Қазақстан өтінішін қайтарып алды

Қазақстан өтінішін қайтарып алды

Шайбалы хоккейден алдағы үш жылдағы әлем чемпионаты қайда өтетіні белгілі болды. Аталған турнир 2023 жылы Финляндияның Тампере және Латвияның Рига қалаларында болады. Ал 2024 жылы Чехияның Прага және Острава қалаларында өтсе, 2025 жылы оны ұйымдастыру міндеті Швеция мен Данияға жүктелді. Енді 2026 жылы дүбірлі дода Швейцарияда өткізілуі мүмкін. Қазір аталған мемлекет жалғыз үміткер саналып отыр. Бұған дейін үміткер ретінде ұсынылып келген Қазақстан өз өтінімін аяқасты қайтарып алды. Финляндияда өткен халықаралық хоккей федерациясының конгресі кезінде доданы өткізуге дәмелі елдердің өтініші қаралу керек еді. Осылайша, еліміз өз құжатын қайтарып алды. Үміткер ретінде тек Швейцария қалды. Швейцария 2020 жылғы жарысты да ұйымдастыруы қажет болған. Бірақ пандемияға байланысты тоқтатылған. Ал Қазақстан құрамасының жуырда ғана әлем чемпионатында өнер көрсетіп, 7 қарсыластың алтауына есе жібергенін ұмытпаған жөн. Тек Италиямен болған ойында ғана жеңіске жетті. Дегенмен алдағы жылы элиталы топта өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

М.ХАҚНАЗАР