париж қаласындағы арт-галереялармен байланыс ұстап, көрме ұйымдастырды. 2021 жылғы суретшілер Бақытнұр Бүрдеспеков, Әділғали Баяндин, Ренат Елубаев үштігінен тұратын «Туған жер – атамекенім» көрмелері ерекше есте қалды.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