Алматыда академик Әшімовтің 85 жылдығы аталып өтті
Алматыда академик Әшімовтің 85 жылдығы аталып өтті
Бүгін Алматыдағы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми зерттеу университетінде Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Әбдіғаппар Әшімұлы Әшімовтың 85 жасқа толған мерейтойын салтанатты түрде атап өтілді. Академиктің бүгінгі 85 жылдық мерейтойына ҚР сенатының төрағасы М. Әшімбаевтан, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтановтан, ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтен, т.б., алыс-жақын шетелдік танымал ірі ғалымдардан құттықтау хаттары келді. Әбдіғаппар Әшімұлы аталған университеттің түлегі. Сонымен қатар ол 1976-1985 жылдар аралығында оқу орнының ректоры қызметін абыроймен атқарды. Әбдіғаппар Әшімұлы басқару жүйелері теориясы мен технологиялық кибернетика саласындағы аса көрнекті ғалым. Сондай-ақ, ол еліміздің жоғары мектеп жүйесінде, оқу-тәрбие және ғылым саласында талантты басқарушы ретінде танымал тұлға. Сонымен қатар, 1991 жылы Ә. Әшімовтың жетекшілігімен және тікелей атсалысуымен ҚР Ғылым академиясы Ақпараттану және басқару проблемалары институты (қазіргі ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ақпараттық және есептеу технологиясы институты) ұйымдастырылды. 1991–1994 жж. осы институттың директоры қызметін атқара жүріп, жаңа институт қалыптастыру бойынша жұмыстар атқарды, оның ақпараттану, басқарудың теориялық және қолданбалы қырлары саласындағы іргелі мәселелерін шешуге ұжымды бағыттау мен ғылыми бағдарламасын әзірлеуді жасады. Сонымен бірге, 1994 жылы ҚР Министрлер Кабинетінің Қаулысымен Жоғары аттестациялық комиссияның төрағасы болып тағайындалды. Мерейтой иесі басқарған 1976–1985 жылдары аталған оқу орыны Кеңестер Одағы көлемінде жоғары білім беретін оқу орындарының алдыңғы қатарына қосылды. Оқу орнының жанынан бұл күнде еліміздегі бірнеше іргелі университеттер бөлініп шықты. Кеш соңында мерейтой иесі жастарға қарата, «сіздер заманауи қоғамда өз болашақтарыңызды белсенді жасаушысы ретінде армандарыңызды жүзеге асыра алатын Қ. Сәтбаев университетін таңдадыңыздар, бұл деген – өте жақсы таңдау. Бүгінде инженер мамандығы еңбек нарығында ең көп сұранысқа ие және осы мамандықтың сипаттамасына жиі жүгіну оның танымал болуына сөзсіз дәлел болып табылады», – деді.