Дәніккеннен құныққан жаман
Дәніккеннен құныққан жаман
376
оқылды
Құқық қорғау органдары жұрттың ақшасын заңсыз тартатын қаржы пирамидалары­мен күреске төселіп алды. Олардың тәсілі белгілі, қылмыстық құрамын анықтау жеңіл, схемалары қарабайыр. Ал пирамидалардың желілік-тауарлық маркетинг, тұтыну кооперативтері аталатын түрлері кең қанат жаюда. Олармен күресу әлдеқайда күрделі. Себебі азаматтар жай ғана салым жасамайды, нақты бір тауар не қызмет алады, кейбірінде салым несие түрінде рәсімделеді. Соның салдарынан үстінен қылмыстық іс қозғалған заңсыз ұйымдардың кейбірі жұмысын ары қарай жалғастырған көрінеді. Мұндай қаржы пирами­да­ла­рының қылмысын әшкерелеу қиын екенін мамандар да жасыр­майды. Заңда әлдебір затты өз құ­нынан бірнеше есе қымбатқа са­туға ты­йым салынбаған. Мыса­лы, Incruises тез баюға құмар жұрт­тың са­лымын теңіз круиздеріне жол­да­ма түрінде рәсімдеді (кейбір са­лымшы шынымен шетелге сая­хат­тап қайтқан), ал Qnet компа­ниясы дискі, сағат және өзге де тауарларды «сатқан» немесе тауар­лық несие түрінде рәсімдеген. Көрші Ресей бірінші болып, Incruises-ті қаржы пирамидасы деп танып, оның есепшоттарын, сай­тын бұғаттап тастады. Ал Қазақ­станда оның халықаралық сайты әлі күнге дейін ашылады. Онда қазақ бөлімі бар, одан компанияға қаржы салуға халықты үгіттейтін қазақстандық өкілдерінің арамза қызметін жалғастырып жатқанын байқауға болады. Сондай-ақ Qnet-тің де ұқсас схе­маларды пайдаланатыны әшке­реленді. Алматы облысы Полиция департаментінің Тергеу басқар­масының дерегінше, аталған ком­панияның Талдықорғандағы қыз­меткерлерінің тобы тұрғындарға «қаржылай көмек» беретінін жар­намалаған. Соған сеніп келген адамдармен бірлескен қызмет туралы келісімге отырған, Qnet-тің ОVI club клубтық саяхат картасын сатып алу туралы мәміле бекіткен. Ол адамдар қарызға батқан, одан шығу үшін басқа клиенттерді ертіп келуі тиіс болған. Қызметкерлер тобы үстінен қаржы пирамидасы қызметімен айналысқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Көпбалалы ана Айнар Темір­жан­қызы балаларын жалғыз тәр­бие­леп келеді. Оның үлкен қызы туабітті мүгедек екен. Былтырғы 24 қыркүйекте ол жолдасы Ақер­кенің үгіттеуімен, оны қолдау үшін Алматыдағы «Нұрлы Тау» бизнес орталығында орналасқан Qnet кеңсесіне ере барады. «Ол жерде қызымның басын айналдырып, бірнеше қызметкері жан-жақтан психологиялық қы­сым көрсетіп, Каспи банктен та­уарлық кредит рәсімдеуге көнді­ріпті. Нәтижесінде, 953 мың теңге несиеге бір iPhone 12, 5 Huawei смартфоны сатып алынған. Мүге­дектігі үшін алатын жәрдемақы­сынан басқа табысы жоқ жас қызға банктің қалай несие беруге келіс­кені белгісіз. Ары қарай «кьюнет­шілер» Sulpak-та телефондарды алып, «Студент» ұялы телефондар дүкеніндегі таныс сатушысына апа­рып, өткізіп жіберген. Одан түс­кен қаражат қызыма емес, Qnet қыз­меткері Маржанның есе­п­шо­тына түскен. Бұған ашуланған қы­зым кредитті жабу үшін тауарды қай­таруды талап етеді. Қызмет­кер­лер істің мән-жайын кеңседе тү­сіндіретінін айтқан», – дейді ана. Кеңседе қызға ақшаны қайтару үшін туыс-туған, дос-жаранды