Қарағанды облысында ауыл тұрғындары жолды өз күштерімен жөндеп алды
Қарағанды облысында ауыл тұрғындары жолды өз күштерімен жөндеп алды
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Бақты ауылының тұрғындары өз күштерімен ішкі жолдардың барлығын жөндеп, елді мекенге кіре берістегі қақпаны қалпына келтірді. «Хабар 24» телеарнасының мәліметінше, алпыс жылдық тарихы бар ауылда осы күнге дейін мешіт те болмаған екен. Оны да жылу жинап салып алыпты. Енді спорт кешенін тұрғызсақ деген ниеттері бар. Ауыл жұртының ауызбіршілігін одан әрі арттыру үшін мұнда алғаш рет ауыл күні өтті. Ұлттық ойындардың бірнеше түрінен жарыс ұйымдастырылып, оған өңірдің түкпір-түкпірінен атбегілер, спортшылар жиналды. Әуелі жігіттер жағы арқан тартып жарысса, қыздар 3 шақырым қашықтыққа жүгірді, ал атан жілік азаматтар қошқар көтерді. Халықтың делебесін қоздырған аламан бәйгеде Теміртаудан келген арғымақтың бағы жанып, бас жүлдені иеленді. Бұл күні тағайындалған 2 миллион теңдеген астам жүлде қорының барлығын ауыл азаматтары жинаған.
«Ұлттық бірлік жолында ауыл күнін атап өтуді алдымызға мақсат тұттық. Сол мақсатымызды жақсы орындау барысында ауыл азаматтары әсіресе ауыл ішін абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Көшелерге тас төселіп, олар автогрейдерлермен тегістеліп, жол әжептәуір жөнделді. Бұзылып қалған үйлер, нысандарды тазалап, әруақтар жатқан қорымның маңайы тазаланып, көптің күшімен жүзеге асты», - дейді Бақты ауылының тұрғыны Болат Асан.