Бүгін елордада AMANAT партиясы республикалық штабының мүшелері 5 маусымда өтетін референдумның маңыздылығын түсіндіру мақсатында «Салауатты Астана» отбасылық денсаулық орталығының медицина қызметкерлерімен кездесті.
Жиын барысында AMANAT партиясының хатшысы Ринат Кертаев алдымен ақ халатты абзал жандардың еліне, халқына ерен еңбегін атап, мемлекеттегі ауқымды өзгерістерге атсалысудан шет қалмас үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы келгенін айтты.
– Денсаулық сақтау саласы еліміздегі стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Халқымыздың амандығы, денсаулығының мықтылығы, адам капиталының негізін медицина саласында тұр. Дәрігерлердің қажырлы еңбегі мен жанкештілігін пандемияның өршіп тұрған кезінде бәріміз байқадық. Қоғамда ең көп талқыланып жатқан бастамалардың бірі – Конституцияға «жер мен оның қойнауы халық меншігінде» деген өзгерту енгізу. Бұл өзгерістің саяси маңызы зор. Ол елдегі барлық азаматтардың өміріне тікелей әсер етеді. Жер мен жер қойнауына қатысты конституциялық нормалар қазақстандықтардың мүдделерін ескере отырып, барынша нақты тұжырымдалған, – деді Ринат Думанұлы.
– Тағы бір маңызды мәселе - әкімдерді баламалы негізде тағайындау. Енді Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының қарауына баламалы негізде әкім лауазымына кемінде екі кандидатты ұсынады. Жергілікті депутаттардың көп дауысын жинаған кандидат келісімін алады. Осыдан кейін ғана Мемлекет басшысы оны әкім лауазымына тағайындайды. Яғни, іс жүзінде әкімді депутаттар сайлайтын болады. Демек, атқарушы билік вертикалі өзгеріске түсіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық өмірге, қабылданатын шешімдер мен басқару институттарының сапасына тікелей әсер етеді, – деді ол.