салымшы ретінде тартып, оларға кредит рәсімдету керегін жеткізген. Ол одан бас тартады. Анасы не болғанын біле сала қызын ертіп, полицияға барған. Ішкі істер органы іс қозғаған. Алаяқтар тұзағына жастар ілігеді Бүгінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет ресурсындағы «Лицен­зияланбаған қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімінде» Qnet Ltd қаржы пирамидаларының белгі­лері бар ұйымға жатқызылған. Тиісінше, оның qnet.com.ru, qnet.net сайттары бұғатталды. Алайда өзге домендердегі сайттары жұмы­сын жалғастырыпты. Қызылорда облысында алдан­ған бірнеше тұрғын ішкі істер органдарына заңсыз әрекеттері үшін Qnet компаниясы үстінен ша­ғымданды. «Қызылорда облы­сын­да қаржы пирамидалары бел­сенді жұмыс істейді. «Кьюнет­ші­лер» біздің жетеуіміздің әрқай­сы­сымыздан миллион теңгеден алып, қайтармады. Біз ІІМ-ге арыз жаз­дық. Қызылорда қаласының Ішкі істер департаменті шағымдану­шылардың бәрін бір рет қана жи­нады. Ізінше Qnet басшылығының әрекеттерінен қылмыстық құрам­ды таппағанын мәлімдеді», – дейді жәбірленушінің бірі Ш.Олжас. 2022 жылғы 22 сәуірде Қар­жылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша депар­та­менті Qnet-тің жергілікті басшы­ларына қатысты сотқа дейінгі тер­геп-тексеруді бастады: «Ком­пания Қазақстан аумағында ресми тіркелмеген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, банктік қызмет пен банктік операцияларды жүр­гізуге лицензиялары мен рұқсат­тары жоқ. Іс бойынша сотталушы­лардың біріне қатысты үйқамаққа алу шарасына санкция берілді», – деп түсіндірді ведомство. Qnet-тің жаһандық қолдау орталығы Малайзияда орналасқан. қаржы пирамидалары Белсенді қазақстандықтар ты­йым салынған ұйымдардың одан ары жұмыс істеп жатқанына ша­ғымданып жүр. Елорда тұрғыны Анар Қабдуллинаның айтуынша, банктердің бірі қоңырау шалып, оның қызының 800 мың теңге кө­лемінде ірі қарызы барын хабар­лапты. Тексеріп көрсе, шын екен. «Мен аң-таң болып, банк қызметкерінен 18 жасар балаға кредит беруге тыйым салынғанын алға тарттым. Сөйтсе, тауарлық кредитті бере береді екен. Қызым 2 ай бойы Qnet қаржы пирами­дасының кеңсесіне барып жүріпті, кеңсесі қаланың қақ ортасында, «Сулы-желекті бульварда» орна­ласқан. Ақыл-санасы жетілмеген 18-20 жасар жастарды тартады. Оның досына телефон соқтым, ол да алаяқ фирмаға миллион теңге салыпты. Біз, ата-аналар, балала­рымызға абай болғанымыз жөн, өзіміз сақтануды білеміз, ал қаржы пирамидалары енді балаларды, өскелең ұрпақты алдауға көшіпті», – дейді Анар. Жалпы, қазір бұл ұйымға қа­тысты әр облыста қылмыстық іс қозғалған, ендеше оның заңсыз ісі­не куә болған не алданған адам­дар полицияға арыз жазғаны, сөй­тіп алаяқтарды соттатуға үлес қос­қаны маңызды. Негізі, бұл шет­елдік компания Қазақстанда 2010 жылдардан бері әрекет етеді. Қанша қазақстандықты сазға отырғызғаны белгісіз. Пирамида тұрғызушылар көбейіп барады Қала тұрғыны Әлия Сабырова дәл осы компанияның кесірінен қаншама танысы опық жегенін әң­гімеледі: «Олар жаңа жарна енгізу үшін қаптатып кредит алды. Бар уақытын соған арнап, көбірек