Қазақстандықтар үшін 5 маусым маңызды шешім қабылдау күні болмақ. Азаматтар «Сіз Конституцияға енетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сұраққа жауап беруі керек. Осыған орай ұсынылған реформалардың ең негізгі тармақтарын мақалаға жинақтадық. Референдум арқылы ел конституциясына 50-ден астам өзгеріс пен түзету енгізу жоспарланып отыр. Өзгерістер қолданыстағы 31 бапқа қатысты. Одан бөлек Ата заң 2 жаңа баппен толығады. Бүгінде ең көп талқыланған түзету – бұл президенттің жақын туыстары саяси лауазымды қызметке және Мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда жоғары лауазымдарға ие бола алмайды деген ереже. Сонымен қатар Қазақстан үшін ерекше өзгерістің бірі – бұл президенттің елдегі бірде-бір саяси партияға мүше болмайтыны. Мұндай ереже саяси жүйеде әділеттілік пен бәсекелестік болуын және сайлауға қатысатын барлық азаматтардың тең мүмкіндігін білдіреді. Түзетулерге сәйкес, енді Сенатқа Мемлекет басшысы тағайындайтын депутаттар саны 15-тен 10-ға қысқарады. Сондай-ақ бұдан былай Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығына ие, яғни Мәжіліс заң қабылдау жүйесінде басымдыққа ие болады. Ал Конституциялық Соттың, Ұлттық Банктің, Жоғары Сот Кеңесінің, ҰҚК мен Бас прокуратураның басшыларын тағайындау үшін Президент Сенаттың келісімін алуы қажет. Әкімдерді тағайындау процесінде де елеулі өзгерістер болады. Бұған дейін Мемлекет басшысы әкім ретінде бекітуге мәслихатқа бір ғана кандидатура ұсынатын. Ал енді түзетулер қабылданған жағдайда президент кемінде екі үміткердің есімін атап, олардың ішінен мәслихат депутаттары өңір басшысы ретінде көргісі келетін адамды өздері таңдайды. Өзгерістер аясында Конституциядан Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері туралы тармақты алып тастау ұсынылып отыр. Студенттер де осындай маңызды реформаларды ескере отырып, 5 маусымдағы референдумға не үшін баратынын айтты.
Балмурзина Жұлдыз, студент. - Референдум – қоғамның демократиялық процестерге араласуына және Жаңа Қазақстанды құру жолындағы демократиялық өзгерістерге жол ашуға үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Өзгерістер мен жаңғыруларға жол ашатын референдумда, әсіресе, жастардың жауапкершілік сезінуі маңызды деп есептеймін. Болашақ – жастардың қолында. Мен де жарқын болашақтың іргесін қалауға септігімді тигізіп, референдумда саяси белсенділік танытып, дауысымды беремін! Жұмабеков Ануар, студент. - Дамыған демократиялық қоғам болғымыз келе ме әлде жоқ па? Бұл сұрақтың жауабы Ата Заңымызға енгізіліп жатқан түзетулер мен толықтыруларды қабылдауымызға тікелей байланысты. Сондықтан да тарихи маңызы бар бұл процеске өз болашағын ойлайтын әрбір азамат қатысуы керек деп ойлаймын. Әсіресе, Адам құқықтарына ерекше көңіл бөлу туралы өзгеріс маңызды деп білемін. Әрбіріміздің құқығымыз тиісті деңгейде қорғалуы үшін мен референдумға барып, өз таңдауымды жасаймын.Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшысы Жиеналиев Жақсыбек саяси реформалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар референдумға барудың маңызы жайлы өз пікірін білдірді.
«Елде болып жатқан саяси өзгерістерді қазақстандықтар сезінуі керек. Себебі «30 жылдық тәуелсіздігіміздің кезеңінде бір қолдан басқару, яғни суперпрезиденттік жүйе жойылатын болады. Мұндай мүмкіндікті Мемлекет басшысы халықтың таңдауына беріп, референдум өткізуді ұсынып отыр. Бұл өте дұрыс шешім және ел болып қолдауға лайықты іс деп ойлаймын. Жалпы қазақстандықтардың басым бөлігі референдум дегенді білмейді. Біз өңірлерді аралап, референдум жайлы мәлімет берген кезде жалпылама сұрақтармен көп кездестік. Азаматтар тарапынан көбіне «қалай дауыс береміз?», «кімге дауыс береміз?» деген сұрақтар болды. Мұндай сұрақтардың қойылуы түсінікті деп ойлаймын. Қоғамда әртүрлі салада жұмыс істейтін топтар бар. Олар мысалы, бюджеттік мұғалімдер, медицина қызметкерлері, ауыл шаруашылығы қызметкерлері болуы мүмкін. Жалпы бәрінің түсінігінде «сайлау», «дауыс беру» ұғымы президенттік сайлаумен және Мәжіліс, Мәслихат депутаттарын сайлаумен байланысты болып қалған. Референдум жайлы білмей, түсінбей жатқандығының бір себебі осы деп ойлаймын. 27 жылдың ішінде бір дәуір өтті десек болады. 1995 жылы туған азаматтар қазір 27 жасқа келді, яғни, тұтас бір отбасы құратын деңгейге жеткен азаматтар. Олар үшін болашақта өзіңнің, балаларының қалай, қандай мемлекетте өмір сүретіні маңызды деп ойлаймын. Сондықтан да референдумға қатысу барлығымыздың парызымыз деп сезінуіміз керек. Осыған дейін елде саяси белсенділік салыстырмалы түрде төмен болатын. Ал алдағы болатын өзгерістер қазақстандықтардың, оның ішінде жастардың саяси белсенділігін арттыратыны сөзсіз. Былай қарасақ референдумға қатысатын 11 млн-нан астам халықтың басым бөлігі – ол жастар. Нақтырақ айтатын болсақ 18 бен 44 жас аралығындағы азаматтар өзінің бірінші рет осы конституциялық өзгеріске үлес қосып, өз таңдауын жасайын деп отыр. Бұл өте маңызды және әрбір қазақстандық үшін тарихи сәт болады деп есептеймін. Әрбір азамат болашақта болатын өзгерістердің маңызын түсіне білуі қажет. Бюллетендегі сұраққа «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру арқылы азаматтар қазіргі ғана емес, келешек ұрпақтың да тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдайды деуге болады», – деп түсіндірді сарапшы.