Еңбек біркелкі, еңбекақы әркелкі
Еңбек біркелкі, еңбекақы әркелкі
193
оқылды
Nur Otan партиясы Төрағасы­ның Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Атырау облы­сына барған са­парында шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасындағы жалақы айырмасы туралы айтқан еді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті қызмет­керлерді үздіксіз оқыту, қазақстан­дық­тар мен шетелдік жұмысшылар ара­сында жалақы теңсіздігін бол­дыр­мау туралы бұйрығы бар. Шетелдік жұмысшыларды тарту квотасы был­тыр­мен салыстырғанда 40 пайызға қыс­қарды. Партиямен, жер­гілікті атқарушы органдармен бірлесіп, про­куратура бұл мәселені бақылауда ұстауы керек», – деді Байбек. Негізі, бұл мәселенің көтерілгеніне көп болды. Өйткені түйткілдің түйіні бұ­рыннан шиеленісіп тұр. Былтыр ғана сең қозғалғандай көрінген. Маусым айының соңында «Теңіз» кен орнындағы ірі жанжалдан кейін Үкімет жалақы айырмашылығына шындап назар аудара бастады. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «жалақы теңсіздігіне жол бермеу керек» деген. Ал қазіргі ми­­нистр Біржан Нұрымбетовтың ай­туынша, Бас прокуратура мен Еңбек инспекциясы кәсіпорындарды тексерген кезде, шетелдік жұмысшы­лар­дың бір жарым-екі есе көп жалақы алатыны анықталып отыр. Бірақ шынтуайтында екі есе дегені тек ресми мәлімет сияқты. Мысалы, күні кеше Petrofac Facility Management Limited ха­лы­қаралық компаниясының құжаты Facebook желісін кезіп кетті. Құжатта осы ком­панияда жұмыс істейтін жер­лестеріміздің жала­қысы шетелдік әріптесте­ріне қара­ғанда 20 есе аз екені көр­сетілген. Ұйым Ақсай қа­ласында Karachaganak Petroleum Operating (оның 10 пайыз акциясы «Қаз­Мұнай­Газға» тиесілі) компания­сына мердігерлік етеді. Міне, мынау – әлеуметтік же­ліде жарияланған кесте. Са­рымен белгіленген сандар – ең жоғары жалақы, көгілдірі – ең төменгі көрсеткіш. Салыстыра қарасақ, сары позицияларға бірың­ғай ше­телдіктер – Ұлы­британия, Түркия, Италия, Канада, Әзірбайжан, Үндістан азаматтары жайғасқан. Көгілдір түсті қазақстандықтар місе тұтыпты. Айта кету керек, бұл сан­дар – жұмысшылардың ай­лық жалақысы емес, сағаттық мөл­шерлемесі. Мәселен, Ка­нада мен Ұлыбританияның интерфейс ин­женерлері саға­тына 1 370 доллар табады. Олар жылына 365 сағат жұмыс істейді десек, жалақысы жарты млн долларға жетіп жығы­лады екен. Құрылыс менеджерлері (Түркия азаматтары) сағатына 1 208 доллар алады. Италия, Әзір­бай­жан мен Үндістаннан кел­ген механикалық құбыр ин­женер­лері мен бөлім бас­шы­ларының да ше­кесі шылқып отыр. Шетел­дік­­тер ше­тінен бастық, қазақ­стан­дықтар – орын­­даушы ғана.  width= Жергілікті жұмысшылардың ең жақсы жалақысы – 260 доллар ша­масында. Инженерлер мен келісім­шарттарды әзірлеу жө­нін­дегі сарап­­шылар сағатына 173 доллар алады. Материалдар мен құ­жаттарды бақылау маманда­рына сағатына 67 доллар есеп­те­леді. Бұл ставка шетелдік маман­дардың ең жоғары табысынан 20 есе аз. Заң бойынша жұмысшыларға ұлты мен азаматтығына қара­мастан тең жағдай жасалуы шарт. Azattyq ruhy сайтына сұхбат берген Руслан Қожахмет есімді азамат Қытай компаниясында жұмыс істеп жүргенде бастан кеш­кенін былай баяндайды. «Инженер ретінде менің жа­лақым 256 мың теңге болды, алайда тура сол қызметтегі қытайлықтарға 1 млн 333 мың теңге төленетін. Сондай-ақ мен 4 қытайлықтың өз саласында еңбек етпегенін, жалған дипломдармен жұмысқа орналас­қанын біліп қойдым. Мен құқық қорғау органдарына жүгіндім, бірақ олар бұл мәселемен айна­лысқан жоқ. Өйткені ауы мен бауы көп шаруа, Қытайға сұрау салу керек дегендей. Олар байланыс орнатпады да, жабулы қазан жабулы күйінде қалды», – дейді Руслан. Былтыр қарашада Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі қытайлық CNPC компаниясының басшысы Ван Илинді жергілікті жұмысшылардың жалақысын шетелдіктердің жалақысымен теңес­тіруге шақырды. Содан кейін инвестициялық кәсіпорындар көпе-көрнеу алалауды қойып, 361 жұмысшының табысын көтерді. