Әлемде дархан даласы бар, қойнауы құтқа толы ел кемде-кем шығар. Қазақстан – соның бірі. Тарихы тым тереңнен тыныстанғанмен біздің ел тәуелсіздігін жақында ғана алып, өткен жылы 30 жылдығын атап өтті. Жас мемлекеттің іргетасы берік қаланғанымен қабырғасын қиратуға ұмтылатын қара пиғылды, теріс ойлы азаматтар жетерлік. Себеп біреу – байлыққа иелік ету. Оған биылғы жылдың қаңтарындағы бейбіт шеруді пайдаланып, ойран салған бүлікшілдерді, ылаң салып, билікті басып алғысы келген топты айта аламыз. Нәтижесінде қаншама жазықсыз жандар қаза тауып жүздеген отбасы қара жамылды.
Дүниежүзінде төңкерістер саны барған сайын көбеюде. Кентукки университетінің профессоры Клейтон Тайн (Clayton Thyne) мен Орталық Флорида университетінің Саясат, қауіпсіздік және халықаралық мәселелер мектебінің доценті Джонатан Пауэлл (Jonathan Powell) зерттеу нәтижесінде осындай қорытындыға келді. 2021 жылы бүкіл әлемде билікті құлатудың 7 талабы жасалыпты. Бұл – тарихи рекорд. Себебі, 2015-2020 жылдары төрткүл дүниеде мұндай құбылыс жылына 2-ден көп кездеспейтін.
Әйткенмен биылғы 2022 жылдың көрсеткіші «тарихи максимумға» айналуы мүмкін. Жыл басталғалы кем дегенде, алты елде мемлекеттік төңкеріс жасау талабы тіркелген көрінеді. Қазіргі кезде мысалы, Мали мемлекетінде күрес жүруде. Мали Үкіметі әскерилер мемлекеттік билікті ауыстыруға күш салып жатқанын мәлімдеді.
«Антипрогрессивтік офицерлер мен армияның унтер-офицерлерінің тобы 2022 жылғы 11-12 мамырда төңкеріс жасауға талпынды. Әскерилерге батыстық мемлекеттер қолдау көрсетті», – делінген Малидің Аумақты басқару және елді орталықсыздандыру министрлігінің алғашқы хабарламасында. 2020 жылдан бері осы мұсылман елінің тынышы кетіп тұр: сол жылғы 18 тамызда әскерилер Президент Ибрагим Бубакар Кейтаны тағынан тайдырды. Ал 2021 жылғы 26 мамырда әскерилер уақытша Президент Ба Ндаоны да құлатты. Жері алтынға бай осы елдің қайыршыланғаны сонша, Мали Республикасының солтүстік-шығыс бөлігін бұрын Әл-Қаидамен байланысты болған радикалды топтар басып алып, төл автономиясын құрған.
Халықаралық сарапшылардың байламынша, әу бастан легитимді билікті ауыстыруға бағытталған Украинадағы қарулы жанжал кесірінен адамзатқа енді аштық қаупі төнді, бұл әсіресе, Африка мен Азияның кедей елдерінде төңкеріс талаптарына түрткі болуы мүмкін.
Бұл ретте еліміздегі «қасіретті қаңтар» оқиғалары да осы қатардан орын алып отыр. «Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасау талабы болды» деген байламды тіпті америкалық сарапшылар да айтты. Алайда неге екені белгісіз, мұндай тұжырым кейбір қазақстандық сарапшылардың құлағына түрпідей тиеді. Олар мұндай жайт бізде бола алмайтындай көреді. Ал саясаттанушылардың дерегінше, мұндай талаптар әлемдегі кез келген елінде жасалуы мүмкін.
Мысалы, Би-Би-Сидің сараптамасында айтылғандай, АҚШ-тың бұрынғы Президенті Д.Трамптың жақтаушылары астыртын сөз байласып, 2021 жылғы 6 қаңтарда елде төңкеріс жасауға ниет еткен: Вашингтонда бейбіт митинг түрінде басталған наразылық ақыр соңында Капитолийге шабуылға ұласты. «Американың заманауи тарихында теңдесі жоқ бұл оқиға жаһан жұртшылығын шошынтты, Дональд Трамптың жақтастары билікті қару күшімен басып алу үшін Капитолийді шабуылдады. Трамп мырза билікті күшпен құлатуға тырысқандарды тоқтатуға тырысу орнына түрлі твиттерімен дем берді», – дейді ВВС сарапшылары. Қарулы шабуыл салдарынан бес адам қаза тапқан, 50-ден астам полицей жараланған. Шабуылға қатысқандар арасынан 700-дей адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды, ең қатаң жаза алғаны 5 жылға сотталды.
