Қазақпыз ба, мазақпыз ба?
Қазақпыз ба, мазақпыз ба?
139
оқылды
Қазақ дегенде, өзімізге тиеді, не көзімізге тиеді, не сөзімізге тиеді... Қиялымызда қиқым жүреді, сосын бізге өзге жұрт күледі. Адамның миына кірмейтін нәрселерді ойлап тауып, жұртты таң қалдырудан алдымызға жан салмаймыз. Мәселен, бір облыстағы ауылда күйеу түсіру болып өтті. Келін түсіру деген сияқты. Соған қарағанда, олар есектің миын жеген сияқты. Әлеуметтік желідегі бейне баянға қарасаңыз, қарныңыз ашады, күйеу баланы екі жеңгесі қолтықтап келеді. Ал, күйеу бала болса, сәлем салумен шаршады. Бұл өзі қайдан келген, немесе аспандағы айдан келген дәстүр? Қай ақымақ ойлап шығарды екен? Бүйте берсе, қыздар жігіттерді алып қашатын кез де келіп қалар? Қойшы, қарындас, мен саған тимеймін! ‒ дейді жігіт. Бірақ, оған қарамастан, жігітті үйге кіргізіп, басына орамал жаппақ болады. Орамал жапқандарың қалай? ‒ деп сұрайды жаңа түскен жігіт. ‒ Босағадан аттадың ғой? ‒ деп жауап береді енесі. Одан да тақия кигізсеңдерші... Бірақ, мен өтірік болса да, көніңкіремей, біраз жылап алайын да? Жыла, жыла, не керек болса да, менен сұра! Жігіт басындағы орамалын лақтырды, ары-бері жүгіріп, жылай бастады. Мен әлі он екі де, бір гүлім ашылмаған жігітпін! Апарып тастаңдар мені! Немесе ақша беріңдер, таксимен өзім-ақ кете беремін... Қой енді, өзіміз де жылап, жылап, талай үйдің күйеу балалары болып жүрміз, ‒ деді бір кісі. Жігіт көнді. Беташар болды. Асаба домбырасын қолына алып, бет аша бастады. Күйеу келді, көріңдер, Көрімдігін беріңдер! Шашу шашты әнекей, Жерге еңкейіп, теріңдер, Ақ күйеу-ау, ақ күйеу, Әйеліне шақ күйеу, Сауысқаннан сақ күйеу, Біздің жұртқа жақ күйеу, Бізге келген бақ күйеу, Негр емес, ақ күйеу,   Оу, казинода, ұтылып, Арақ ішпе, құтырып, Әйеліңді күнде сабама, Бір ұрғаннан ұшырып, Темекі шекпе, шашалып,    Балық жеме, қақалып,  Жүре бергін жасарып, Жұрт көзінше жартыңды, Сүйе берме, бас салып, Енеңізге кектеніп, Қалтаға жүрме, тас салып,   Оу, қабыл болсын, батамыз, Анау тұр ғой, атамыз, Атаңызға бір сәлем! Жымыиып тұр енеңіз, Енеңізге сенеміз, Шәй ішуге келеміз, Енеңізге бір сәлем! Осындай дәстүр керек пе қазаққа? Жоқ, әлде, мұндай «дәстүрлер» әдейі жасалатын мазақ па? Тағы бір ауылда, жаңа түскен келінді терезеден кіргізіп жатты. Масқара! Оны да бір қазақ ойлап тапты. Данышпан екен! Адамның қиқымды қиялында шек жоқ екен-ау! Ал, тойлардағы топалаңды айтсақ, ауыз ұялады.Тойдағы кеңкелестер туралы жаза-жаза, шаршап біттік. Бір тойда қазақ жігіті қазақ қызын алдына өңгеріп алып, құйрығын «домбыра» секілді шертіп отыр. Ақымақ екен! Таза ақымақ! Оның несі күлкі? Қайта, жұртқа түрпі! Шалбарларын шешіп, тойда билеген еркектерді де көрдік. Бір қыз асабаның алдына бүйірлеп жата қалып, билеген болды. Қатырды! Оу, ағайын, қазақпыз ба, әлде, мазақпыз ба? Той болмасын демейміз, той болсын, бірақ әр қазақта салмақты ой болсын!