Мәжілісмен Маңғыстау өңірін аралады
Мәжілісмен Маңғыстау өңірін аралады
322
оқылды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, партияның облыстық филиалы жанындағы штаб мүшелері Нәжмедин Губашев, Садуақас Битан, Гүлнар Тасболатова, Аида Ертілеуова Манғыстау теміржолшыларымен кездес­ті. Аталған шарада бүкіл­ха­лық­тық референдумның маңызы туралы айтылды. Мәжіліс депутаты Еділ Терек­байұлы Конституция белгілі бір топтың мүддесі үшін ғана қызмет ететін қағаз емес, мемлекеттік маңы­зы бар құнды құжат екенін ескерте келе, оған енгізілетін оңтай­лы өзгерістер Отанымыздың да­муына даңғыл жол саларына сенім білдірді. «Референдум тәуелсіз Қазақ­станның өсіп-өркендеуіне оңды жол ашатын серпілістер мен сіл­кіністер әкелетін үлкен саяси ре­форма болайын деп тұр. Мемлекет басшысының бұл жаңашылдықты Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден бастауы – құптарлық іс. Енді осыған жүрегі елім, жерім, туған Отаным, халқым деп соғатын әрбір азамат белсенді түрде қатысып, өзінің ой-пікірімен бөлісуі керек. Қазақстанның бола­шағы зор. Себебі Жаратқан еліміздің астын да, үстін де байлыққа толты­рып қойған. Осы ұлан-ғайыр да­ла­ны аталарымыз аттың жалында жүріп қорғап, бізге аманаттап кетті. Енді сол байлық пен мол мұраны жал­пы халықтың игілігіне жаратуы­мыз керек. Ол ат төбеліндей бай-манаптарға тиесілі болмауы қажет. Сол үшін күресуге тиіспіз. Конс­ти­туцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар сол күрестің басы деуге болады. Отыз үш бапқа өз­герістер енгізіледі. Әрқайсын қарап шықтым. Соның барлығы жүйелі түрде жүзеге асатын болса, еліміз әлем елдерінің ішінен орнын ойып тұрып алады. Конституция – мем­лекет үшін ең маңызды құжат. Одан ауытқымау керек. Мен болашақ ұрпағымыздың әділетті мемлекетте өмір сүргенін қалаймын», – деді мәжілісмен. Осы күні Парламент Мәжілі­сінің депутаты облыстағы этномә­дени бірлестіктерінің көшбасшы­лары­мен де кездесті. Ол Ата Заңы­мызды бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту елдің пікірін еркін, ашық білдіруінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Бұл өзгертулер Мем­лекет басшысының саяси тың рефор­маларды жүзеге асыруының, билік институттары арасындағы конс­титуциялық құрылымды жетіл­діруінің тиімді тәсілі деп түсіндірді. Сондай-ақ Еділ Жаңбыршин және Ақтау қалалық штаб төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Анар Шамшадинова «Х.Өзбекғалиев» атындағы Маңғыстау политехни­ка­лық колледжінің ұжымымен кез­десті. Кездесу соңында азаматтар­дың сұрақтарына жауап беріп, ұсы­ныстарын тыңдады. Колледж ұжымы референдумның тарихи және саяси маңызына назар ауда­рып, оны қолдайтынын жеткізді.