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мұндай фактілерге көз жұма қара­мау­ды қадап тапсырған. «Өңірлерге жасаған сапар­ла­рымда біздің азаматтарды жұмыс беруші тараптың кемсітуіне жол бермеу керегін айтып жүрмін. Сіздер де бұл мәселені көтерген­сіздер. Менің тапсырмаммен өткен айда шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жүр­гізілді. Осы уақытта 95 ком­пания инспекциялық тексеруден өтіп, 930 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде шетелдік қызметкер­лердің жұмысы берілген рұқ­сатнамаға сәйкес келмеуі, атқарып отырған лауазымы мен білімінің сәйкессіздігі жиі кездескен. Осы талдаулар мен құзыретті орган­дардың тексеруі негізінде және Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсы­ныстарын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар өзгерістерді әзірледі», – деді Мемлекет басшысы.    width=   Жақында шетелдік жұмыс­шылардың квотасы 40 пайызға қыс­қарды. Былтыр еңбек мигрант­тарына 49 мың квота бөлінсе, биыл 20 мыңға дейін азайған. Үкімет болашақта жұмысшыларды сырт­тан әкелуді біржола доғарып, оның орнын қазақстандық маман­дармен толтырмақ. Тұжырымдама бо­йынша, біліктілігі төмен жұмыс­шыларға бір жылға дейінгі мерзімге рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Бі­лікті шетелдік жұмыскерлерге үш жылға дейін және одан көп мер­зімге рұқсат беру қарастырылған. Білікті дегеннен шығады. Қазір елде еңбек ететін 19 мың шетел­діктің шынайы біліктілігін анықтау жағы ақсап жатыр. Нострифи­кациялау механизмінде кемшілік бар. Жаңағы Руслан Кожахмет айтқандай, кейбірін қазбалап тексергенде жалған дип­лом жасап әкелгені айпарадай ашылған жағдайлар да кездеседі. Бұл жерде таяқтың бір ұшы шетелдік компанияларға қажет кәсіби маман даярлай алмай отырған отандық білім беру сала­сына тиетінін де ұмытпауымыз керек. Атырауға барған сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жұмысшылардың біліктілігі жетіс­пейтінін мойындап, оларды оқытуды ескерткен еді. Жақында өткен Үкімет отырысында вице-премьер Бердібек Сапарбаев та кәсіпорындарға «қазақстандық мамандарды оқытасыңдар» деген шарт қойылғанын мәлімдеді. Осы арада тағы бір жараның аузын ашуға тура келеді. Бізде шетелдік жұмыс күші құрылысқа, тау-кен өндірісіне, әртүрлі қызмет көрсету саласына, оның ішінде жыл­жымайтын мүлікпен байла­ныс­ты операцияларға, тұтыну­шыларға қызмет көрсету және өң­деу саласына да тартылған. Мейлі, тау-кен саласы өз алдына делік, ал басқа салалардың майын ішкен мамандар өзімізде де өріп жүр ғой. Сондықтан тау-кен, инно­вация, қайта өңдеу саласына ғана квоталар бөліп, қалған салаларға шектеу енгізу қажет сияқты. Құрылыс сала­сында, жылжымай­тын мүлік нары­ғында, тұтынушы­ларға қызмет көр­сету салаларында шетелдік ма­мандардың отыруы тіптен қисын­ға қайшы. Өз ішімізде сол саланы дөңгелетіп әкететін мамандар бола тұра шетелдіктердің жұмыс күшіне тәуелді болғанымыз ақылға сыйым­сыз. Ұлттық мүддені ойласақ, ұлт­тық қауіпсіздікті ойласақ, мәселені түбірімен шеш­кеніміз абзал. Сыр­тын сылап-сипап, «косметикалық жөндеу» жүргізгеннен пайда жоқ.   Ерсайын БАҒДАТ