"Жауапқа тартылады": Ерлан Қариннің сөзінен кейін «Ирина Қайратовна» тобының әншісі қазақстандықтардан кешірім сұрады

"Жауапқа тартылады": Ерлан Қариннің сөзінен кейін «Ирина Қайратовна» тобының әншісі қазақстандықтардан кешірім сұрады

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында концерт берген Шиза есімді әнші мен «Ирина Қайратовна» тобы мүшесінің әрекеті елдің наразылығын тудырды. Онда сахна төрінде тұрған жас әншілердің бірінің Мемлекеттік туды лақтырмақ болғанын байқауға болады.  Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Алматыдағы концертте орын алған келеңсіз жайтты айыптап, әншілер жауапқа тартылатынын айтты.

"Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біздің білуімізше, концертті «NS group» ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет. Сонымен қатар, мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын-алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын", – деп жазды  Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында.
Кейін «Ирина Қайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов бейнеүндеу жасап, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Концертте ішімдік ішкендерін растап, мұндай жағдай енді қайталанбайтынына уәде берді.
"Ассалаумағалейкүм, қазақ елі. Менің есімім – Азамат Маркленов. Мен «Шоу Ирина Қайратовна» тобының мүшесімін. Алматыдағы соңғы концерт туралы айтқым келеді. Өзімді сахнада мәдениетсіз ұстағаным үшін, ішімдік ішкенім үшін қазақстандықтардан үлкен-үлкен кешірім сұраймын. Мойындаймын, бұл үлкен қателік. Енді қайталанбайды деп уәде беремін", – деді ол.
https://www.youtube.com/watch?v=v9DZjqC549k