Сабағыш сабаз
Сабағыш сабаз
202
оқылды
Еркектерде ес жоқ қой. Бәрін айтпаймын. Ашуланса болды, жуан жұдырығын ала жүгіреді. Сөйтіп, әйелінің бет-аузын тегін бояп береді. Көк-ала қойдай етіп, сабай жөнелетінін айтсаңшы! – Көршім сондай. Сабағыш сабаз. Әйелін ауадан да қызғанады ғой деймін? Анаудан да, мынаудан да қызғанып жатқаны. Әйелі менімен түйдей жасты. Бір күні, көрші болған соң, үйге қуанып келді. – Ақмарал, мені күйеуім сабады! ‒ деді секіріп. – Құрт сорғандай, қуанып тұрғаның не? – Қатын болып таяқ жедім, алғаш рет! Авторитет қой! – Не дейді? – Соткадан Мейрамбек Беспаев деген әнші бар ғой, соның суретіне қарап отырғанмын. – Е? – Мейрамбекке ғашықсың ба? Оның әндерін неге қайта-қайта тыңдай бересің дейді. – Сосын? – Бір күні: «Мынау кім?» деді телефонымды шұқылап. – Сосын? – Сәкен Сейфуллин дедім. – Ол кім? Бұрынғы жігітің бе? ‒ деп ішіме ыңқ еткізіп, бір ұрғаны. Еріксіз сәлем салдым. – Өй, ол жиырмасыншы ғасырдың атақты жазушы, ақыны демейсің бе? – Топас қой, қақпайды. Вацапыма бір сақалы бар еркектің суреті келген. «Бұл кім?» ‒деп сұрады. «Орыстың Маяковский деген ақыны. Өліп қалған» ‒ дедім. «Жаның шықсын! Келесі көшеде тұратын Андрейге ұқсайды екен! Енді орыспен жүретін болдың ба?» ‒ деп бетімнен қыршып тістеп алды. – Ит екен ғой. Қабаған. Сен былай жаса, қаладағы бокс спорт залына бар. Ақша беріп, бір екі «приемдарын» үйреніп ал. Қорғануға жақсы. – Тағы бір күні көрші келіншек үйге келді. Жүзі жайдары. – Ұрды ма? ‒ деп сұрадым мен. – Ұрды. – Неменеге мәз болып тұрсың? – Ұра бергенде, бұғып қалып, құлаштай салеп қалып едім, шалқасынан түскені. – Қашып кеттің бе, не? – Жоға, талып қалды. Есін жиып алып, тағы тұра бергенде, салееп қалдым. – Немен? – Қазанмен. – Жындысың ба? Өліп қалса, сотталып кетесің? – Өлә, сондайы бар ма? ‒ деген ол үйіне қарай жүгіре жөнелді. Тағы бір күні жылап келді, менен ақыл сұрап келді. – Сабағыш сабазың ұрды ма? – Ұрды. – Сен ше? Үйренген әдістеріңмен бір періп жібермедің бе? – Ұра бергенімде, блок қойды ғой. – Ол немене? – Қолдарын айқастырып, тұра қалды. – Сен не, сол кезде билеп тұрдың ба? – Жоға, есімді жисам, мысықтың үстінде жатыр екенмін. – Сен одан да ажырасып кетсеңші. Бір күні өлтіріп қойса ше? Ол қорыққанынан жүгіре жөнелді. Үйіне кетті ме десем, сол күйі төркініне қашып кетіпті. Расында, еліміз бойынша әйелдердің он алты пайызы тұрмыста зорлық-зомбылық көреді екен. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша дағдарыс орталықтарында жетпістен астам әйел, сексен беске жуық жасөспірім қызмет алады. Күні кеше Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан елді-мекенінде төрт баласының көзінше әйелін ұрып өлтірген азамат ұсталды. Сабағыш сабаздар сабасына түсер емес. Нұр-Сұлтанда Айда есімді келіншекті күйеуі өлімші етіп сабап, балконда үстіне мұздай су құйған. Өзін мұздардың арасына жатқызып қояр ма еді? Ал, Оралда бұрынғы күйеуі С. есімді келіншекті қуалап жүріп сабаған. Көшеде. Жұрттың көзінше. Олар бұл аюандықтары үшін заң алдында жауапты екенін, бұзақылық бабы бойынша қамалатынын, айппұл төлейтінін біле тұра «Мен еркекпін!» деп кеуде соғады. Әй, еркек! Әйеліңді сабай бергенше, сабаңа түс! Ойлан!

Ақмарал ӘБДІРАМАНОВА