Ұлт саулығы – ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі – Жұмағали Исмаилов
Ұлт саулығы – ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі – Жұмағали Исмаилов
Пандемия денсаулық сақтау саласындағы қателіктер мен кемшіліктерді айқындап берді. Дәрі-дәрмек жетіс­пеуі бір бөлек, маман тапшылығы да алдыңғы қатарға шықты. Денсаулық сақтау саласына реформа керек пе? Пан­де­мияда қандай қателіктер жібердік? Олқылықтарды түзей аламыз ба? Бұл туралы м.ғ.д., профессор, акаде­мик Жұмағали Исмаиловтан сұрадық. – Жұмағали мырза, соңғы екі жыл пандемия елді әбігерге салып қойды. ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус мұны «адамзат тари­хын­дағы ең соңғы пандемия» деп мә­лімдеме жасаған екен. «Корона­вирус бітті, енді індет қайталан­бай­ды» деп нақты айта аламыз ба? – Бұлай мәлімдеме жасау дұрыс деп санамаймын. Себебі адам ба­ласы қанша уақыт өмір сүрсе, сон­ша уақыт макроорганизм мен мик­роорганизм арасында үнемі қақты­ғыс болып тұрады. Ол – та­биғи заңдылық. Осыны түсінуіміз керек. Бұл – бір. Екіншіден, Қа­зақстанның территориясында та­биғи аса қауіпті инфекция ошақ­тары орналасқан. Сондықтан бұл мәселе үнемі күн тәртібінде тұруы тиіс. Бүгін коро­навирус, ертең та­ғы бір вирус пайда болмауына ке­пілдік жоқ. Жалпы денсаулық сақ­тау саласы адамдар­дың ден­саулығына қауіпті вирустар­ды азай­­­та­тын жүйе құруға міндетті. Іс-шаралар нақтыланып, қатай­тылуы керек. – Пандемия қазақстандықтар­ды ғана емес, әлемді есеңгіретіп жіберді. Кез келген вирусқа дайын болуымыз үшін не істеген жөн? Індеттің алдын алу мүмкін бе? – «Ауруын жасырған өледі» де­мей ме? Сол секілді коронавирус елі­міздегі денсаулық сақтау са­ла­сында көптеген кемшіліктердің бар екенін көрсетті. Оның ішінде –са­нитарлық-эпидемиологиялық қыз­метті қайта күшейтудің маңызы зор. Се­бебі соңғы жылдары бір ми­нистр­­ліктен екінші министр­лікке көшіріп жүріп, біз осы са­ланың не­гіздерін, ізденістерін шет­тетіп, кешеуілдетіп жібердік. Сол себепті де санитарлық-эпиде­мио­логия са­ласына көңіл бө­лінбей қалды. Са­ни­тарлық-эпиде­мио­логиялық қыз­меттің прокурор­лық қызмет сияқты атқа­ра­тын қадағалау функциясы бар. Коро­навирустан бөлек, елімізде соңғы жылдары көп инфекциялық ауру­лар ушығып жатты, бірақ оған тиісті көңіл бөлмедік. Мәселен, қы­зылша. Соңғы бес жыл­да бұл инфекция­ның ахуалы қан­дай болып жатыр? Зерттеп-зер­делеп жатқан ешкім жоқ. Оның бәрі коронави­рус­тың тасасында қалып қойды. Одан бөлек, ұйым­дастыру жұмыста­рында қандай кемшіліктер кеткені де айтылып жатыр. Оны тіпті Пре­зиденттің өзі де атап өтті. Сондықтан қазір ин­фекция таралы­мының төмендеген жағдайын пай­даланып, жүйелі жұмыстар атқаруы­мыз ке­рек. Ол үшін кеткен олқы­лықтарды түзеп, талдап, таразылап, кешенді іс-шараларды қолға алған жөн. Қа­теліктерді қазірден түзеу керек. Осыған орай бүгін жүйелі түрде жұмыс атқармасақ, мұның бәрі ертең кеш болуы мүмкін. – Ковид дертінен қаншама