Адамның аузы бармайтын сөздерді айтып хайуан болды! – Дариға Бадықова

Адамның аузы бармайтын сөздерді айтып хайуан болды! – Дариға Бадықова 1

Белгілі актриса Дариға Бадықова қоғамда резонанс болып, жаппай көпшіліктің ашуын тудырған Ирина Кайратовнаның «жігіттерінің» әрекетіне қатысты пікір білдірді. «...Кешегі өткен концертте еркіндікті басқаша түсініп жүрген И.Кайратовна, Шиза, Нурик Смит, Bonah дей ма, аттары да біртүрлі екен өздерінің. Әнші сымақтар, сахнаның төрінде ауыздарына келгенді айтып, неше түрлі адамның аузы бармайтын сөздерді айтып хайуан болды», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасына.

«Кеше бір ютубтан "Закладка" деген Ирина Кайратовналар түсірген анаша туралы комедия көрдім. Веб-кино екен. Өзіміздікілер түсірген. Сұмдық енді анау! Комедия дейді. Комедия болғасын енді күлуің керек қой, заңдылық бойынша. Көріп отырып дым күлмейсің. Бірақ фильмдегі актерлардың өздері мәз! Негізі актер комедияда ойнап тұрмын деп ойламауы керек. Мүмкін актерлар болмағаннан кейін шығар. Комедияның негізі өзінің функциялары бар. Біздің веб-сериалдарда ол функциялар атымен жоқ екен түсінгенім. Комедия десе тек боқтық сөз қосып, өздерімен өздері күліп, өзімше күлдірем деп неше түрлі мимический лицо жасап, мәз болғандары. Оны көріп отырған көрерменге күлкілі бола ма, міне, сұрақ? Әй, бірақ, ана сериалдардың көрілімін айтыңыз. Кемі миллион! Қайда бара жатырмыз?!» - деп қамығады актриса.

Оның пайымынша, қазір мобильді заман деп жұрттың бәрі уақытты басты көзір етіп алды да, басқаны ұмытқан. Тек уақыты қысқа, сериясы аз болса болды. Біздегі веб-сериалдарда түгел боқтық сөз, анайы сахналар болып кеткен.

«Қолында бір камерасы, боқтық сөздер аралас сценарийі болса болды, сериал түсіре беретін сияқты ма қазір бәрі? Анау сериалдардың ешқайсын әке-шешеңнің, бала-шағаңның қасында отырып көре алмайсың, мен сізге айтайын!

Біз осы қоғамға кері әсер беріп жатқан жоқпыз ба? Еркіндік дегенді басқаша түсініп алған жоқпыз ба? Өзіміз онсыз да еліктегіш, желөкпе халықпыз! Мына веб-сериалдар арқылы нені меңзеп, нені айтып, қандай насихат жүргізіп жүрміз? Мендегі сұрақтар осы…

Веб-сериалды қоя бер, кешегі өткен концертте еркіндікті басқаша түсініп жүрген И.Кайратовна, Шиза, Нурик Смит, Bonah дейма аттары да біртүрлі екен өздерінің. Әнші сымақтар, сахнаның төрінде ауыздарына келгенді айтып, неше түрлі адамның аузы бармайтын сөздерді айтып хайуан болды.

Бұлар өздері уақытша танымал екендерін түсінбей жүр-ау. Бұндайларды кей бағдарламар өздерінің рейтингтері үшін шақырып, әлдеқандай қылып дәріптейді.

Менің старомодный болып тұрған дымым жоқ, өнерді жан-жақты қабылдаймын. Сахнадағы өрескел қылықтары күйдірді, жиіркендірді...» - дейді Д.Бадықова.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Дарига Бадыкова (@dariga_badykova)

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.