Қауіп қаңғыбас иттен
Қауіп қаңғыбас иттен
320
оқылды
Ақтөбеде болған сұмдық оқиға көпшіліктің төбе шашын тік тұрғызды. Тұлымшағы желбіреп өсіп келе жатқан балғын өмір күтпеген жерден қаңғыбас иттердің құрбанына айнала жаздады. Бұған дейін солқылдақ заңның салдарынан иесіз иттердің қоғамға қаупі күшейіп тұрғаны аз айтылып жүрген жоқ. Десе де, Қызылордадағы құзырлы орындар тарапынан бұл мәселеге құлықсыздық танытып отырғаны күмәнді ойларға жетелейді екен. Иесіз иттерді ату мен көзін жоюға қатысты заңға шектеу қойылғалы бері Қызылорда қаласында топ болып көше кезетін қаңғыбас иттердің қарасы көбейген. Бала тұрмақ, үлкен кісілердің өздері топтасқан төрт аяқтылардың жанынан жанын шүберекке түйіп, қорқы­ныш­пен өтеді. Қазір күшіктеп жатқан бұралқы иттердің саны қыс түскенше еселене түседі деген сөз. Заңға сәйкес, иттерді панажайларға (питомник) қамап ұстауға рұқсат бар екен. Бірақ еліміздің барлық өңірінде ондай жағдай жасалмағаны аян. Мәселен, Қызылорда қаласында иттерді уақыт оқшаулайтын орын жоқ. Ал оны салу қыруар қаржыны қажет етеді. «Жалпы, елімізде «Қаңғыбас иттер, мысықтарды аулап жою, және серуендету қағидаларын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 18 наурыздағы №262 шешімімен бекітілген ереже шеңберінде иесіз иттерге қарсы шараларды қолдану жаңа заңға сәйкес күшін жойып отыр. Соған орай жергілікті өкілдік орган қағидаларды қайта бекітетін болады. Әзірге облыста қаңғыбас және иесіз қалған үй жануарларына қамап ұстайтын арнайы орындар мен панажайлар (питомниктер) жоқ. Алдағы уақытта бекітілген ережелерге сәйкес, панажайлардың құрылысын салу мен қаңғыбас үй жануарларына қарсы күрес жұмыстары заңда белгіленген тәртіп бойынша атқарылатын болады. Осындай заң нормаларын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 625 миллион теңге қаржы көзін қарастыру туралы бюджеттік өтінім берілді», – деді Қызылорда облысы Ветеринария басқармасының баспа­сөз хатшысы Ақниет Жамитова. Бүгінде қала тұрғындары қаңғыбас иттерге үрке қарайтын жағдайға жеткен. Балалары мектепке кеткендер мен есік алдында ойнап жүрген бүлдіршіндердің ата-аналарының көңілі алаң. «Күн ұзаққа есік алдын торуылдап жүретін иессіз иттерде есеп жоқ. Тіпті, адамнан қорқуды білмейді. Оларға мемлекет тарапынан ешқандай шара қолданылмай отырғаны түсініксіз. Түрлі ірілі-ұсақты заңдар қабылданып жатқанын естіп, біліп жүрміз. Алайда қаңғыбас иттерге қатысты мәселенің шешілер түрі жоқ. Өңірлерде иттерден жапа шеккен оқиғалар көбейсе де, қамсыз отырғандардың әрекетін түсіну қиын. Есесіне төртаяқтылар балаларды тістеп жатыр», – дейді Тасбөгет кентінің тұрғыны Сапарбек Ерімбетов. Еліміздің көптеген өңірімен бірге Қызылорда қаласында да иттің кісіні талау фактісі тіркеліп жатады. Қала тұрғыны Болат Нұрқожаев немере­сінің қаңғыбас иттердің құрбанына айнала жаздағанын қорқынышпен еске алады. Ал қаршадай баланы қапқан иттің иесі табыл­мағандықтан, оның шағымы қанағаттан­дырылмаған. Қызылорда облыстық Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері аймақта 290 адам жануарлардан зардап шексе, оның 90 пайызы иесіз иттерге қатысты болған. Қалай дегенде де, көше кезген қаңғыбас иттерді аулау мен жою жұмыстары бүгін-ертең қолға алынбайтын сыңайлы. Сол секілді иесіз иттердің көзін жоюға пәрмен болатыны да беймәлім.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы