Алматы маңында қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік үйдің шатырына құлады
Алматы маңында қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік үйдің шатырына құлады
Алматы маңындағы Боралдай кентінде қатты жылдамдықпен жүрген BMW X5 жүргізушісі жолдан шығып кетіп, жеке тұрғын үйдің шатырына барып соғылды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 
Оқиға 23 мамырдан 24 мамырға қараған түні Аэродромная көшесінде болған. Оқиға салдарынан газ құбыры мен электр бағанасы зақымдалған.
«Боралдай кентінің 29 жастағы тұрғыны рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік сол екпінмен жеке тұрғын үйдің қосалқы бөлігінің шатырына бір-ақ шығып кеткен. Сондай-ақ жолда газ құбырын зақымдап, электр сымы тартылған бағанды құлатқан. Жүргізуші жеңіл жарақат алып, ауруханаға жатқызудан бас тартты. Басқа ешкім зардап шеккен жоқ», - делінген хабарламада.
Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша (Көлiк құралына, жолдарға, жол және өзге де құрылыстарға немесе өзге де мүлiкке зиян келтiрiлген жол жүрiсi ережелерiн бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.