дәрі­герден айырылып қалдық. Қазір ден­саулық сақтау саласында күйіп тұр­ған мәселенің бірі – дәрігер тапшы­лығы. Бұл мәселені қалай шешеміз? – Ең алдымен кадр дайын­дай­тын мамандардың сапасын арт­ты­ру маңызды. Жоғары оқу орында­рында медициналық білім беретін мұғалімдер кімдер? Олардың дең­гейі қандай? Олар сапалы кадр да­йындауға әзір ме? Осы жағына көп көңіл бөлуіміз керек. Сапасы, дең­гейі, қабілеті, тәжірибе алмасу­дағы құзыреті қандай? Ғылыми жұмысы­ның деңгейі, педагоги­ка­лық әдісте­месі қандай, осының бәрін зерделе­ген жөн. Жақсы ұстаз жақсы маман­ды тәрбиелеп шыға­ратынын ұмыт­пағанымыз дұрыс. Мықты кадр жоқ десек, онда сапалы кадр дайын­дай­тын білікті адамдар жоқ деген сөз. – Қазір мемлекеттік те, жеке­меншік те емханалар өте көп. Бірақ байқасаңыз, науқастар мейлінше тиімді деп жекеменшік емханаға барады. Өйткені мықты мамандар­дың көбі жекеменшік емханаларға ауысып кеткен. Не себепті? Мем­лекеттік мекемелерде қаржылық мүмкіндік аз ба? – Мұның бір себебін өзіңіз де айтып отырсыз. Жекеменшік ме­дициналық ұйымдарда менедж­мент жақсы жолға қойылған. Олар қар­жылық ресурстарды тиімді пайдала­нуға бағытталады. Соның нәтиже­сінде жақсы кадр таңдауға және олар­дың әрі қарай дамуына қажетті деңгейде жақсы жағдай жасап отыр. Біліктілік тестінен жиі өтіп оты­ра­ды. Шетелдерге тәжі­ри­бе алмасуға жиі барады. Сондықтан олар па­циент­терге де жақсы қа­райды, дұ­рыс ем жасайды. Мем­ле­кеттік ме­ди­циналық ұйымдарға шағым неге көп? Олардың бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, дәрігерлердің біліктілігі. Екін­ші­ден, науқастардың аз-көптігі. АҚШ-та жасалған бір зерт­теуді мысалға келтірейін. Құры­лымы, науқастардың саны, кадрлық құрамы бірдей екі емхананы са­лыстырып көріпті. Бір клиникада арыз-шағым деңгейі екіншісіне қарағанда жоғары. Неге? Олар зерт­тей келе, бірнәрсеге тоқта­лып­ты. Сөйтсе, арыз-шағымы аз ем­хана­ның дәрігерлері науқастармен қа­рым-қатынас жасауға көп уақыт бө­леді екен. Көрдіңіз бе? Емделу­ші­мен жұмыс істеуде коммуник­а­ция­ның да әсері мол. Сондықтан науқас пен дәрігердің арасында жақсы қа­рым-қатынас маңызды рөл атқарады. – Кез келген науқас жекемен­шік медициналық ұйымға қарала алмай­ды. Бұл жағдайда мемлекет қандай стандартқа көшкені дұрыс? – Әлемге әйгілі ойшыл атамыз әл-Фараби айтқандай: «Тәнді ем­деуші дәрігер, ал жанды емдеуші – билеуші аталатын мемлекет қай­раткері». Сондықтан да мемлекет Конституцияда көрсетілген өзінің әлеуметтік функциясын атқаруы тиіс. Сонымен бірге, нарықтық эко­номика болған соң, оның өз заң­да­ры болады. Қазір елімізде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтан­ды­­ру жүйесі жолға қойыл­ған. Сол арқылы науқас өзінің сақ­тандыру полисін тиімді пайда­лануы тиіс. Мұның бәрі еліміздегі медициналық қызметтің жүйелі жұмыс істеуіне бағытталған. Бірақ бұл жағдайда да түйткілді дүниелер баршылық. Же­ке­меншік мекеме­лердің көбісі қор­дан қаражат алып отыр. Мысалы, біз басқаратын об­лыстық көпсалалы аурухана 2020 жылдан бері мемле­кет­тік-же­ке­меншік серіктестік ре­тінде қызмет көрсетіп келеді. Біздің мін­дет – осы аурухана жұмысын жаңалап, уақытылы іске қосу. Екін­ші, тиісті деңгейде менедж­ментті қалып­тастырып, қолжетім­ді, сапа­лы ме­дициналық қызмет көрсету. 