– Бұқаралық ақпарат құралдарында Конституцияға енгізілетін түзетулер жарияланған сәттен бастап конституциялық реформаларды талқылау елімізде, шындығында да, жалпыхалықтық сипат алып, кең ауқымымен ерекшеленді. Сондықтан да Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған реформалардың қоғам тарапынан пісіп-жетілген өзгерістерге деген сұранысқа лайықты жауап болғанына таңдануға болмайды. Ата Заңның мәтініне енгізілер түзетулердің көмегімен бұған дейін ел дамуына кедергі келтіріп келген көптеген жайттан құтыла отырып, ілгері жылжу бойынша қойылар міндеттерді жүзеге асыру мақсаты орындалады. Осылайша қоғам мен мемлекеттің дамуын сапалық жаңа деңгейге шығаратын тың саяси және құқықтық тетіктер пайда болады. Телеарналар мен газеттерде, әлеуметтік желілерде жария болып жатқан ақпараттардан қазақстандықтардың еліміздің Негізгі заңына қабылданатын түзетулерден өздері үшін мән іздеп, оның нәтижесін саралап жатқанын аңғаруға болады. Бұл тұста қуантатыны, конституциялық модернизация мәселесіне бейжай қараушы азаматтар мен әлеуметтік топтардың қатары өте сирек. Қазақстанның ақпараттық кеңістігі заңгер, саясаттанушы, әлеуметтанушы және өзге де мамандардың түрлі ой-сарап пікірлеріне тола түсуде. Ең бір әр алуан қоғамдық және саяси ұйымдардың өкілдері жаңа конституциялық идеяларды конструктивті тұрғыда талқылау үшін түрлі диалог алаңдарына қарқынды түрде тартылуда. Өзім заңгер ғалым ретінде Мемлекет басшысының «Біз непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге түбегейлі тосқауыл қоямыз. Жаңа Қазақстан әділдіктің территориясына айналуы керек. Ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажет» деген сөздерін көңіліме терең тоқыдым. Заңның мәні азаматтардың маңызды проблемаларын шешуге бағытталуы керек. Бұл суперпрезиденттік формадан президенттік басқару түріне өткенде ғана мүмкін болмақ. Ал суперпрезиденттік республика дегеніміз не? Мұндай модель президентке шексіз билік береді де, билік тармақтарын бөлу формальды сипатқа ғана ие болып қалады. Биліктің қатаң вертикальды сатысы құрылып, оның ең жоғарысында жеке-дара президент билік жүргізеді. Оған басқа мемлекеттік органдармен мақұлдаспай-ақ барлық жоғарғы лауазымды тұлғалар мен судьяларды тағайындауға, ешқандай баламасыз орындарын алмастыруға құқық беріледі. Суперпрезиденттік республикада президент жиі ретте билік партиясының көсемі болып, ол ұйымның өзге партиялардың алдында саяси артықшылығы болады. Бір сөзбен айтқанда, ешқандай заң билігімен де, сот билігімен де теңестірілмейтін өте қуатты президенттік билік орнығады. Ерте ме, кеш пе, мұндай билік монополиясы қоғам мен мемлекеттің дамуында тежеу тудырар еді. Мұндай билік вертикалі конституциялық құндылықтардың бұрмалануына әкелмей қоймайды. Ол бұрмалаушылықтың ең бір асқынған қауіпті формасы жаппай етек алған коррупция болмақ. Конституцияға түзетулер президенттің өкілеттіліктерін қысқартып, өзге мемлекеттік органдарды нығайта түсу арқылы суперпрезиденттіктен алшақтауға алып келмек. Парламент пен жергілікті өкілетті органдар анағұрлым пәрменді және жауапты бола түседі. Барлық билік жүйесі көлденеңінен де, тігінен де теңестіріле түспек. Конституциялық өзгерістердің ең үлкен блогы азаматтардың мемлекеттік істерге араласу мүмкіндіктерін, соның ішінде саяси өміріне қатысу, ал жалпы алғанда сайлау процестеріне қатысу арқылы кеңейтуге арналған. Мажоритарлық жүйе бойынша сайланған Мәжіліс депутатын кейін шақыртып алуға мүмкіндік беретін норма енгізілуде. Адам мен азаматты құқықтық қорғау институтына қатысты да принципиалды өзгерістер бар. Азаматтар жүгіне алатын Конституциялық Сот құрылуда, өзге де құқық қорғаушы институттар нығайтылып жатыр. Референдум тікелей демократия институты бере алатын ең басты мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік тудырмақ, ол – өзіміздің, өз отбасымыздың және өз еліміздің жарқын да әділ болашағын осы бастан құру. Бұл – біздің демократияға, әділеттілік пен заңдылыққа бірауыздан таңдау жасау мүмкіндігіміз. Бұл – әрбіріміздің тек көрермен болып қана қоймай, өз еліміздің саяси оқиғаларын өз қолымызбен жасау мүмкіндігі. Референдум – демократиялық өзгерістердің алғышарты. Референдум – барлығымыз тізе қоса отырып, отбасылық басқаруға, коррупцияға, мүдделес топтарға, трайбализмге қарсы «жоқ» деп айтуға берілген мүмкіндік. Референдум – Сіздің пікіріңіздің бағасы бар екенін, Сіздің дауысыңыздың маңызға ие екенін, Сіздің осы елдің азаматы ретінде жоғары мәнге ие екеніңіздің кепілі.