«Крыша» ма, крыса ма?
«Крыша» ма, крыса ма?
– Күні кеше «милиция-қорғаным!» деп қызыл жағалыларды пана көруші едік. Бүгінде « Е, Құдай! Полицияның қолына түсіре көрме» деп жалынатын болдық. Бұл қалай? – деді қашан да қыңыр сөйлейтін Қожанасыр Тазша баланың қасына келіп. – Ата, кезінде алдыңызды ешкім қиып өте алмайтын сөзмергеннің нағыз өзі едіңіз. Немене, қартая бастағансыз ба? Сөзіңіздің қиюы қаша бастапты ғой, – деп Тазша бала тақиясын теріс айналдырып киді. – Бүгінгінің баласына дейін қағынған. Жөн сұрасаң, қисық жауап береді, – деп Қожекең кәдімгідей тулады. – Ата, соны да білмейсіз бе? Бүгінгінің полицейлері қызыл аңдыған түлкіден қу, қасқырдан да зәлім. – О, неге? – Өйткені, «адал деген молданың қазанынан жеті қабанның басы шығыпты» демекші, сенген қойымыз осындай болып тұр. Бұған заманды да, заңды да кінәлауға болмайды. «Қалып алып кеткен ауыз жегенін қоймайды, жыбырлауық ауыз дегенін қоймайды» деген тап осы! Осыған дейін де оқалы жағалылар оңай олжа табудан алдарына жан салған жоқ. Айлық еңбекақыларын көтерді, сыйақымен қарық қылды, бірақ, жұтып қалған өңеш жыбырлағанын қоя алар емес. Бұған не айтарсыз?-деп Тазша бала атасына аңтарыла қарады. – Оу, сен тіпті өңмеңдеп барасың ғой. Дәлелмен сөйле, дәлелмен. Сырттай дол­бар­лағаның айғақ емес. Полицейлердің бәрі сайғақ емес, – деп Қожанасыр таяғына сүйенді. Тазша балада айғақ ырғын еді. Сөйлеп кеп берді. Жуырда ғана Шымкент қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция полкінің төртінші рота командирінің қолына кісен салынды. Ол қарамағындағы қызметкерге «крыша» болып жүргісі келіпті. Оған Қылмыстық Кодекстің 366 бабы бойынша іс қозғалды. Парақор поли­ция кезекті бір пара алу үстінде ұсталған. Оны уақытша ұстау изоляторына тоғыт­ты. Артынша Шымкент қаласының мамандан­дырылған соты күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Мұны бір деңіз. Шымкент қалалық полиция депар­таменті жергілікті полиция қызметінің бұрынғы бастығы жөнінде де алыпқашты әңгіме көп. Әзірге белгілісі, күдіктіге қатысты қызмет бабын асыра пайдалана отырып, алаяқтық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп, тексеру, жауап алу жүріп жатыр. Нақтыласақ, оған Қылмыстық Кодекстің 190 бабының 3 бөлігі, 2 тармағы бойынша іс қозғалған. Күдікті Бұқарбаев осы жылғы 25 сәуірінде қылмыстық іс жүргізу заң кодексінің 128, 131 баптарының негізінде тұтқындалған. Павлодар қаласындағы полиция бас­қар­масының көші-қон қызметі бастығының орынбасары Әубәкіров Өзбекстан аза­матына «крыша» болып келген. Капитан шеніндегі бұл полицей үш жыл арқалап кете барды. Жалпы, көші-қон қызметінде кәкір көп. Айталық, Алматы облысы, Алматы қаласы, Түркістан, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында көрші елдерден келген еңбек мигранттарынан пара алып, «крыша» болып келген бірқатар полицейлер анықталып, бұлардың барлығы тиісті жазаларын алып еді. Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келген азаматтардың еркін жүріп-тұруына, жұмыс істеулеріне кепілдік берген «жомарт» полицейлер де табылады. Жуырда Түркістан облысында дәрілік шөп жинап жүрген бір топ өзбекстандық ұсталды. Олар мұнда қайдан жүр? Оларды емін-еркін сайрандатып қойған кім? Таңқаласыз, ә! Онда әрі қарай кеттік. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық полиция бөлімінің орынбасары Әбілхайыровқа Орал қаласының тұрғыны тым аянышты жағдайда келеді. Ол бір қылмыстық істі тоқтатып беру жөнінде полиция майорына өтініш жасайды. – Жарты миллион! – депті ол шімірік­пестен. Осы жарты миллион үшін Әбілхайыров мемлекетке 7,5 миллион теңге айыппұл төлеп, зорға құтылды. – Япырай, мыналарың «крыша» ма, крыса ма? – деп бас шайқады Қожекең. Тазша бала тырағайлап тырқ-тырқ күлді. – Неменеңе жетісіп күлесің? – деп Қожекең қатты ашуланды. – Заңмен бетпе-бет жұмыс істейтін, сол заңды қорғайды деген адамдардың былыққа батқаны жан ауыртады да, ата. Олардың ары таза болмай, қоғам тазара ма? Заң саласындағы парақорлықты, жемқорлықты, алаяқтықты түбірімен жоймай, қайтіп ел боламыз? Оқалы киім кидің бе, ең алдымен арың таза болсын. Кісінің ала жібін аттама. Адамгершілігің бәрінен биік тұрсын. Заңды өзің құрмет­темесең, басқалар қайтіп құрметтейді? Ар-ұят, иман, тәртіп сияқты қасиеттерді бойына жинақтай алмаған жандарды бұл саладан тырқыратып қуып шығу керек, – деп Тазша бала атасына бажайлай қарады. – Тырнақтай баланың білгенін білмейтін бұлар не деген көрсоқыр, – деп Қожанасыр есегіне қарай беттеді. Сірә, ауызы дуалы емес пе, жоғары жаққа барып, бір бәтуаға келуге асықты-ау, шамасы. Артының қайырың берсін!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