222 млн теңге! – Қосшыда осынша қаржы жымқырған шенеунік ұсталды
222 млн теңге! – Қосшыда осынша қаржы жымқырған шенеунік ұсталды
Ақмола облысының Қосшы қалалық құрылыс бөлімі басшысы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Аймақтағы прокуратура шенеуніктің қамауға алынғанын хабарлады. Бақылаушы органның мәліметінше, Қосшы қаласында сыртқы электрмен жабдықтау нысандарын салу кезінде аса ірі көлемде, нақтылай айтқанда 222 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылған. Бұл дерек прокурорлық тексеру кезінде белгілі болды.
"Қосшы қаласының құрылыс бөлімі атынан тапсырыс беруші тұрғын үй массивтеріне қызмет көрсетуге арналған трансформаторлық қосалқы стансаларды орнатпай, аталған жұмыстарды орындау туралы актілерге қол қойғаны анықталды. 222,2 миллион теңге негізсіз төленген", - деп хабарлады Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Бұл жұмыстар 2019 жылдан бері аяқталмағаны аталып өтті. Арнайы прокурорлар осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (ірі көлемде жымқыру) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазіргі уақытта сот санкциясымен тергеу органы құрылыс бөлімінің басшысын қамауға алды. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді. Айта кетері, бюджет қаражатын жымқырғандар жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.