[caption id="attachment_198501" align="alignnone" > © ҰҚК баспасөз қызметі[/caption]
Қазақстандағы билікті басып алуға талаптанушылар да қарау ниетін іске асыруға бейбіт шерушілерді пайдаланған дейді шетелдік сарапшылар.
«Қаңтарда Қазақстанда, әсіресе Алматыда болған теңдессіз зорлық-зомбылық біздің бәрімізді естен тандыра жаздады, – деген еді қаңтар айының соңында Еуропарламентте Еурокомиссия атынан сөз сөйлеген денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі еурокомиссар Стелла Кириакидес. – Бұл жерде 2 қаңтарда басталған бейбіт шерушілерді артынша жақсы қаруланған және арнайы жаттығудан өткен экстремистік, радикалды топтар ысырып, бүкіл бастаманы өз қолына алғанын ескеруге тиіспіз. Бұл топтар белгілі бір күш құрылымдарымен байланысты болуы да мүмкін», – деді еурокомиссар Кириакидес.
«Бірегейлік және демократия» фракциясының мүшесі, Еуропарламенттегі неміс депутаты Максимилиан Краның (Maximilian Krah) ұстанымынша, тұтастай алғанда, «Қазақстанда болған қаңтар оқиғаларын бейбіт демонстрация емес, қарулы төңкеріс деп бағалау қажет». Оның пікірін германиялық Deutsche Welle федералдық телеарнасы келтірді. Еуропалық депутат Президент Тоқаевтың батыл шешімдеріне қолдау білдірді: «Қазақстанның заңды билігі заңға қайшы ештеңе жасаған жоқ, дәл сондай іс-қимыл мен шараларды дамыған елдердегі кез келген үкіметі қабылдар еді», – деді Максимилиан Кра.
Тарихи зерттеуші Сағадат Әлішев алысқа бармай-ақ, Ресей империясындағы 1917 жылғы 27 ақпандағы «Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы» да қарапайым бейбіт шеруден басталғанын еске салады.
«1917 жылдың басында «Қанды жексенбі» құрбандарын еске алуға арналған кең ауқымды ереуілдер басталды. Онда демонстранттар «Соғыс жойылсын!», «Самодержавие жойылсын!» деген саяси ұрандар көтерді. Ақпан айында қозғалыс күш алып, өкіметке қарсы сипатқа ие болды. 23 ақпанда қақаған аязда нанның ұзын-сонар кезегінде тұрған әйелдер арасында шу шығып, ол тәртіпсіздікке ұласты. Ашынған әйелдер көшеге жиналып, соғысты тоқтатуды және патша билігін құлатуды талап етті. І Дүниежүзілік соғыстан қалалықтар да, деревня тұрғындары да қажыған еді», – дейді тарихшы.
Содан жерге жарымаған шаруалар, еңбегі қаналған жұмысшылар, Еуропадағыдай демократияны аңсаған қоғам өкілдері бейбіт наразылық акцияларын қызу қолдады. Алайда бейбіт, бірақ бейберекет басталған халық топтарының бас көтерулері азық-түлік, нан дүкендерін тонауға жалғасты. Бүлікті астыртын жұмыс істеген большевиктер, меньшевиктер, сондай-ақ Антанта елдері, шетелдік күштер қаржылық қолдаған өзге оппозициялық күштер пайдаланып, елде төңкеріс ұйымдастырды.
Германиялық DW басылымының репортері Анатолий Вайскопф қазақстандық лауазымды тұлғалармен, қаңтар оқиғаларына қатысқан құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен және қарапайым куәгерлермен әңгімелесе келе, көптеген факті елде төңкеріс талабы жасалғанын айғақтайтынын жазады.
«Біріншіден, құқық қорғау қызметкерлерінің дерегінше, күш құрылымдарына «деструктивті элементтердің арандатушылығын тоқтату, тыйю» туралы бұйрық берілмеген. Қатардағы жауынгерлер, сардарлар өз бетінше әрекет етуге мәжбүр болған. Екіншіден, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының полициясы және ҰҚК департаменттерінің қызметкерлері әдетте қырағы қорғалатын нысандарды тосыннан, себепсіз, әрі қару-жарақ арсеналымен бірге тастап кеткен. Үшіншіден, осы қатарға Алматы халықаралық әуежайының күзетсіз қалдырылып, радикалды топтардың талауына тасталуы да жатқызылады», – деп хабарлады неміс басылымы.
Қазіргі кезде бұл деректер бойынша тергеулер жүргізіліп жатыр. Бас прокуратураның ақпаратынша, тек Алматы және Жамбыл облыстарының екі ҰҚК департаментін қараусыз қалдыру кесірінен бүлікшілер 800-ге жуық атыс қаруын: 262 автоматты, 501 тапаншаны, 12 гранатометті, бір пулемет пен 60 мыңнан астам оқ-дәріні қолына түсірген.
