Мәжіліс депутаты: Конституцияға енгізілетін түзетулер әрбір қазақстандық үшін маңызды
Мәжіліс депутаты: Конституцияға енгізілетін түзетулер әрбір қазақстандық үшін маңызды
Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов Нұр-Сұлтан қаласындағы «Үркер» тұрғындарымен кездесті. Референдум аясында өткен кездесуде депутат Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, өзгеріске ұшырайтын әр баптың маңыздылығына тоқталды.
– Конституциялық реформа аясында Ата заңның әрбір үшінші бабы өзгереді деп жоспарлануда. Референдум – қоғамның жалпы көзқарасын, пікірін тануға, саяси біліктілігін арттыруға, қоғамның түйткілді мәселелерін қарастырып, оңтайлы шешім шығаруға арналған жүйе. Менің ойымша Конституциялық өзгерістерден кейін халықтың мемлекеттік басқарудағы рөлі күшейеді. Бұл нағыз халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты ұстанымдарының бірі. Сондықтан әрбір азамат референдумға қатысып, дауыс беруі өте маңызды, – деді.
Қатысушылар референдумды қолдайтындықтарын айтып, ауылдың тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Осы күні  Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Қазақстан Халық партиясы Қарағанды облыстық филиалының активімен жүздесті. Әңгіме барысында депутат республикалық референдумның халық үшін маңыздылығына тоқталды.
- Конституцияға енгізілетін түзетулердің ішінде құқық қорғау тетіктері мен институттарын күшейтуге қатысты өзгерістер әрбір қазақстандық үшін маңызды. Атап айтқанда, Ата заңда адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін бекіту, азаматтардың кез келген конституциялық құқықтарын бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын бұлжытпай бекітетін конституциялық сот құру. Мұндай конституциялық реформалар еліміздің демократиялық, құқықтық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстанатын мемлекет ретіндегі беделінің өсуіне ықпал ететін болады, – деп атап өтті Айқын Қоңыров.
Бүгін Мәжіліс депутаттары Айгүл Нұркина, Вера Ким Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы "Восточный" көмір өндіру кәсіпорнының ұжымымен кездесті.  width= Депутаттар алдағы референдумның маңыздылығы мен Конституцияға енгізілген негізгі түзетулер туралы айтып, қоғамды толғандырған мәселелерді талқылады.
–  Мемлекет басшысы ұсынған референдум өткізу бастамасы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуды кеңейту және саяси процестерді терең демократияландыру туралы сұранысынан туындады. Осындай әлеуметтік маңызы бар міндеттерді іске асыру үшін конституциялық реформа қажет. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Мәслихаттардың ықпалы артады.  Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді,­­ ­– деді Айгүл Нұркина.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Вера Ким адам құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты түзетулер туралы түсіндірді.
– Құқық қорғау саласында елеулі өзгерістер енгізілетін болады. Атап айтқанда, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, яғни омбудсмен мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалуда, – деді депутат.
"Восточный" көмір кенішінің жұмысшылары елдегі өзгерістерге оң көзқараспен қарайтындарын айтып, саяси науқанға қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.
–  Президент ұсынған конституциялық реформалар бүкіл елдің болашағы үшін маңызды, сондықтан оған белсенді атсалысқан жөн. Біз отбасымызбен референдумға бірге барамыз, –  деді кеніш қызметкері Виктор Носенко.
Алдағы уақытта депутаттардың сапарлары Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді түсіндіріп, халықты референдумға қатысуға шақыру мақсатында аудандар мен шалғай ауылдарда жалғасатын болады.