Ордабек Түймебаев әскерден мерзімінен бұрын үйіне оралған. Әкесінің айтуынша, дені сау баласы алты айда психиатриялық ауруханадан бір-ақ шыққан, – деп хабарлайды 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасы. Әкесі Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жалғыз ұлын командирлері соққыға жығып, қысым көрсеткен деп отыр. Сөйтіп, үш апта бұрын ұлын ештеңе түсіндірместен, "борышын өтеді, бәрі жақсы" деп әкеп тастапты. Қазір 21 жастағы жігіт Нұр-Сұлтандағы психиатриялық ауруханада ем алып жатыр екен. Ордабек – Алмахан Балықбаевтың жалғыз ұлы. Ол өткен жылы қараша айында әскерге шақырылып, Алматыдағы 7552 әскери бөліміне жіберілген. Сөзінше, денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Арада алты айға жуық уақыт өткенде әскерилер баласын үйіне әкеп тастаған. Бірақ, не үшін әскери қызметтен мерзімінен бұрын босатылғанын түсіндірмепті. Ал кейін Ордабектің мінез-құлқы өзгеріп шыға келген. Сөйтіп, бірде телефонын, бірде куәлігін жоғалтып, үйдегі дүниелерді өртей бастапты.
“Балам оқта-текте айтып қалады. “Тек ақша сұраумен болды. Ақша болмаса, төртеу, бесеу болып тепкілейді мені” дейді”, – дейді Ордабектің әкесі Алмахан Балықбаев.Алмаханның айтуынша, күн өткен сайын жалғыз ұлының жағдайы ушыға бастаған. Бармаған дәрігері, апармаған ауруханасы қалмапты. Ақыры, баласын Нұр-Сұлтандағы психиатриялық ауруханаға жатқызуға мәжбүр болады. Қазір Ордабек он күннен бері сонда ем қабылдап жатыр.
“Ол мына жағдайға түсіп кеткен, ешкімді танымай қалды. Өзін-өзі білмей қалып істеп жатыр ғой. Есі кірелі-шығалы болып тұрады. Баламыз да бұрынғыдай емес”, – дейді Ордабектің анасы Гүлсара Елтоқова.Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының өкілдері сарбазға ешқандай қысым көрсетілген жоқ деді. Сөздерінше, Ордабек әскерде жүрген алты айда үнемі дәрігерлердің бақылауында болыпты. Өйткені, алғашқы аптада-ақ баланың біртүрлі ерсі қылықтарын байқаған. Сондықтан арнайы мамандардың көмегіне жүгініпті.
“Ұрып-соғу болған жоқ. Егер қазір де ұрды-соқты дейтін болса, біздің құқық қорғау органдары бар. Оларға айтып, бәрі тексеріледі. Егер кінәлі адамдар болса, жауапкершілікке тартылады”, – дейді ҚР ҰҰ "Оңтүстік" ӨңҚ қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешев.Шенді қатардағы жауынгердің денсаулығында кінәрат барын және қандай кінәрат екенін ата-анасы да әу баста-ақ білген деді. Әрі ылғи байланысып, жағдайын сұрап отырыпты. Сол үшін мамырда алты айға жетер-жетпес борышын өтеген Ордабекке мерзімінен бұрын әскери билеті тапсырылып, үйіне қайтарылған екен. https://www.youtube.com/watch?v=9CBD-fcnJDE&t=4s