Жыртық теңге
Жыртық теңге
542
оқылды
 Мың теңге мен он мыңдық теңге бір кісінің қалтасында «құшақтасып» жатты. Мың теңгенің етек жағы сәл жыртық еді. Он мың теңге су жаңа болатын, беті жылтырап, әлгі кісі ұстаған сайын сытырлайды. Олар қаншама ыңғайсызданғанымен, әлгі кісі екеуін бірге бүктеп, келесі қалтасына салып қойды. Ыстық сезім, ыстық махаббат одан сайын тасып, бір‒біріне ынтыға қарады. Бір кезде он мыңдық Теңгебек жыртық мың теңгелік Теңгегүлге қырындай бастады. – Қарындас, жасыңыз нешеде? – деп сұрады ол. – 2019 жылы туылғанмын. – Оо, менен көп кіші екенсің. – Ағай, өзіңіз нешедесіз? – 2015 жылғымын. – Үйленгенсіз бе? – Қайдағы? Енді үйлене бергенімде, басқа біреудің қолына өтіп кетіп, бес мыңдық қарындастан ажырап қала беремін. Бірақ, сіз маған ұнайсыз. – Қойыңызшы... – Қолдан-қолға өткенге, жұрт бізді «жүргіш» деп ойлайтын шығар? – Менің де бармаған жерім жоқ. Сусылдап, ана жерге, мына жерге кетіп қала беремін. «Қыдырымпазсың» деп күлген Бесжүзбек «пацан». Өзіне қарамай, ‒деді мың теңге жыртық етегін жасырып. Сөйтті де, он мыңға үзіле қарады. Он мың да, мың теңгені одан бетер құшақтап, бүктеліп жатты. «Осы қарындасқа үйленсем бе? Үстінің кірлеп кеткені болмаса, жақсы қыз сияқты, – деп ойлады ішінен. Мың теңгелік қыз да кет әрі емес. Жігіт ақшаның құшағында балқып жатты. Алапат махаббат басталғандай ма? Бір күні әлгі кісі он мыңдық Теңгебекті біреуге қарызға бере салды. Әйелге. «Адамдар қызық. Тек өздерін ғана ойлайды. Махаббат, сахаббат дегенге қарамайды. Бізді сондай жақсы көргендерін қайтейік, кез‒келген күні сатып кете салады. Аударып жібере де салады. «Мә!» деп бере де салады. Ақша үшін төбелесіп, ақша үшін атысып, бір‒бірін о дүниеге де аттандырып жататындар, осы адамдар!» деп ойлады Теңгегүл. Он мың теңге мың теңгені қатты сағынды. Бір‒бірін іздеп, бүкіл елді шарлады. Бірақ, кездесе алмады. Бақытсыз мың теңге көз жасын көлдетіп, «отырып қалған кәрі теңге» атанамын ба деп те қорықты. Бір күні Теңгегүл жиырма мыңдық қариямен кездесіп қалды. Бір әмиянда. – Ата, менің он мыңдық жігітімді көрдіңіз бе? ‒деп сұрады ол. – Сериясы қандай? – Соны сұрамаппын. – Қызым-ау, он мыңдықтар көөп қой. Қай жылы туылған? – 2015 жылы туылған-ау. – Көрмедім. Мен ұрылардың қолында болдым. Биліктегі ұрыларды айтамын. Одан шетел асып кетіп, биыл қайта келдім. Сейфтерде тұншығып, қаншама айлар жаттым десеңші! Мың теңгелік өксіп жылады. Жиырма мыңдық та онымен бүктеліп жатып, басу айтты. – Қызым, жылама. Мүмкін, бір кедей адамның тесік қалтасында кездесіп қаларсыңдар. Сендер үйлене алмайсыңдар. Өйткені, біздің өміріміз жылжымалы, көшпелі, қолдан‒қолға өтеміз. Сосын, жылап жүресің. Мың теңге қария теңгенің құшағына тығыла түсті. Көрген күндері құрысын бұл ақшаның. Ал жиырма мың теңге келесі күні бір топ өзі сияқты кластастарымен бірге бір жемқордың қолына түсті. Айтпақшы, жемқор демекші, 31 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырған Батыс Қазақстан облысы, Сырым аудандық білім бөлімінің экс‒бұхгалтері Ақкенже Кушаеваның басы керемет істейді екен. Ол бөлім басшысы мен бас есепшінің электронды санды қолын пайдалана отырып, қыруар қаржыны туыстары мен әріптестерінің есеп шоттарына аударып отырды. Сол ақшалардың ішінде Теңгегүлдің жігіті Теңгебек те кете барған. Жылап, еңіреп. Жыртық тенгенің көз жасы ұрды ма, А. Кушаева жеті жыл, алты айға сотталып тынды. Абайлаңыздар, теңгелердің махаббатымен ойнауға болмайды!

ЖАТЫПАТАР ЖАНЫС