Ерікті болу – еріккеннің ермегі емес
Ерікті болу –  еріккеннің ермегі емес
513
оқылды
Бүгінде волонтерлік бағыт елімізде ерекше екпін алып, өңір-өңірлерде қарқынды дамып келеді. Алайда осы еріктілердің еңбегі әділ бағаланып жатыр ма? Олардың құқығы қаншалықты қорғалады? Сондай-ақ бұл тек жастарға тиесілі жұмыс ретінде неге бағаланады? Жалпы, ерікті болу тұрғындар арасында жаппай көрініс табуы үшін не істемек керек? Аймақта волонтерлер қозғалысы қандай? Жамбыл облыстық волонтерлік фронт-офисінің берген ақпаратына сүйенсек, өңірде құрамында 10 мыңнан аса волонтері бар 13 ұйым, 36 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі және Тараз қаласы мен барлық аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған топтар жұмыс істейді екен. – Биыл мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыс аясында жергілікті бюджет қара­жаты есебінен 9,0 миллион теңгеге «Волон­терлік қызметті дамытуға бағытталған жобаларды ұйымдастыру» жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар облыста 2019 жылдан бері «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері іске қосылып, бүгінде 13 дүкен жұмыс істеп келеді. Жоба аясында 14 мың отбасына 45 мың тонна киім-кешек үлестірілді. Өңірдегі жастар ресурстық орталығы мен волонтерлік жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен «Білім», «Саулық», «Сабақтастық», «Асыл мұра», «Қамқор», «Таза әлем», «Үміт» және өзге де бағыттар бойынша 10 528 адамды қамтыған 694 іс-шара өткізілді. Қаңтар оқиғасы кезінде «Әулиеата жастары» еріктілер штабы құрылып, онда 50 ерікті жұмыс істеді. Олар жалғызілікті қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азамат­тарға қолдау көрсетіп, қажетті азық-түліктермен және дәрі-дәрмекпен қам­тама­сыз етті. Сонымен қатар қоғамдағы тыныш­тықты қамтамасыз ету мақсатында түсін­діру жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Қоғам сақшысы» топтары ықшамаудан­дарда, саябақтарда арнайы жадынамалар мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және облыс әкімінің үндеуін таратты. Облысымызда қан қорының жетіс­пеуіне байланысты штаб Қан орталығына еріктілерді тарта отырып, 100-ге жуық азамат қан тапсырды, – дейді облыстық волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Арайлым Әбдуалиева. Бұдан бөлек, «Әулиеата жастары» облыстық волонтерлер штабы Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы кеңсесінің қоқыстарын шығарып, ғимараттың қалпына келуіне өз үлесін қосқан. Ал Алғыс айту күніне орай «Тегін такси» қайырымдылық іс-шарасы ұйымдас­тырылып, жобаға көлік жүргізетін волон­терлер атсалысқан. Тағы бір айта кетерлігі, еріктілер түнгі рейдтерге де қатысып, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 16 хаттама толтырған. Еріктілерге қоқан-лоқы көрсететіндер көп Байқап тұрсаңыздар, еріктілердің еңбегі ұшан-теңіз. Өңірдегі түрлі оқиғаның басы-қасынан табылып қана қоймай, көліктерімен тұрғындарды тегін тасып, қала қауіпсіздігіне де үн қосып жүр. Енді осы еріктілердің еңбегі өз деңгейінде бағаланып, еленіп жатыр ма? – Тараз қаласындағы еріктілер бүгінде 11 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алайда волонтерлердің қауіпсіздігі бізді көп алаңдатады. Олай дейтініміз – еріктілер тұрғын үйлерге барғанда халықтың бірі «Неге келе бересіздер?» деп ақпарат беру­ден бас тартса, екіншілері қоқан-лоқы көрсетіп жатады. Тіпті, итін босатып жіберетіндер бар. Сондықтан біз волонтер­лерге тәртіп сақшылары тарапынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрағанбыз. Бірақ толықтай қанағаттандырылмады. Бір сөзбен