салымшы тарту үшін жұмысынан кетті. Бірақ барынан айырылып, белшеден борышқа батып, төлен­беген несиелері үшін коллектор­лар­дың қудалауына ұшырап, қай­тадан ресми жұмыс іздей бастады. Отбасылар ойрандалып, шаңы­рақтар күйреді. Өйткені осы жолға түскен әйел ерінің, еркек зайы­бы­ның тілін алмайды, есінен айыры­лып, елтиді. Отбасылардың шыр­қы кетеді. «Кьюнеттегілер» көп­те­ген адамды бақытсыз етті. Ақыл­сыз­дар көп болған соң алаяқтық істерін тыятын емес», – дейді ол. Жалпы, Қаржылық реттеу агент­тігінің 2022 жылғы қаңтарда жа­ңартылған «қара тізіміне» әре­ке­тінде лицензияланбаған инвес­тициялық делдалдың және қаржы пирамидаларының белгілері бар 121 ұйым кірген. Қаржылық консультант Шол­пан Шалғазина проблемалы бе­ре­шектер мәселесімен айналысады. «Өкінішке қарай, бүгінде негі­зінен, алданған жастар көп. Жасы 17-ден басталады. Қазіргі жастар­дың көбі үлкен байлыққа тез ке­не­ліп, бума-бума ақша ұстағысы ке­леді. Бұған қаржылық сауатты­лық­тың жетіспеуі қосылады. Сал­да­ры­нан, көтере алмас кредиттің қамы­ты­на бас сұғады, қаржылық пирами­далардың үгіттеуімен та­уарлық кре­­диттер рәсімдейді. Одан тек алаяқ делдалдар ғана пай­да та­батынын түсінбейді. Қа­лай бол­ған­да, кредит алып, келі­сімшартқа қол қойдың екен, оның қарызын бә­рі­бір өзіңнің өтеуіңе тура келеді. Мы­салы, бір жас жігіт мұң шағып келді, бірнеше миллион теңгеге 7 кре­дит рәсімдепті. Есеп­шот­тары бұ­ғаттал­ған, жұмыс бе­рушілер банк­тік кар­тасы болмаған соң жұ­мысқа ал­майды. Оп-оңай алған не­сиесін тө­леу үшін жылдар бойы қатты қина­латынын енді ұғынған», – дейді Ш.Шалғазина. Қылмыстық кодекстің «Қар­жы­лық (инвестициялық) пирами­даны құру және оған басшылық ету» деп аталатын 217-бабы бо­йынша 2016 жылдан бері респуб­ликада 780 қылмыстық іс қозға­лыпты. Оның басым көпшілігі ке­йінгі жылдар үлесінде. 2021 жыл­дың бірінші жартысында қар­жы пирамидаларымен байланысты 161 қылмыстық іс тіркелді. Бұл пандемия қысқан 2020 жылдан 90 пайызға көп. Соңғы дерекке тоқталсақ, Қар­жылық мониторинг агенттігі өткен аптада GAP ТК (Global Asar Project) басшылығына қатысты қаржы пирамидасын құрғаны және бас­қарғаны үшін қылмыстық іс қоз­ғады. Істі агенттіктің БҚО бойын­ша аумақтық департаменті тер­геуде. Зардап шеккен 14 адамға кел­тірілген жалпы шығын 15 млн теңгеге жуық. Жәбірленушілердің әлеуметтік желіде орналастырылған арыз-шағымын талдасақ, қозғалған істердің көбі жабылып қалады, алаяқтар жазалана бермейді. Тіпті, сот үкімі шыққанның өзінде бі­разы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілігіп кеткен. Осылайша, қаржы пирамидаларына қатысты жағдай күрделі болып қалды. Құзырлы органдар да, маман­дар да азаматтарды аса сақ болуға, алаяқтардың айла-амалына түспеу үшін салым салар алдында ол ком­пания туралы интернеттен, әлеу­меттік желілерден мәлімет жи­нау­ға, мұқият тексеруге кеңес береді. Қаржы пирамидаларының басты ұсынысы – еш еңбексіз, күш-жі­герсіз тез табыс табу және капитал­ды еселеп ұлғайту екені белгілі. Демек, осыған ынтық жандар бар­да олардың тасы өрге домалай беретінге ұқсайды.