Жер ұйығы Жетісудағы Қапал аймағының жағдайы Ақсу және Ескелді аудандарына қосылғаннан кейін тіптен нашарлай түсті. 1997 жылдан бері жергілікті жұрт сол күндерді аңсап, үмітпен күн кешіп келеді. Қытаймен шекарадағы тарихи мекендегі Ақтөбе ауылында бұл күнде санаулы ғана үй қалған. Халқы азайғанымен, бұл ауылдың әлеуметтік мәселесі шаш етектен.
Арғы жағы Ақсудың, бергі жағы...
Алыстағы ауылға апаратын жолдың машақатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Тек жол талғамайтын көліктермен, өгіз аяңмен ғана шоқалақтатып бара аласыз. Ал осы жолды кесіп ағатын Ақсу өзенінің үстіндегі өткелді қияметтің қыл көпірімен ғана салыстыруға болатын шығар.
Қазір шалғайдағы шекаралық елді мекендегі жиырма бір үйде жүз шақты адам тұрады. Шындығына келгенде, табиғаты тамылжыған, ауыл тұрғындарын мазалаған мәселе жеткілікті. Мұнда, әсіресе жол қатынасы қиын. Жүргізушілердің көбі Ақтөбеге барудан ат-тондарын ала қашады. Бірнеше жылға созылған жолдың жыры шешімін таппай келеді.
Ауыл жайлы баяндаған тұрғындардың аузына бірінші түсетін ағаштан салынған өткел де 1969 жылдан бері жөндеу көрмеген. Тек мүлде жүруге жарамсыз болып қалғанда, жұрт шулағанда, реттеп қойған болады. Онда да ауыл тұрғындары өз күштерімен жөндейді. Сондықтан сықырлап тұрған көпірді мүлде сүріп тастап, бүгінгі заманның құрылыс материалдарын қолдана отырып, темірбетон материалдармен қайта салмай болмайды. Әсіресе, жаңбырлы, қарлы күндері ойқы-шойқы жолмен көпірге жеткендер, кейде одан өте алмай қалады. Егінге орақ салынар тұста ауыл шаруашылығының техникалары да бергі жағаға өте алмай қалады. Басы ауырып, балтыры сыздағандарға жедел жәрдемнің жетуі де мұң. Сондықтан ауылға медпункт қажет.
Суықсай округіндегі дәрігерлік пункттің меңгерушісі Роза Есерманова ауылда үш адамның қан қысымымен арнайы есепте тұратынын, ол кісілерге дәрі-дәрмек ауылға бара жатқан көліктермен әзер жеткізілетінін айтады. Қыста көмір әкелудің машақатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ауыл мектебіне қажетті он тоннаға жуық көмірді жүк көлігі көпірдің арғы жағына түсіріп кетеді. Оны жұрт тайлы-тұяғымен жабылып, бері тасиды. Жеті айға созылатын қысқа қамданған тұрғындар ар жаққа түсірілген көмірді тасумен әуре болады.
Тозығы жеткен электр желісінің де жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналғанына көп болды. Ұзындығы 26 шақырым болатын желі бойымен орнатылған бағандардың дені шіріп, құлағалы тұр. Сәл-пәл жел тұрса сымдары үзіліп, ауыл мүлде жарықсыз қалады. Жарықсыз отыруды былай қойғанда үзілген сымдар, құлағалы тұрған тіреулер тұрғындар өміріне қауіп төндіреді.
Оған қоса ауылдағы мектепте ғана бар интернеттің де сапасы сын көтермейді. Әр үйге тартылған орталықтандырылған ауызсу құбыры да қыста қатып қалып, тұрғындарды жиі әуреге салады.
Жұмағали Тұрсынұлы заманында аты дүркіреген шалғайдағы елді мекеннің аудан әкімдігінің назарынан тыс қалғанына қынжылысын білдірді.
«Су құбырын тартуда қателік кеткен. Электр желілерінің жағдайы да сын көтермейді. Жолдың, көпірдің қазіргі жағдайы жүрек ауыртады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағылар осының барлығын көрсе де, көп көңіл бөлмейді. Тиісті шаралар қабылдау қауқарсыз. Уәдені үйіп-төккенмен тірлік бітпей тұр», – дейді Ж.Тұрсынұлы.
4 бала оқитын мектеп
Дәл қазір ауылдағылар шағын жинақталған мектепті көңілге медеу етеді. Оның өзінде 4 бала оқиды. Кішігірім үш бөлмеден тұратын ғимараттың сырты жұпыны болғанымен жалпы жағдайы қанағаттанарлық.
Аудан әкімдігіндегілер ауылға 2024 жылы медпункт салу жоспарланғанын айтады. Сондай-ақ «ТАТЭК» акционерлік қоғамы компаниясы барлық электр бағанын ауыстыруды жоспарлапты. Өткен жылы негізгі жұмыс басталып, 18 шақырым бойынша тіректер орнатылғанмен, ауа райында туындаған қолайсыздықтар кесірінен жұмыс толық аяқталмай қалыпты. Сонымен бірге Ащыбұлақ пен Суықсай ауылдары арасындағы 9,6 шақырымдық жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатқан көрінеді. Жолдың осы екі арасы реттелген соң кезек Ақтөбеге апаратын жолға келеді.
Суықсай ауылдық аумағының әкімі Қуаныш Қоңыровтың айтуынша, ауылда 198 бас сиыр, 119 жылқы, алты жүзден астам қой-ешкі бар. Төрт түлікке жайылым тарлық ете бастапты. Елді мекен төңірегінде бос жатқан жер жоқ. Бірақ Тесіктас деген жерде мың гектардан астам жайылым бар екен. Малды жайлауға апаруға ешқандай кедергі жоқ. Алайда тұрғындар төрт түлігін қашықтағы жайлауда баққысы келмейді. Қолдағы малын ауылдан алысқа ұзатпайды. Соның кесірінен елді мекен маңы бұрынғы ажарынан айырылып, тозыңқыраған. Атакәсіппен жан бағып отырған ақтөбеліктер алдағы кезде мал басын көбейтуге мүдделі.
Қазір Ақтөбеде негізінен орта жастағы адамдар тұрады. Жастар мүлде жоқ деуге болады. Жастардың қалаға көшуі жалғаса берсе, ауылдағы жалғыз білім ошағы да жабылып қалуы мүмкін.
Ауылда жер алып, шаруа қожалығын жүргізіп, егіншілікпен айналысуға мүмкіндік мол. Әйтсе де елді мекенде қордаланған мәселелерден атакәсіптен нәсібін айыруға ниеттілердің жүрегі шайлығып қалғандай.
Ақтөбе ауылының тумасы Жұмағали Тұрсынұлы да ауылға шағын алма бақ отырғызуды мақсат қойып отыр. Осындай азаматтар көптеп шығып жатса, Ақтөбенің шырағы қайта жарқырай жанып, бір кездегі берекелі шақтары оралар еді.
Екі миллионнан астам тұрғыны бар Алматы облысындағы халықтың басым бөлігі ауылда тұрады. Жағдайы қалаға бергісіз ірі елді мекендермен бірге, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан, тірлігінде түйткілді тұстары көп қоныстар да жетерлік. Әсіресе, облыстың Қытаймен шекаралас таулы аймақтарындағы, орталықтағы биліктің назарынан тыс қалған. Елеусіз ғана күн кешіп жатқан ауылдарға көңіл бөлінбесе болмайды.
Аудандарды ықшамдау кезінде Алматы облысының Қапал, Үйгентас, Қоғалы, Нарынқол сынды шекаралық аудандары да таратылып кеткен еді. Мұндағы Нарынқол араға он сегіз жыл салып барып, қайтадан өз алдына дербес аудан болып құрылды. Қазір нарынқолдықтар біреуден ілгері, біреуден кейінді күн кешіп жатыр. Жаңа ауданға көшіп келушілердің қарасы қалың. Әсіресе, жастар туған жерге қайта оралып, елді мекендердің еңсесі тіктелді. Есесіне қалған үш аудандағы шекара шебінде орналасқан ауылдар біртіндеп қаңырап қалып жатқаны жанға батады.
«Бос жатқан жердің жау шақыратынын» ұмытпағанымыз жөн. Шекара бойындағы ауылдарын жайнатып қойған көрші елдің көкейінде не бары да белгісіз.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы