Төбелескіш тергеушілер
Төбелескіш тергеушілер
357
оқылды
Олай болар деп кім ойлаған? Бір қараса, бастығы өзіне қарай ұмтылып келеді екен. Жұдырығын түйіп алған. Неге ұрғалы келе жатқанын түсінбеген қарамағындағы жігіт ағасы қаша жөнелді. Қуып келеді, бір-бірінің ара қатынасы суып келеді. Қуып келе жатқаны: «Тоқта!» дейді. Қашып келе жатқаны: «Басеке, сізді беремін сотқа!» дейді. Бірақ, не үшін қашып келе жатқанын түсінбей, безектеп келеді. – Басеке, неге қуып келесіз? ‒ деп сұрады орынбасары. – Білмеймін. – Білмегені қалай? – Сол, сені бір ұрып, құлатқым келеді. – Бастық деген қарамағындағыларды ұрмайды. – Бұл сөзің құлаққа тұрмайды. – Бір жерге барайықшы, ыңғайлы, ‒деген орынбасары оңаша тұсқа келгенде, кілт тоқтай қалып, ошарыла бұрылды. Екпіндетіп келе жатқан бастығы басын қасып, тұрып қалды. – Ей, неге қашпайсың? – Өкпем өшті, басеке. – Не, сен маған қарсы ұмтылмақшысың ба? ‒ деп сұрады бастығы. Өйткені, орынбасары алып маймыл Кинг-Конгтың немересі сияқты апайтөс, еңгезердей жігіт еді. Бастықтың мысы басылып қалды, «Духы жетпей», «көзсіз батырлығы» шашылып қалды. Енді ол бұрылып алып, қаша жөнелді. Соны білген орынбасары да қуалай жөнелді. Үйлер мен үйлердің аулаларын орай қашқан бастық тым жүйрік екен, жеткізер емес. – Бастықты ұруға болмайды, ‒ деді ол ентігіп. – Өзіңіз ғой, төбелескіңіз келіп тұрған. – Қуалама деймін. – Ал, сіз қашпаңыз. – Тоқтасам ше? – Бір ұрып, құлатамын. – Онда ертеңге дейін қаша берейін. – Шаршап кеттім, бір кафеге барып, тамақтанып алайық, басеке? – Сосын? – Қайтадан қашасыз, мен қуалаймын. – Жұмыстан қуып жіберемін! ‒ деген бастық бұрылып, артына қараған, орынбасары анадай жерде безіп барады екен. Енді бұл қуалай жөнелді. Артынан қуып жетіп, таяқ тастам жерде келеді. – Әй, неге қаштың? – Қызметтен қуамын деген соң? – Арманың не? – Бір ұрып құлатар едім. Соған лайықсыз. – Тоқта деймін!, бұйырамын! Орынбасары тоқтады. Бастығы отты көзін оқтады. Екеуі де алқынып, еңкейе беріп, тізелерін ұстап тұр. – Ал? ‒ деп сұрады бастық. – Адам емессіз. – Сонда қалай? – Адам емес, жәй бастықсыз. – Сосын? – Сіз менің аяғымнан щалу үшін не істемедіңіз? – Не істедім? – Кеше кабинетімнен шыға бергенде, «подношка» қойып құлаттыңыз. Осы қызметке келгелі неше мәрте аяқтан шалып, істемеген пәлеңіз жоқ. Сөйте тұрып, мені ұрмақшысыз, ә? Мә, ендеше, керек болса!‒деген орынбасары бастығының тұмсығынан періп кеп жіберді. Бастығы шалқасынан түсті. Шалқасынан жатқан бастығының бетіне бір түкірген орынбасары, оны аттап кете барды. Өмір-ай, десеңізші, осыған ұқсас оқиға Шымкентте болды. Экономикалық тергеу комитетінің қызметкерлері бір‒бірімен қырғын төбелесті. Жетінші мамырды тойлаған төбелескіш тергеушілер кафенің алдында қораздар сияқты қоқиланып, бір-біріне тап берді. Жоқ, әуелі, екінші жедел басқармасының бастығы Бақтияр Ахметжанов бас-көз жоқ Мырзабек Тойлыбаевқа жұдырығын ала жүгірді. Жұдырық иіскейтін Тойлыбаев па? Соққыдан қашып үлгерген тергеуші, Ахметжановтың өзін ұрып жығып, баспалдаққа басымен құлатқан. Бүгінде Ахметжанов ауруханада жатыр. Тергеуші қамаққа алынды. Ал, енді мына қызықты қараңыз, Жамбыл облысында бір топ жастар полицейлерді жабылып тепкілеген. Тепкілегіштердің арасында қыздар да бар болған. Шу қаласындағы бұл «ғажайып» төбелес неден болды? Тәртіп сақшылары нөмірі жоқ көлікті тоқтатқан ғой. Көліктегі азаматтар ауыздарын ашып есінеген бе? Көздерін жыпылықтатқан ба? Әйтеуір, қарсылық танытып баққан. Сөзге келіп қалған олар жекпе-жекке шыққанымен, аяғы апыр-топыр төбелеске ұласқан. Бүгінде күдіктілердің сегізі қамауда жатыр. Несі бар, төбелесіп десеңізші? Әшейін, бір-бірімен құшақтасеееп тұра бермей ме? Адамдар қызық-ей!

Ратхұм МІРЕШ