Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, қазіргі Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауға алу туралы бұйрық жоқ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты мамандандырылған тергеу сотына материал түскен жоқ», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Ботагөз Баянова.Сондықтан әзірге экс-министр тергеу изоляторына ауыстырылмаған. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық музей басшылығы мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатынбыз. Қазіргі таңда іске қатысты тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Сонымен қатар ақпарат құралдары 16 мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлының ауруханаға түскені туралы жазды. Сол арада музей басшысы өзіне қол жұмсамақ болды деген ақпарат та тарады. Бірақ Ұлттық музей баспасөз қызметі бұл хабарды жоққа шығарып, ол ауруханаға аяғын емдету үшін жатты деп мәлімдеді.