2020 жылы біз осы ауруха­наны конкурс­қа қатысып, жеңіп алдық. Тиісті келі­сімшартқа қол қой­дық. Об­лыстық ауруханаға ин­вента­ри­зация жасап қарасақ, проблемалары шаш етектен екен. Ең бастысы, кә­сіп­орынның 891 миллион теңге қа­рызы бар болып шықты. – Мемлекетке ме, жоқ банк­­­терге ме? – Дәрі-дәрмек, медициналық аппараттар, тағы басқа да қарыз­дары көп. Соңғы екі жылда қарызға батпандап кірген. Әрі қарай осы деңгейде кете берсе, банкрот бо­лудың сәл-ақ алдында қалған екен. 400-ден аса орынға арналған ауру­хананың жағдайы тіптен мүшкіл халге түсіпті. Көпсалалы ауруха­наның жұмысын алға ілгерілету, жұмыскерлеріне жалақы беру, оны әрі қарай дамыту – аз жұмыс емес. Бастысы, біз бүгінде бұл ауруха­на­ның қарызын өтедік. Бұл қиын­дықтан қалай шықтық? Ең бірінші, дұрыс менеджмент қалыптастыра білдік. Екінші, сапасын көтердік. Ең қызығы, аурухана бұған дейін аккредитациядан өтпеген екен. Ол дегеніңіз – ұлттық стандарттарға сай емес деген сөз. – Қарызы көп, менеджменті дамымаған мекемені тірілту оңай шаруа емес. Сіз қалай тәуекелге бар­дыңыз? – Қарыздан құтылудың ең бас­ты жолы – шетелдік инвесторларды тарту. Бұл әлеуметтік жоба бол­ғандықтан, оған инвестор тартуға болады. Әрі бұдан керемет пайда көреміз деп отырған инвесторлар жоқ. Мұны клиникалық база ре­тін­де әрі халықаралық медици­налық мектеп ретінде жұмыс жүр­гізуге негіз болатын ұйымға айнал­дыруға мүмкіндік бар. Біздің мақ­сатымыз да сол. Екінші жағынан, өзіміздің кәсіби деңгейімізге де сенімдіміз. Менеджментті көтеріп, аяқтан нық тұра алсақ, аурухана сапасын ұлттық стандарттарға сай етсек, қалған қиындықтарды же­ңуге болады. Ең алдымен, ауру­ха­наны халықаралық стандарттарға сай ету үшін ескі құрал-жабдық­тар­ды жаңарту ма­ңызды. Сон­дықтан біз ғимараттың жобалық құрылымын қайта әзір­ледік. Шетелден арнайы консуль­танттар шақырып, болашақта ха­лықаралық стандарттарға сай болу үшін аккре­дитациядан өтуді жос­парлап отыр­мыз. Әзірге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Кадр мәселесін лайықты ше­ше алдыңыз ба? – Кадр мәселесі дегенде біздің ауруханада жас мамандар көп. Жас мамандардың біліктілігін арттыру үшін шетелден білікті дәрігерлерді тартып, тәжірибе алмасу бағы­тын­да жұмыстар атқарылып жатыр. Ол бір жағынан науқастарға сапалы көмек көрсету болса, екінші жа­ғынан біз­дің кадрларды үйретуге бағытталған. Жақын арада бір топ маманда­ры­мызды тәжірибе алмасу барысында Үндістанға жібердік. Клиника дұ­рыс дами түссе, жақсы жұмыс істеу­ге болады. – Қазір күрделі аурулардың бәрін емдеу үшін шетелге бара­тын­дар көп. Германия, Корея, Израиль­дің тәжі­рибесін