«Қаржыны игерумен жұмыс бітпейді»: Мәулен Әшімбаев халықтың табысын арттырудың жаңа тәсілдері туралы айтты

«Қаржыны игерумен жұмыс бітпейді»: Мәулен Әшімбаев халықтың табысын арттырудың жаңа тәсілдері туралы айтты 1

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қабылдап, халықтың табысын арттыруға арналған 2025 жылға дейінгі жоспар аясында атқарылатын жұмыс барысымен танысты.

Отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары басталады. Осы сапар аясында бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізіледі деп күтілуде. Біздің бүгін қараған заңымыз да бауырлас екі елдің өзара қарым-қатынасын, соның ішінде әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған. Сондай-ақ бұл Келісім Орталық Азияда тұрақтылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Бұл құжат Қазақстандық кәсіпорындардың Арменияға мұнай, электр энергиясы, табиғи газ және көмірден басқа тауарлар жеткізу үшін қажетті жағдай жасауды, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ЕАЭО елдеріне келетін бақыланбайтын ағындарынан нарықты қорғауды мақсат тұтады.

Одан бөлек, Палата отырысында депутаттар «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» Кешенді жоспарын іске асыру шаралары жөнінде Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың ақпаратын тыңдады.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы қолға алған елді жаңғырту бағдарының басты мақсаты әр қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсарту екенін айтты.

«Халықтың табысын арттыру – стратегиялық міндет. Мемлекетке деген сенім мен барлық жаңғыру реформаларының табысты болуы да осы міндетке тікелей байланысты. Азаматтар жағдайының жақсарғанын нақты сезінуі керек. Ендігі жерде «бөлінген қаражатты игерсек болды» деген бұрынғы тәсілдермен жұмыс бітпейді. Сондықтан жобалық тәсіл қағидатын енгізу құптарлық дүние. Оның ішінде жоспарланған нәтижеге қол жеткізу үшін нақты басшылардың жеке жауапкершілігін қарастырған жөн. Бағдарламалардың іске асырылуын бақылау тетіктерін де жетілдіру керек», – деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ Палата спикері аталған бағдарламаны іске асыруға көптеген мемлекеттік органның қатысатынына назар аударып, олардың жұмысын тиімді үйлестіру айрықша мәнге ие екенін тілге тиек етті.

«Жалпы бағдарлама аясында қолға алынатын шаралар 3,8 миллион адамды қамтиды. Бұл еліміздегі жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы деген сөз. Осы ретте бағаның негізсіз өспеуі аса маңызды. Сонда ғана халық жағдайының жақсарғанын шын сезіне алады. Сондықтан Табысты арттыру бағдарламасының тағы бір міндеті инфляцияны ауыздықтау екенін естен шығармау қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау соңында Парламент Сенаты халықтың табысын арттыру жолында Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге және заңнамалық тұрғыдан қажетті қолдау көрсетуге дайын екені айтылды.

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.