Өзге елдердегі мемлекеттік төңкерістер паш еткендей, қазіргі заманда осы мақсатта алдымен әуежайлар басып алынады екен. DW репортері Алматы әуежайының қызметкерлерімен және қазақстандық авиакомпаниялардың өкілдерімен сұхбаттаса келе, «терминалды және ұшу-қону жолағын күзетумен айналысатын әскерилендірілген жасақтар осындай шұғыл шақта іске қосылатын «Дабыл» жоспарының болғанына қарамастан, кенеттен бір мезгілде жиналып, тайып тұрғанын» анықтады. Осыдан кейін 40 минут өткенде әуежайда автомат асынған белгісіз адамдар пайда болған.
Германиялық басылым шетелден қару арсеналы әкелінуі мүмкін деп болжайды және Алматы мен басқа қалаларды шабуылдағандардың қолында қару-жарақтың үлкен көлемде болғанына назар аудартады: «бұл оларға үш күн бойы мұздай қаруланған жергілікті әскерилерге, Ұлттық ұлан мен өзге күш құрылымдарына табанды қарсылық көрсетуге және маңызды нысандарға үстемелете шабуылдауға мүмкіндік берді».
Шетелдік ақпарат құралдары «Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтың ұсталуы да төңкеріске қатысты нұсқаның дұрыстығын аңғартады» деген байлам жасады. Бұл ретте сарапшылар Кәрім Мәсімовтың 5 қаңтарда Ақордада Президенттің қатысуымен өткен елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай жөніндегі кеңесте баяндама жасағанын, тек 6 қаңтарда орнынан алынып, сол күні тұтқындалғанын еске салады.
«Осыдан кейін жағдайдың күрт өзгергені, республиканың 11 өңірін жайлаған бүлікшілердің саны 5 қаңтардағы 50 мыңнан 7 қаңтарда 3 мыңға дейін, яғни 16 еседей азайғаны кездейсоқтық па?» деген сауал тастайды шетелдік сарапшылар.
«Біз – террорист емеспіз! Әкімдіктерді, Президент сарайын, ғимараттарды өртеу, дүкендерді тонау сияқты Алматыда және басқа қалаларда болған сорақы тірліктер елінің қамын ойлаған азаматтардың ойына келмейді, мақсат-мұратына қайшы. Бізге жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтерінің көліктерін бұзу, әскерилерді сабау не үшін қажет? Бұл елді қаншама қаржылық шығынға отырғызды. Бүлік салдарларын жою үшін қазіргі қиын шақта бюджеттен миллиардтаған қаражат жұмсалуда. Өрт салу, тонау, мародерлық – мұның бәрі Қ.Тоқаевты қорқытып, орнынан еріксіз кетіруді көздеген сатқындардың ісі. Түрмеден шыққан қылмыскерлерді, радикалды ағын өкілдерін жұмылдырғандар да солар. Қарау мақсаттарын жүзеге асыру үшін бейбіт шеруімізді зарлы қасіретке айналдырғандар да солар!» – дейді Алматы тұрғыны, митинг қатысушысы Болат.
Ұзақ жылдан бері Орталық Азияны зерттеумен шұғылданып жүрген сарапшы, АҚШ Ұлттық әскери колледжінің профессоры Мария Омеличева да қаңтарда Қазақстанда төңкеріс талабы жасалды деген тұжырым жасапты. Ол жергілікті ғалымдармен пікір алмасты, нәтижесінде «республикада ішкі элиталық төңкеріс туралы теорияға» ден қойғандарын айтады.
«Зерттеумен айналысатын журналистермен, сарапшылармен бірге бұл оқиғаларды мұқият зерделедік. Нәтижесінде кейбір ірі лауазымды шенеуніктер қылмыстық топтармен мәмілелесіп, протестті билікке қысым көрсетуге пайдаланған деген байламға келдік. Олар осы арқылы биліктегі шешім қабылдау өкілеттіктерін қайта бөліске салуға, өздері мен жақтастары үшін қосымша экономикалық ресурстарға қол жеткізуге тырысса керек. Осылайша, билік, бизнес және қылмыстық әлем елде басталған жаңғыруларға кедергі жасамақ болғанға ұқсайды», – дейді америкалық сарапшы.
Төңкеріс талабы жасалмағанда, шерулер бейбіт сипатта ғана өткенде, қарапайым адамдар және құқық қорғау қызметкерлері құрбан болмас па еді! Қара басының пайдасын халық мүддесінен биік қойған зәлім күштер адамдарды құрбан етуден тайсалмайтынын қаңтарда ашық танытты.
Қорыта келгенде, отандық және шетелдік сарапшылар Қазақстандағы тұрақтылықты нығайту, экономиканы өркендету және азаматтардың тұрмысын түзелту үшін ең дұрыс жол – саяси жаңғыру екенін нықтады.