Шымкент қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Шұбар ауылының шаруасы шатқаяқтап тұр. Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты ауылдағы әлеуметтік мәселелер қордалана түскен. Шұбарлықтар мегаполиске қол созым жерде тұрып, өркениеттен сырт қалғанына наразы. Атакәсіппен күнелтіп отырған ауыл тұрғындары бүгінде төрт түлік малын сатуға мәжбүр. Себебі жайылым жер жоқ. Барының өзі жекенің меншігінде. Содан мал қолға қарап қалған. Малдың көкке ілігер сәтінде қорада ұстап, жем-шөпті сатып алып беретін шаруаның жайы түсінікті. Ал жері барлар егін салмақ түгілі ауласына жеміс-жидек, көкөніс еге алмайды. Оған ағын су жоқ. Арыс, Шұбар өзендері таяқ тастам жерде ағып жатса да шұбарлықтар ағын суды былай қойғанда, ауызсуға да жарымай отыр. Жарық сөнсе, су да тоқтайды Ауыл тұрғыны Жамихан Байпақова ауызсу берудің үнемі тоқтатылуынан зәрезап болғанын айтады. «Ауызсу бір күн берілсе, бір күн тоқтайды. Жел тұрып, жаңбыр жауса, жарық сөнсе жарықпен қоса су да жоғалады. Суға жауаптыларға хабарлассақ, олар сусорғының істен шыққанын сылтау етеді. Кей күндері су 2-3 күннен соң беріледі. Біз сияқты үйде отыратын үлкен кісілер осындай жағдайлар жиі қайталана берген соң алдын ала қамданып бөшкеге су толтырып алатын болдық. Ал күндіз жұмыста болатын жастарға қиын. Сусыз қалады», – дейді ол. Ауызсу мен жарық мәселесінен әбден мезі болған бір топ қауым бізді ауылға су жіберетін мұнараға алып барды. Су айдайтын сусорғы 2012 жылы орнатылған екен. Алайда әу баста 700 абонентті сумен қамтиды деп жоспарланған мұнара қазір 1 400 абонентке тіршілік нәрін жеткізеді. Сондықтан күші жетпейді. Бұл туралы сол жердегі «Таза су» мекемесінің операторы Ақтай Еркінхан айтты. «24 сағат бойы су береміз. Алайда жарық сөнген соң су да тоқтайды. Одан бөлек, ескірген 160 вольттық трансформатордың да қуаты жетпейді. Кейде трансформатордың түтіні шығып өртенуге сәл қалады. Бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Электриктер мұны ауыстырмаса болмайтынын да ескерткен. Негізі 3 құдық бар. Бұрын 100 метрдей қазылып, іске аспай тұрған тағы бір құдықты тазалаттық. Енді 100 метрлік құбыр алып қойдық. Қосымша тағы бір сусорғы қоямыз. Қысымды көбейтетін орталықтандырылған сусорғы жөнделіп жатыр. Осыдан соң су үздіксіз беріледі. Бірақ ол үшін трансформатордың қуатын 250 вольтқа ауыстырмаса болмайды», – дейді оператор. Ал Ордабасы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығы трансформаторды ауыстыру үшін «Таза су» мекемесіне тапсырма берілгенін айтады. Олардың айтуынша, келесі айда ауыл толық сумен қамтылады. Ал Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Ержан Исмайлов былтыр ауызсу мәселесі бұдан да күрделі болғанын атап өтті. Биыл бұл бағытта біраз жұмыс атқарылып, тағы да бір құдық іске қосылған екен. Аудан әкімінің орынбасары сусорғы стансасының ескіріп, тозығы жеткенін растап отыр. «Шұбар ауылын электр жарығымен «Оңтүстік Жарық» мекемесі қамтиды. Иә, бағаналар ескірген. Біз «Оңтүстік Жарық» мекемесі басшылығымен кездесіп бұл мәселені жеткіздік. Олар электр жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту жоспарына сай Шұбар ауылының мәселесін 2023 жылы шешуді жоспарлап қойыпты. Бұл мәселе де шешімін табатын күн алыс емес», – дейді Ержан Исмайлов. Сонымен қатар биыл ауылдағы орталық көшелер жарықтандырылады екен. Бұл да ауыл тұрғындарының жанына батқан мәселенің бірі болған еді. Шұңқырдан шыққан шу Шұбарлық Жүсіп Ахметов қария қордаланған мәселелерді ауыл әкіміне айтып жүргеніне бірнеше ай болса да еш нәтиже шықпағанына күйінеді. «Балалар шомылатын жер жоқ. Барын байлар қоршап алды. Шомылатын өзен аумағы да, жайылым жер де қалтасы қалыңдарға берілген. Қара халық қайда барады? Ата бабамыздан келе жатқан жерге иелік ете алмайтын болдық. Қазір жайылым жеріміздің топалаңын, шаңын шығарып бірнәрселер салып жатыр. Жастар кешке көшеде машина жарыстырады. Енді не істесін? Ауылда жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыратын бірде-бір орын жоқ», – деп ашынды қария. Онымен қоймай ауылдағы әр жерде қазылып, ашық-шашық күйі қалдырылған шұңқырлар да шұбарлықтардың бас ауруына айналған. «Ауылдағы барлық көшеге газ құбыры үшін деп қазылған шұңқыр сол күйі жатыр. Оған мал да, адам да түсіп кетеді. Одан бөлек, орталық көшелерге салынып жатқан аяқ жол мен ирригациялық арықтардың сапасына көңіліміз толмайды» – дейді Рүстем Маханов. Осылайша, сапасыз салынып жатыр деп шу шығарған ауыл тұрғындары ирригациялық арық салып жатқан құрылысшылардың жұмысын тоқтатыпты. Өйткені арықтардың бетон жабындысы бірден топырақтың үстіне төселген екен. Оның үстіне бетондардың арасы да біріктірілмеген. Бұл жұмыстар былтыр басталған. Ордабасы аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Асқар Балабиевтің айтуынша, газ құбырын тарту жұмыстары 3 жылға созылады. Өтпелі нысанға газ кіргізу үшін республикалық бюджеттен 656 миллион теңге қаралған. Өткен жылы оның 80 миллион теңгесі ғана бөлінген. Бұл қаржы шұңқыр қазу және құбыр тарту жұмыстарына жұмсалады. «Биыл 250 миллион теңге бөлінеді. Біз мердігер компанияға барлық жұмысты жиып қойып, ең алдымен осы шұңқырды бітеуді міндеттеп отырмыз. Биыл біраз жұмыс атқарылады», – деді бөлім басшысының орынбасары. Ирригациялық жүйелердің сапасына көңілі толмаған тұрғындардың жанайқайын тыңдауға жуырда аудан әкімінің орынбасары Ержан Исмайлов келіп кеткен екен. Ол мердігерге құрылысты қайта қалпына келтіруге тапсырма берген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Берік Омаров тұрғындардың талабы орынды екенін жеткізді. Шұбар ауылының орталығындағы Қазақстан көшесіндегі осынау жұмыстар үшін республикалық бюджеттен жалпы 130 миллион теңге қаралыпты. 2 жылға өтпелі болған жұмыстар биыл қабылданып алынады. Біз бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Ержан Исмайловтың өзімен де тілдестік. «Жоба бойынша ол жерде әлі біраз жұмыс бар. Біз әлі қабылдап алған жоқпыз. Ертең қабылдап алғанда барлығын сметалық құжатта көрсетілгендей тексеріп аламыз. Әрине, мен ол жерде құрылысшыларға біраз ескерту айтып, тапсырма беріп кеттім. Тұрғындарға да араларыңыздан осы саладан хабары бар екі адамды комиссияға қосуды, олқылықты ескертуді ұсындым», – деді ол. Бұдан бөлек, шұбарлықтарды ауылдағы моншаның жабылып қалуы, көшеге қоқыс тастайтын жәшіктердің қойылмауы сияқты мәселелер алаңдатады. Қалай болғанда да, барлық істі үйлестіріп, ауыл тұрғындарына жағдай жасау – ең алдымен ауыл әкімінің шаруасы. Бірақ мұнда тұрғындармен тілдесіп, көп істің тігісін табуға міндетті ауыл әкімінің жұмысы мүлдем көрінбеді. Әйтпесе шұбарлықтардың бірнеше күннен бері көшеге шығып, шырылдап жүрген жанайқайын естір еді.
Түркістан облысы