Мәжіліс төрағасы мас күйінде сахнаға шығып, туды қорлаған жас әншілерге қатысты пікір білдірді
Мәжіліс төрағасы мас күйінде сахнаға шығып, туды қорлаған жас әншілерге қатысты пікір білдірді
© instagram.com/obid_foto
252
оқылды
Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жуырда сахнаға мас күйінде шығып, мемлекеттік туды қорлаған жас әншілерге қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау облысының қоғамдастығымен кездескен кезде аймақтың белсенді тұрғындары мемлекеттік туымызды қорлаған әншілер неге жазаға тартылмайтынын сұрады. Бұл мәселе төңірегінде жеке пікірін білдірген Қошанов болашақта кейбір заңдарға өзгеріс енуі мүмкін екенін айтты.
«Президенттің «Жаңа Қазақстан құрамын» деген идеясы біріншіден жастарға, жастардың болашағына арналған. Бірақ жастар да өз жауапкершілігін сезінуі керек. Ол концерттерді көрдік, бұл жағдай жауапсыздыққа жатады. Бұл «Жаңа Қазақстанға» апаратын жол емес, қоғамға лайықсыз, өрескел мәдениетсіздікке алып бара жатқан жол. Сондықтан біз оған тыйым салуымыз керек», – деді Қошанов.
Ол сондай-ақ қазір миллиондаған аудиториясы бар блогерлердің кейбірі ел арасына іріткі салатынын айтып, оларға тосқауыл қою керек екенін айтты.
«Біздің мемлекеттік рәміздерімізді қорламау үшін, аузына келген сөздерді айтпау үшін, тәртіп бұзбау үшін тиісті ережелерге өзгерістер енгізу керек шығар деп ойлаймын. Елдің арасын бұзып жүрген блогерлер бар, олардың аудиториясы кең. Сонымен қатар, өрескел қылыққа апаратын жастар бар, соларға тосқауыл қою керек. Мемлекетшіл, ұлтжанды, таза азаматтар алға шығу керек», – деді ол.