пайдаланып, елде емдетуге мүмкіндік жоқ па? – Киын отаны тәжірибелі ма­ман атқармаса, кез келгеннің қо­лынан келе бермейтін дүние. Ден­саулық сақтау саласында жүрген дәрігерге қойылатын бірінші талап – науқасқа дұрыс диагноз қоя білу. Дұрыс диагноз анықтай алса, нау­қастың да емі дұрыс жүреді. Сон­дықтан ауруханаға қажетті маман­дарды дұрыс таңдай алсақ, ол дәрі­гер білікті маман болса, оның бі­лік­тілігін арттыру үшін шетелде тә­жірибе алмасуға мүмкіндік жа­сасақ, біздің медицина саласында да іл­ге­рілеу болар еді. Кез келген ауруха­на­ны жоғары деңгейде ұс­тауға бо­лады. Мейлі ол жекеменшік не мем­лекеттік болсын, ол басшы­сының кәсіби деңгейіне байла­ныс­ты. Жақсы басшы қызметке­ріне де дұрыс жағдай жасай біледі. Сіз айт­қандай, Германия, Израиль тәжі­рибелерін меңгертіп, кадрлар­ды өзіміз дұрыс дайындай білсек, ­шет­елге сабылудың қажеті болмас еді. Медициналық маманның ар­тық­шы­лығы неде? Ол универ­си­тетті бітірдім, жоғары білім алдым деп, бір орында тоқтап қалуға бол­майды. Ол маман ретінде өмір­ бойы білім алып, ізденісте жүргені дұрыс. Қазір байқасаңыз, техно­логия да бір орын­да тұрған жоқ. Жыл сайын жаңа техника шығып жатыр. Сол секілді медицина са­ласында да үздіксіз дамып отыр­масаңыз, артта қалып қоясыз. Дә­рігер қай саланы меңгерсе де, сол жолда үнемі оқып-тоқып отыр­ғаны дұрыс. – Үнемі ота залында жүретін маман өзін-өзі жетілдіруге мүмкін­дігі бола ма? –Дәрігер 24 сағат ота жасай бермейді. Оның да демалатын уа­қыты бар. Сол бос уақытында өзін шыңдап отыруы тиіс. Ма­мандарды оқытудың ең үлкен жолы – тә­жі­рибе алмасу. Дәрігерлерді шетел­ге жіберіп не болмаса шетелдік мықты дәрі­герлерді алдыртып, жергілікті ма­ман­дарды үйретуге болады. Кеңес алады, білімін жетілдіреді. – Шетелдерден маман әкелу тиімді ме әлде сол елмен тәжірибе алмасқан жеңілдеу ме? – Екеуі де қажет дүние. Шетел­дік мамандардың елге келгендегі артықшылығы – науқастардың қа­ралуына мүмкіндік болады. Ал өз дәрігерлерімізді шетелге жі­берсек, көп нәрсені көзбен көріп, үйреніп қайтады. Біздің ауруханада да ма­мандар түрлі операциялар жасап, науқастарға күнделікті кө­мек қолын созып, жәрдемін тигізіп жатады. Былтыр 3 000-ға жуық адамдарға же­дел көмек беріппіз. Біздің ауру­хана жеңіл-желпі ауру­ларға ғана емес, ауыр халдегі нау­қастарға да ем қолданып, жедел қызмет көрсетеді.
P.S. Медицина саласында нақты іс-шаралар бекітіліп, жүйелі жұмыс атқарылса, кез келген қауіптің алдын алуға болатынын академик бекер айтып отырған жоқ. «Дені саудың – жаны сау» дейді. Ұлт саулығы – еліміздің ұлттық саяса­тының басты бағыттарының бірі. Ол үшін ауыл­дар­да кәсіби мамандардың жетіспеу­шілігін жою, денсаулық сақтау са­ласында мамандардың на­шар да­йындалуына жол бермеу, аймақтар­дағы мекемелердің тех­никалық жа­ғын реттеу жағын еске­руіміз қа­жет», – дейді академик Жұмағали Ис­майы­лов. Денсаулық сақтау сала­­сында осы мәселелер шешімін тапса, оң өзгеріс болаты­нына сенім мол.