Мақұл
Мақұл
«Бос белбеу» министрлігінің министрі Түкбітірмес Уәдебайұлы президенттің қабылдауында болды. – Халықтың жағдайын ойла, халықпен бірге бол! – деді президент. – Мақұл. – «Жаңа Қазақстанды» бірге құруымыз керек. – Мақұл. – Қымбатшылықты қуалап жүріп, ұстап алыңдар. – Мақұл. – Сіздің мақұлдан басқа айтарыңыз жоқ па? – Мақұл. – Не ойланып кеттіңіз? – деп сұрады президент. Министрдің маңдайынан тер сорғалады. – Мақұл. – Қысылмаңыз, алдағы атқаратын іс-шараларыңызды баяндаңыз. – Жарайды, мақұл. – Құлағым сізде. – Мақұл, мақұл. – Немене мақұл? – Мақұл. – Сіз сияқты тек мақұлмен уәде бергіштерді министрліктен тайдыруым керек. – Мақұл. – Отставкаға кетесіз бе? – Мақұл. Президент оның қолын алды. – Сау болыңыз! – Мақұл. «Бос белбеу» министрі президент қабылдауынан шыққаны сол, тілшілер қоршап алды. – Президент қабылдауында өзіңізді қалай сезіндіңіз? – деп сұрады «Хабар» тілшісі. – Мақұл. – Қандай тапсырмалар берді? – деді «КТК» тілшісі. – Мақұл. – Кешіріңіз, тапсырмалар туралы айтсаңыз? – Мақұл. – Айтсаңызшы? – Мақұл. – Сізге не болған? – Мақұл... «Мақұлмен» басын изеген министр кабинетінде көңілсіз отырды. Орынбасары келді. – Қызметтен кетіпсіз, құтты болсын! Ол оған біртүрлі қарады да: – Мақұл! – деді. Шынында, осыған ұқсас, «мақұлмен», құрғақ уәдемен, бас шұлғумен ғана халықты алдайтын әкім қаралар, мекеме басшылары саңырауқұлақтай қаптап кеткен. Олар АР, Ұят дегендерді табандарымен таптап кеткен. Мысалы, Түркістан, Жамбыл облысының бірнеше ауылдарында осы күнге дейін ауыз су жоқ. Аудан, ауыл әкімдері халықты «Мақұл, мақұлмен» алдандырып келеді. Күні кеше, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданының әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, газдандыру мсәселесін сөз етті. «Мақұл, ауданды газдандырамыз!» –деп уәде берді. Уәде сиыр құйымшақтанып кетпесе жарар еді. Уәдесі, «Мақұлы» көп, тындырары жоқ, мәдениет және спорт министрлігін Абаев арбамен болса да, алға сүйреп шыға ала ма? Осындай күдік бар. Өйткені, «Мақұл, қатырамыз!» – деген спортшыларымыздың жолы соңғы олимпиядада көңілге қар жаудырды. Бапкерлер бастарын қасыды, спортшыларымыз қоламен ғана оралып, жарысқа қатысқан мемлекеттердің кестесінде сексен үшінші орынға сырғанап барып, «дік» етті. Өйткені, біздің министрлік үкіметке тек «мақұлмен» ғана жалған ақпарат беріп, спорт саласын жемқорлық жайлады. Сонда, бюджеттен бөлінген қыруар қаржы қарға болып ұшып кетті ме? Қайда? Әлде, «Мақұлбек­тер­дің» қалтасында ма? «Мақұл, мақұлмен» астанада салынып жатқан Олимпиадалық дайындық орталығы «қартайып» кетті. Құрылыс та қартаяды екен. Он екі жыл болды салынып жатқанына. Сол, «Мақұл­бектердің» кесірі. Бюджеттен құрылысқа отыз төрт миллиард теңге бөлініп еді, жымқыр­ғыштар пайда бола кетті. «Мақұл, мақұл» дегіштер тек спорт саласында ғана ма? «Қазавтожол» БҚО филиалының директоры Әмір Кәрібаев президент пәрменімен қызметінен босады. Өйткені, ол да «мақұлмен» күн кешкен. Аймақтағы жолдарды тек мақұлмен «жөндеген». Президент үш ауданды жалғайтын 248 шақырым тас жол құрылысының тым кешеуілдеуін сынаған еді. «Мақұл!» деген сөз жақсы, бірақ оны орындаған одан да жақсы.