айтқанда, еріктілердің қауіпсіздігіне өзіміз жауаптымыз. ерікті Ықшамаудандарда тұрғындар есігін ашпай еріктілерді әбігерге салады. Оған қоса, волонтерлер арасында қыздар да болғандықтан, пәтердің есігін кім ашар екен деп те уайымдаймыз. Үйде түрлі жағдайда отырған адамдар болуы мүмкін. Сондықтан қыздардың қауіпсіздігіне қатты алаңдаймыз. Волонтерлерді тоқсан сайын түрлі марапатқа ұсынғанымыз болмаса, оларға жоғары оқу орындары басшылары да толықтай қолдау көрсете бермейді. Ең болмаса оқуына балл қосып берсе деп сұранамыз. Негізі, бізде жастар ғана ерікті болуы керек деген теріс түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Кез келген адам ерікті бола алады. Алайда оларға өз деңгейінде қолдау болмағандықтан, ерікті болудан қашады. Егер ерікті жастарға волонтер болғаны үшін еңбек кітапшасы ашылып, сол жерде ерікті болған еңбек өтілі көрсетілсе, үлкен қолдау болар еді. Дәл сондай ерікті болған сала мамандарына қосымша еңбек өтілі қосылатын болса, біз волонтерлік қоз­ғалысты жандандырар едік, – дейді Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Абзал Есіркепов. Министрлік жастар жобасын неге қолдамады? Жалпы, еріктілердің еңбегі бағаланбай жүргенін жастардың өздері де жасырмайды. Тіпті, олардың үндеуіне министрлік те қолдау көрсетпепті. – Жасыратыны жоқ, үш волонтер мем­лекеттік наградаға ие болды. Атап айтсақ, белсенді де жемісті қамқоршылық қызметі мен қайырымдылық ісі үшін берілетін «Шапағат» медалімен облыстық «Өркен-ниет» қоғамдық қорының президенті А.Базаров, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Дятлова және Lider Kz волонтерлік ұйымының жетекшсі Н.Чагай марапатталды. Алайда бұл теңізге тамған тамшыдай ғана демеу. Волонтерлер жылы еріктілердің беделі мен құқығын нақтылау бойынша бағдар­лама ұсынылған болатын. Бірақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапы­нан қолдау таппады. Содан бері волон­терлерге қатысты мәселе ашық күйі қалып келеді. Біз өз тарапымыздан тоқсан сайын еріктілерді түрлі марапатқа ұсынып жата­мыз. Алайда бәрін бірдей қамту мүмкін емес. Еріктілерге Төтенше жағдай депар­таменті көп демеу көрсетеді. Бірақ басқа мекемелерден ондай қолдауды сезінбей отырмыз. Өткен жылдары «Студенттік кредит» деген жоба жанданған. Сол кезде түрлі айлық жалақыға 200-ге жуық бала жұмыс істеді. Бірақ науқандық әрі ақылы жұмыс болғаннан кейін біз оларды еріктілер қатарына қоса алмадық. Егер еріктілерге еңбек кітапшасын ашып беріп, еңбек өтілін жүргізсе, бұл бір біткен іс болар еді. Әзірге біз еріктілердің еңбегін көрсететін анықтама қағаз ғана жазып бере аламыз, – дейді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Арайлым Әділбекқызы.  
P.S. Иә, еріктілердің еңбегі ерен. Әрі жастар қозғалысы өз өміршеңдігін бүгінде дәлелдеді. Әттеген-ай дейтін тұсы – қолдаудың азды­ғы. Егер еріктілер үшін еңбек кітапшасын жасап беретін болса, көптеген кедергіні еңсерер едік. Мәселен, келе жатқан рефе­рендум науқанында өңірлер заң бойынша еріктілердің күшін қолдана алмай отыр. Ол үшін волонтерлердің құқығы мен беделін айқындайтын жүйе қажет. Сондықтан саяси науқанға қатысты үгіт-насихат, шақыру қағаздарын тарату сияқты жұмыстарға тек жастар ресурстық орталығының мамандары жұмылдырылады. Ал олардың саны аз болғандықтан, тірлік баяу жүруде. Осындай сәтте еріктілерге еңбек кітапшасын ашып беріп, қызметкер ретінде қарайтын болсақ, заңға да қайшы әрекет етпейтін едік. Алда әлі талай саяси һәм қоғамдық нау­қандар болатыны анық. Сондықтан Үкімет үйінде отырғандар осы мәселені зердеден өткізіп, ұтымды шешім шығарады деп сене­міз.

Жамбыл облысы