Ақмарал алтын алды
Ақмарал алтын алды
186
оқылды
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында парадзюдодан Гран-при жарысы мәреге жетті Қазақстан дзюдо федерация­сы­ның баспасөз қызметі хабарлағандай, әлемдік деңгейдегі жарыс Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және Sport Qory спортты қолдау қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Екі күнге созылған айтулы додаға 22 елден 201 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте Бразилия, Түркия және Иран елдерінен кейін төртінші орынға табан тіреді. Парадзюдодан жарысқа қаты­сатын спортшылардың екі санаты болады – J1 және J2. Бірінші санаты – зағип спортшылар, екіншісі – көзі нашар көретіндер. Алғашқы күні J2 санаты бойынша 48 келі салмақ дәрежесінде елордалық Ақмарал Науатбек жеңіске жетті. Ақмарал барлық қарсыласын иппонмен жеңді. Бұл – оның паралимпиадалық дзюдо­дан бірінші халықаралық жарысы. А.Науатбек өткен жылға дейін дзюдо бойынша күресіп, ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүрді. Әйткенмен, 2021 жылы жаңа маусым қарсаңында медицина­лық бақылаудан өткенде, мамандар көзінің нашар көретінін және дзюдо бәсекесіне жіберілмейтінін жеткізіп, спорт мансабын пара спорт бойынша жалғастыруға кеңес берген. Жыл басында ол Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген еді. Гран-при алдында IBSA мамандары тағы да тексеріс жүргізіп, екі жыл пара­дзюдода күресуге рұқсат берген. Осы Гран-при бәсекесінде жеңімпаз, жүлдегерлерге дзюдодағыдай рей­тинг­тік ұпайлар үлестіріледі. Сөйтіп, Ақмарал парадзюдодан алғашқы әлемдік жеңісіне қол жеткізді. «Енді келесі тексеру Париж пара­лим­пиадасы қарсаңында болады», – дейді спортшы.

К. ЕСІМХАН