Көгілдір отын көпке арман
Көгілдір отын көпке арман
© коллаж: Әсел Балтақызы
526
оқылды
Еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы қарқынды жүруі үшін газбен жабдықтау саласының маңызы зор. Көгілдір отынның жоқтығы өңірлерге инвестиция тартудың, жаңадан өндіріс ашудың, халықты жұмыспен қамтудың басты кедергілерінің біріне айналды. Сөйте тұра, кейінгі кездері республика бойынша газ тапшылығы айқын сезіле бастады. Сондай-ақ тұтынушы үшін коммерциялық тұрғыдан тартымды әрі тиімді газ нарығын қалыптастыру мәселесі де әлі күнге шешімін таппай келеді. Кейінгі 5 жылда ішкі нарықта көгілдір отынды пайдалану үрдісі күрт ұлғайып, 35 пайызға артқан. Әйтсе де биыл тауарлы газ өндіру мөлшері 3,5 пайызға төмендеп, 24,9 млрд текше метр болады деген бол­жам бар. Ал тұтыну көлемі керісін­ше 5,4 пайызға өсіп, 19,6 млрд тек­­ше метрге жуықтайды. Ол 2025 жылға қарай 25,7 млрд, 2030 жылға қарай 30,2 млрд текше метрге же­теді деген ақ­парат бар. Өйткені газ бағасы өзге энергия көз­деріне қа­рағанда ар­зан әрі эко­логиялық жа­ғынан таза. Бір ғана мысал: елімізде 2018 жылы 140 мың көлік газбен жүрген болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 350 мыңға жеткен. Әсіресе, қала ішінде жолаушылар тасымалымен айналы­сатын көліктер біртіндеп газға ауыс­тырылып жатыр. Байқағаны­мыздай, жылдан-жылға халықтың ішінде табиғи газға сұраныс артып келеді. Осы ретте, сұранысты қана­ғаттандыруға Үкімет қаншалықты дайын деген сауал туындайды. Энергетика министрлігінің жос­парына сәйкес, биыл газ экс­пор­тының 7,2 млрд текше метрден 5 млрд текше метрге дейін құлды­рауы өндірістің сұранысқа жауап бере алмай жатқанын көрсетсе керек. Бұл салада қызмет көрсетудің аса шы­ғындылығы, сатып алу ба­ғасының арзандығы және рента­бель­діктің төмендігі салдарынан жер қойнауын пайдаланушылар газ өндіру және өңдеу бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруға құлық­сыз. Егер осылай жалғаса беретін болса, онда әлемде газ қоры бо­йын­ша 22-орында тұрған Қазақстанда 2024 жылдан бастап тауарлық газ­дың тапшылығы туындауы әбден мүмкін. Табиғи газды өндіруге не кедергі? Парламент Сенатының депу­таты Ерік Сұлтанов Үкімет сағатын­да осы саланы зерделеу барысында шешуді қажет ететін негізгі төрт мә­селені атады. Ол – ресурстық ба­за­ның жеткіліксіздігі, газ тасы­малдау жүйесінің тозуы, газбен қам­тамасыз ету деңгейінің төмен­дігі және тариф белгілеу жүйесінің тиімсіздігі. «Газбен қамту саласын басқару жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізу керек. Ресурстық базаны то­лықтыру мақсатында жер қой­науын пайдаланушылардың жаңа газ жобаларын іске асыруы үшін қосымша ынталандыру шараларын әзірлеу қажет. Газға баға белгілеудің жаңа үлгісін қалыптастыру маңыз­ды. Газды ішкі нарыққа жеткізу кө­леміне мемлекеттік реттеу енгізу ар­қылы жер қойнауын пайдалану­шылардың газ таңдау процесі ашық болуын қамтамасыз ету керек», – деді сенатор Е. Сұлтанов. Бүгінде магистралдық желінің 75 пайызының тозығы жеткен. Олардың көпшілігінің пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кеткен. Ол әсіресе Атырау мен Маңғыстау облыстарында аса қауіпті шекте. Мәселен, «Бейнеу-Жаңаөзен», «Жа­ңаөзен-Ақтау» газ құбыр­ла­рының ескіргені соншалық, желіде кез келген күні апат болып, елді мекендер мен өндірістік нысандар газсыз қалуы әбден ықтимал. Одан