Алматыда такси жүргізушісі скотч көмегімен бейнебақылау жүйесін алдамақ болған, - деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Алматы әкімшілік полициясының мәліметінше, өрескел құқықбұзушылықты "Қорғау – қауіпті жүргізуші" автоматтандырылған жүйесі анықтаған.
"Мегаполисте жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдаланатын, автокөліктерге арнайы сигнал беру құрылғыларын орнататын көлік құралдарының жүргізушілерін, сондай-ақ мас күйде көлік құралдарын басқаратын адамдарды жауапқа тарту бойынша мақсатты жұмыстар жалғасып жатыр. Осындай рейдтерді өткізу барысында "НЕ" сериясындағы "Е" әрпінің төменгі бөлігін скотчтап, нәтижесінде "НF" нөмірімен жүрген таксопарктердің бірінің жүргізушісі ұсталды. Такси жүргізушісі осы арқылы қаланың бейнебақылау жүйелерінің назарынан тыс қалуға және жол ережесі бұзғаны үшін жазадан жалтармақ болғанын мойындады. Оның көлігі айып тұрағына қойылды. Таксопарк қызметкеріне әкімшілік шара қолданылды", - деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Аманбек.