Павлодар облысында уланған алтыншы адам қайтыс болды
Павлодар облысында уланған алтыншы адам қайтыс болды
Павлодар облысында белгісіз затпен уланып, қайтыс болғандар саны алтыға жетті. Аймақтағы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адам жансақтау бөлімінде қайтыс болды. "1980 жылғы науқастың жағдайы өте ауыр болды. Ол 29 мамырда таңертең қайтыс болды", - деп хабарлады ведомство өкілдері. Дәрігерлердің айтуынша, қазір жансақтау бөлімінде Ертістен Павлодардың қалалық ауруханасына жеткізілген тағы бір ер адам бар. Оның жағдайы да өте ауыр. Еске салайық, Павлодар облысының Ертіс ауылында 7 ер адам белгісіз затпен уланған болатын. Олардың бәрі канистрде сақталған белгісіз сұйықтықты ішкені анықталды. Уланғандардың үшеуі үйде, тағы екеуі Ертіс ауданының аудандық ауруханасында қайтыс болды. Кейінірек тағы бір адам қайтыс болғаны хабарланды. Марқұмдардың арасында әкесі мен ұлы бар. Аталған дерек бойынша полицейлер тексеріс жүргізіп, ауыл тұрғындарының денелері сот сараптамасына тапсырылды. Сондай-ақ, канистрдегі сұйықтық қалдықтарына сараптама тағайындалды.