бөлек, өңірдегі газ тарату нысандарының техникалық жағ­дайы да сын көтермейді. Республика бойынша олардың орташа ескіруі 25 пайызды құраса, Батыс Қазақ­стан мен Атырау облыстарында бұл көрсеткіш 45 пайызға тең. Сон­­дай-ақ компрессорлық стан­са­лар­дың әрбір алтыншысы 50 жылдан астам пайдалануда болған. Ол аз десеңіз, газдың жерасты қойма­сы­ның негізгі қорының қолданыста жүргеніне де жарты ғасырдан асып кеткен. Жерасты ұңғымаларының 81 пайызының пайдалану мерзімі өткен. Міне, осы келеңсіздіктер елімізді газдандыру ісін қарқынды жүргізуге кедергі келтіріп отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елді мекендерді газдан­дырудың жалпы көлемі 57,7 пайыз болды немесе 11 млн адам газға қол жеткізді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттер деңгейінен көп төмен қа­лып қойған. Мәселен, Армения халқының 96 пайызы, Беларусьтің 97 пайызы, ал Ресейдің 70,1 пайызы газбен қамтылған. Көгілдір отынға ел аумағында он облыс пен Алматы қаласы тұр­ғындарына ғана қолжетімді. Мұның ішінде жеті облыста бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады. Ал Қарағанды облысының газбен жабдықталуы – 3,5 пайыз, Шығыс Қазақстан облысының газбен жабдықталуы – 1,3 пайыз. Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыста­ры­на көгілдір отын мүлдем жетпеген. Сөйте тұра, бұл өңірлердің газбен қашан қамтамасыз етілетіні туралы тиянақты дерек жоқ. Осы мәселені шешіп береді деп сенген «Сары­арқа» магистралды газ құбырының құрылысы жоспарлы межеден көп кешеуілдеп келеді және желіні тарту барысында түрлі түйткілдер туындап жатыр. Соған қарағанда 2025 жылға қарай солтүстік өңір­лерді газдандыру жоспары орын­далмай қалатын сияқты. Баға белгілеуде ашықтық жетіспейді Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің дерегі бойынша, қазіргі ішкі нарықта газдың бағасын келісу, таратылу көлемін белгілеу істері ашық емес және ол кәсіпкер­лік субъектілерінің бәріне бірдей тең дәрежелі бәсекелестік жағдай туғызбайды. Бұл істе Ұлттық опе­ратор – QazaqGaz ҰК акционерлік қоғамының мүддесі басқаларға қа­рағанда басым тұрғаны байқа­лады. Сонымен қатар Энергетика министрлігінің жеке субъектілер үшін бекіткен тауарлы газдың ба­ғасы әртүрлі, оның айырмасы кейде 16 есеге жетеді. Бұл сома 1 мың тек­ше метр үшін 601 теңгеден бас­талып 10 мың теңгеге дейін жетеді. Әрине, мұндай айырмашылық жер қойнауын пайдаланушылардың наразылығын тудырады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында және оңтүстік өңірлерде көгілдір отынның бағасы еліміздің батыс өңірлеріне қарағанда ана­ғұр­лым қымбат. Одан бөлек, Ұлттық оператор қызметінің нәтижесіне қатысты сұрақ көп. Компания кейінгі жеті жылда 587 миллиард теңге шығын шеккен. Бұл жерде компанияның шығыны тек тарифтің төменділі­гіне ғана емес, қолданыстағы бас­қару моделінің жетілмеуіне де бай­ла­ныс­ты екенін ескерген жөн. Сон­дай-ақ сенатор Ерік Сұлта­нов­тың ай­туын­ша, QazaqGaz бен оның «Ин­тергаз Центральная Азия» АҚ, «ҚазТранс­ГазАймақ» АҚ сияқты еншілес ком­па­ния­ларының да функцияларын қайта қарастыру қажет. – QazaqGaz-дың басымдылық құқымен алған газының 90 пайызы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арқылы сатылады, ол өз кезегінде жұмысы­ның 70 пайызын аутсорсинг арқы­лы басқа бір көлденең компанияға жүктейді. Одан бөлек, «ҚазТранс­ГазАймақ» АҚ газ тарату желісін сал­ған кезде жұмысының 70 пайы­зын басқа компанияға берді, қазір ол компания жоқ, сондықтан бұл жұмысты қайтадан өзі қолға алды. Мұндай жағдайда бәсекелестік орта қалыптастыру және QazaqGaz, «Қаз­ТрансГазАймақ» АҚ-ның са­тып алуларына басқа ұйымдардың қатысуы туралы бірдеңе деу бекер­шілік,– дейді сенатор. Одан бөлек, газды ішкі нарыққа тасымалдауға мемлекеттік реттеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Ішкі нарықта газ тұтыну көлемі ұлғайған сайын оның экс­портқа шығарылатын мөлшері азая түседі. Ал ішкі нарықтағы газ құны экспорттық түсім арқылы субси­дияланады. Яғни, экспорттық кө­лем азайған сайын ол ішкі тұты­ным­дағы бағаға соғұрлым кері әсер ететіні анық. Сарапшылардың ай­туынша, мұның әсерінен көгілдір отын­ның бағасы 60 пайызға қым­баттауы мүмкін. Сондықтан өңір­лерді газ­дандырудың неғұрлым тиім­ді жол­дарын және халықтың әлеуметтік осал бөлігінің мүддесін қорғаудың оңтайлы тәсілін ес­керген жөн. Қазіргі күні жалпы газ тұтыну кө­лемінің 46 пайызы жылу энерге­ти­калық компаниялар мен комму­налдық-тұрмыстық кәсіпорындарға тиесілі. Ал өнеркәсіптік кәсіпорын­дардың, бюджеттік ұйымдардың және тұрғындардың ондағы үлесі – 27 пайыз. Көгілдір отынның ішкі нарықтағы бағасын белгілегенде осы жайтты ескерген жөн, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік тұтынушылар мен криптовалюта майнингі кәсіп­орындары үшін жеке санат енгізу қажет-ақ. Үкімет үдеден шыға ала ма? Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және газ саласындағы ұлттық оператормен бірлесіп, сала­ны «қайта жүктеуге» бағытталған газ саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Министр Болат Ақшолақовтың айтуынша, мұнда көгілдір отынды тасымалдау жүйесін жаңғырту, қайта құру және жабдықтаудың баламалы көздерін іздеу қажеттігі ескерілген. – Жақын күндері Үкіметке газ саласының жай-күйін жақсарту жө­нінде ұсынымдар жіберілетін бола­ды. Мұнда газ ресурсының базасы мен оны қайта өңдеу көлемін ұл­ғай­ту, солтүстік өңірлер мен Шығыс Қа­зақстан облысына газ жеткізу, сондай-ақ еліміздің осы саладағы заңнамалық базасын же­тіл­діру жө­нін­дегі ұсыныстар көрініс табады,– деді министр. Биыл өңірлерді дамытуға арнал­ған трансферттер аясында газ ин­фра­құрылымы құрылысының 96 жобасын іске асыру, 59 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін 38 ны­санды аяқтау жұмыстары жоспар­лан­ған. Сондай-ақ «Бейнеу-Жаңа­өзен» газ құбырының күрделі жөн­деуін бастау, «Мақат-Солтүстік Кав­каз» және «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырларының баламалы желі­лері салынбақ. Маңғыстау облысында туристік кластерді дамыту үшін 2022 жылы «Сарша» аймағын және «Жылы жа­ғажай» курорттық аймағын газ­дан­ды­руды аяқтау міндеті тұр. Бұл Кас­пий теңізінің жағалауында туристік клас­тердің 10-нан астам нысанын газ­бен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. «Жоғарыда көрсетілген жоба­ларды іске асыру энергетикалық қа­уіпсіздікті және елдің батыс өңір­лерін дамыту үшін қосымша газ көлемін тасымалдауды қамтамасыз етеді»,– дейді Болат Ақшолақов. Әлем бойынша табиғи газ энер­гия қуатының 57 пайызын беріп отыр. Алдағы жылдары Қазақстанда отынның бұл түріне сұраныс тіпті арта түсетіні қазірдің өзінде белгілі. Ал біздің Үкімет бұл міндетті орын­дауға қаншалықты дайын екенін уақыт көрсетер.