Жеделсатының жағдайы алаңдатады
Жеделсатының жағдайы алаңдатады
360
оқылды
Көпқабатты ғимаратқа көтерілуде лифт қызметін пайдаланатындардың көбі жеделсатының қаупін ескере бермейді. Бірақ лифтідегі кейбір оқыс оқиғалар қайғылы аяқталып жатады. Бұл орайда еліміздегі көпқабатты үйлердегі 4 мыңдай лифтінің тозығы жеткенін естен шығаруға болмайды. 2018 жылы Ақтөбедегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тозығы жеткен лифтке мінген келіншекті жеделсаты қысып қалып, сол жерде баласының көз алдында қаза тапты. Кейін осы жағдайға сараптама жүргізген мамандар лифттің 1985 жылы іске қосылғанын, 30 жылдан артық жұмыс істегенін, мұндай жеделсатылардың адам өміріне аса қауіпті екенін айтқан болатын. Ал лифтіде болған қайғылы жағдайға механик кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталған-ды. Қайғылы оқиғалар мұнымен толастаған жоқ. Одан кейін де Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс және Батыс Қазақстанда әбден ескірген жеделсатылардың жыры бітпеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстанның ұлттық лифттер қауымдастығының мәліметі бойынша, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде лифттердің ақауы салдарынан 13 оқыс оқиға тіркеліп, оның 8-і қайғылы аяқталды. Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлерде 30 мыңнан астам лифт бар, оның 4 мыңнан астамын жөндеу немесе ауыстыру қажет. Сенатор Рысқали Әбдікеровтің айтуынша, жеделсатыларды шұғыл ауыстыру үшін қаржы бөлінуі керек. Оның үстіне 10 жыл бұрын саланы лицензиялау жобасы алынып тасталды. Соның салдары­нан компаниялардың жұмыс сапасы нашар­лаған. – 2012 жылы лифт саласын лицензиялау алынып тасталды. Нәтижесінде, нарықта жауапкершілігі төмен компаниялар пайда болды, апатты жағдайлардың салдарынан адамдар жарақат алып, кейбірі тіпті мерт болып жатыр. Республика бойынша апаттық лифтілерді жедел ауыстыру үшін несие беру тетіктерін қарастыруды, лифт саласында бекітілген ұлттық стандарттар талаптарын қатаңдатып, жергілікті атқарушы органдарына әкімшілік айыппұл санкцияларын қабылдау бойынша арнайы құзырет беруді, елімізге күмәнді лифтерді әкелу тетігін шектеуді Үкімет қарастыруы керек, – дейді Рысқали Әбдікеров. Күтіп ұстау көңілден шықпайды Апатты жағдайлардың барлығы ескі лифттерде болады десек, қателесеміз. Қазір жаңадан салынған тұрғын үй кешен­дерін­дегі лифтілердің де ұдайы істен шығып жататыны таңғалдырмайтын болды. Енде­ше апаттық жағдайларға лифттің ескілігі ғана емес, оған уақытында көрсетілетін қызмет пен дұрыс пайдаланылуға жаса­латын жағдай да тікелей әсер етеді. Бұл бірінші кезекте лифтілерді пайдаланатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қызмет көрсететін компаниялар ел аума­ғына қандай лифттерді әкелу керектігін білуі және оны білікті мамандармен толықтырып, лифт жабдықтарын жиі тексеруді, сонымен қатар сертификатына жете мән беруі керек. Жалпы, лифттердің стандартты қызмет ету мерзімі – 25 жыл. Олардың істен шықпай, үздіксіз жұмыс істеулері үшін ай сайын сервистік компанияның мамандары жоспарлы тексеруден өткізіп, жылына бір рет техникалық сараптама жүргізулері тиіс. Ал мерзімі аяқталуға жақын лифт қызметін 2 жылға ғана ұзартуға болады. Осыдан кейін лифт қауіпті техникалық құрылғы ретінде жаңа жабдыққа ауыстырылуы немесе жаңартылуы қажет. Тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық нысандарында бекітіл­ген лифтілерді бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген. Бірақ іс жүзінде осы қалалық тұрғын үй инспекцияларына лифтілерді техникалық күтіп ұстау бойынша бақылау функция­ларын іске асыру жөніндегі өкілеттіктері берілмеген. Осылайша, жауапкершілікті әр мекеме бір-біріне ысырып жүргенде, тұрғын үйлердегі лифттер қараусыз қалып, жаңалары тез тозып жатыр. Шыны керек, лифт саласын дамыту бойынша қабыл­данған мемлекеттік бағдарламалар ескі лифтерді ауыстыру қарқынына әсер ете алмай жатыр. Бұған бірінші-төртінші қабат тұрғындарының экономикалық тұрғыда қызығушылық танытпай отырғаны себеп, ал бұл қолданыстағы заңнамаға сәйкес лифттерді ауыстыру бойынша жалпы үй деңгейінде шешім қабылдайды. Оған қоса, бөлінген бюджет қаржысының қысқа мерзімге берілуі пәтер иелерінің көтеретін қаржылай салмағының артуына алып келмек. Отандық өндіріске қолдау керек Бүгінде елімізде лифт жабдықтарын өндіретін 3 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Дегенмен бәсекеге қабілетті бағалар мен шетелдік өндірушілердің трансферттік технологияларымен кепілдендірілген жабдық сапасына қарамастан, зауыттардың өндірістік қуаттылығы толық игерілмей отыр. Салаға мемлекеттік қолдау көрсе­тілсе, отандық өндіріс жылына 3 200 элеваторға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берер еді. Сенатор Р.Әбдікеровтің пікірінше, отандық лифт жасаушыларды қолдауды күшейту керек. Ресми деректер бойынша, жыл сайын Қазақстанға 5 мыңнан астам лифт әкелінеді, ал отандық компаниялар бұл сұраныстың тек 21 пайыздан астамын ғана қанағаттандыра алады. – Жергілікті әкімдіктер бұл саланы дамытуға қолдау көрсете алмай отырғанын да атап өткен жөн. Мемлекет басшысы 2020 жылғы Қазақстан халқына Жол­дауында: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсет­кенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан алдымен отандық өндірісті дамытуға басымдық бере отырып, соның ішінде лифтілерді монтаждау және оған қызмет көрсету жұмыстарының тиімді­лігіне қол жеткізу қажет. Қазір қабылданып жатқан шаралар лифт шаруашылығын жаңғырту бойынша тиісті нәтиже бермей отыр, – деді Рысқали Әбдікеров. Қалай айтсақ та елімізден шығатын лифттер сапа жағынан шетелдік бәсеке­лестерден кем түспесе де отандық құрылыс салушылар оларды өз нысандарына орна­туға құлшыныс танытпай келеді. Сондық­тан мемлекет лифт саласын дамытып, оларға деген сұранысты арттыру қажет. Клиенттерге дайын өнімді шетелден сатып алу тиімді, ал бөлшектері қымбат. Жергі­лікті компаниялар лифттерді елімізде өн­діруге негіз жоқ деп отыр. Өйткені элеваторды құрастыруға арналған негізгі қондыр­ғылар басқа елдерден келсе, пайда­ланылған бөлшектер мен тораптардың 40 пайызға жуығы негізінен Қытай мен Корея елдерінен әкелінеді. Қазір Қазақстан, Ресей және Беларусь өндірісіндегі лифттердің құны шамамен бірдей. 1 лифтінің орташа құны 10 миллион теңгеге жуық. Лифт жабдықтарына сұраныс жыл сайын 10 пайызға артып келеді. Дегенмен сұраныстың аздығынан еліміздегі элеватор шығаратын зауыттары­мыздың тек 10-20 пайызы ғана жұмыс істеп тұр. Орташа есеппен бір отандық зауыт толығымен іске қосылса, жылына 500-ге жуық лифт шығаруға болады. Негізі мемлекеттік қаражат есебінен салынып жатқан тұрғын үй нысандарына жергілікті өндірістің материалдары мен жабдықтары қолданылса отандық өнеркәсіп те жанданар еді. Бірақ бір өкініштісі бұл құжат іс жүзінде жүзеге аспай келеді. Ескі, сапасыз жеделсатылардың кесірі­нен жыл сайын қаншама адам жақын­дарынан қапыда көз жазып қалып жатыр. Мемлекеттегі тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық жүйесіндегі олқылық талай отбасы қара жамылуына себепші. Сон­дықтан кінәлі лифт компанияларына айыппұл салып, күмәнді лифтілерді шектеу қажет-ақ.