Жаңа белеске жол ашатын қадам
Жаңа белеске жол ашатын қадам
168
оқылды
Президенттің Конституцияға өзгерістер енгізу туралы барлық бастамасы өз уақытында көтеріліп отырған өте өзекті жайт екені анық. Қоғамның оларды күтіп, әрі үлкен үміт артып отыр­ғаны сөзсіз. Әйтсе де, соңғы жылдары Конституцияға енгізілген кейбір нормалар, қайталап айтайын, қағидаттар емес, дәл бір сол нормалар шындығында адам құқықтары доктринасына және теңдік пен әділеттілік қағидаттарына сәйкес бола алды ма? Міне, осы сұраққа жауап беріп көрелікші. Әрине, жоқ! Дәл қазір Конституцияның кейбір нормалары бұрмаланғаны, азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға қажетті кепілдіктердің орнына авторитаризмді, айрықша даралықты, көсемшілдікті, олигархатты, көлеңкелі экономиканы және тағы да басқа көптеген жайтты нығайта түсетін демократиялық емес нормалар енгізілгені баршаға айдай анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «еститін мемлекет» концепциясын жария еткеннен бастап «әділетті қоғам және нәтижелі мемлекет» құруға бағыт алып, халықтың болашаққа сенімін нығайта түсті. Осылайша, іс жүзінде Конституцияның көпшілігіміз ұмыта бастаған негізгі де, баршаға түсінікті «теңдік, әділеттік, адам құқының приоритеті» сияқты қағидаттарын жүзеге асыра бастады. Бұл оның мемлекеттік маңызды постулатына айналды. Әлемді дүрліктірген сұрапыл коронавирустың екі жылы адамдардың санасын мүлдем өзгеше етіп өзгертіп жіберген еді. Олар коррупция мен әділетсіздіктің кез келген көрінісіне тым төзімсіздене қарап, өз өмірі мен бостандығын көбірек бағалай бастады. Бірақ күн тәртібіне шыққан осынау демократиялық үрдіс, әрине ел дәулетінен үлессіз қалып, кедейленіп бара жатқан халықты елемей, одан сайын байығанның үстіне байи түсіп, игілікті сол күйінше өздері пайдалана беруді қалаған олигархатқа және тағы да басқаларға ұнаған жоқ. Қаңтардағы оқиғалар Жаңа Қазақстанның Конституциясына түбегейлі өзгерістер енгізбей жарқын болашақ жоқ екенін түсінуге түрткі болды. Осы қадамға батыл да ашық түрде барған Мемлекет басшысының табандылығы мен саяси ерік-жігері жаңа белеске жол ашты. Ендеше таяу күндерде нақты шындыққа айналар ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер пакеті еліміздің саяси-­құ­қықтық кеңістігін жасанды кедергілерден арылтып, көптеген өзгеріс әкелмек. Осы мақсатта құрылған Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Ержан Жиенбаевтың төрағалығымен және оның орынбасары – Әділет министрі Қанат Мусиннің басшылығымен құрылған жұмыс тобы қысқа уақыт ішінде көптеген шаруа атқарды. Жаңа өзгерістерде құқықтық нормалар нақтылыққа сүйеніп жазылуда: екіұшты мағынаға жол берілмейді, азаматтар мен құқық қолданушыларға қарапайым да түсінікті болады. Осы мақсатта жұмыс тобының әрбір отырысы ғылыми-практикалық бағыттағы терең пікірталас режимінде өтті. Қарастырылған барлық мәселе де талқылаудан өтіп, конституциялық-құқықтық нормалардың қалыбына келтірілді. Бұл тұста жұмыс тобының кәсіби мамандардан тұрғанын, ешқандай да «той генералдары» араласпағанын және өзіне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде атқарып шыққанын атап кеткен абзал. Сонымен қатар мұндағы жұмыстар қатаң түрде «жолдау аясында», яки Мемлекет басшысының ұсыныстары негізінде ғана жүзеге асырылды. Кейбіреу­лер айтпақшы, Конституцияны солайымен қайта жазып шығу – ол қазіргі уақыт талабына сәйкес келмейді. Өйткені бұл проблемаларды талқылауға жұмсалатын уақытты жоғалтуға, демократиялық өзгерістердің тұралап, реформалардың кідіріп қалуына алып келеді. Бүгінгі басты мақсат – «суперпрезиденттік» жүйеден шынайы президенттік-парламенттік басқару формасына көшу. Өйткені өз қолына барлық билік пен өкілеттіліктерді жинайтын мұндай жүйе өз тиімділігін әлдеқашан жоғалтты. Соған сәйкес, жаңа Конституцияда бірінші Президенттің өкілеттіктеріне қатысты барлық норма алынып тасталады. Тек оның тарихи рөлі ғана аталып өтіледі. Қорыта айтқанда, алдағы өзгерісті қоғам үлкен қошеметпен күтіп отыр. Олар азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға және тиімділігін арттыруға бағытталатын болады. Біз осылайша енді бір аз уақыттан кейін «Жаңа Қазақстанды» құруға нақты істермен кірісетін боламыз. Еліміздің жарқын болашағы үшін бәріміз бірге атсалысайық!

Марат БӘШІМОВ, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры