Референдумға 5 күн қалды: дауыс беру үшін нені білу керек?

референдум
Фото: azattyq-ruhy

Конституцияға өзгеріс енгізу мақсатында өтетін республикалық референдумға 5 күн қалды. Осы орайда, референдумда дауыс беру процесін түсіндіретін нұсқаулықты ұсынамыз.

Сайлау учаскесін қалай анықтаймыз?

Сайлау уческесін бірнеше ақпарат ресурстары арқылы табуға болады:

gov.kz/referendum;

referendum.gov.kz;

referendum2022.gov.kz.

Қазақстандық азаматтар өз учаскесін ЖСН арқылы таба алады. Табылмаған жағдайда, аталған сайттардың соңында call орталықтардың тізімі бар. Солардың кез келгеніне хабарласып, қайда барып дауыс беретінін сұрауға болады.

Сонымен қатар осындай қызмет Kaspi.kz және Homebank қосымшаларында да іске қосылмақ.

Қалай дауыс береміз?

Дауыс беру әдеттегі сайлау процесіндегідей өтеді.

5 маусым күні мекенжай бойынша тіркелген учаскеге жеке куәлігімен келеді. Сөйтіп референдум комиссиясы мүшелерінен бюллетеньді алып, дауыс беру кабинасына өту керек. Бюллетеньдегі «иә» немесе «жоқ» нұсқасының бірін белгілеп, оны дауыс беру жәшігіне салу қажет.

Дауыс беру қалай жүзеге асады?

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Константин Петров ОСК отырысында бюллетеньді қалай дұрыс толтыру керек екенін түсіндірген болатын.

«Бюллетеннің өзі, мәтіні мен формасы бекітілген. Бюллетеньдер жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырылуы тиіс. Әркім оны жеке толтырады. Толтыру кезінде дауыс берушіден басқа біреудің болуына тыйым салынады. Егер жекелеген азаматтар денсаулығына байланысты немесе басқа себептермен өз бетінше толтыра алмаса, (бірақ референдумды ұйымдастырушылар мен бақылаушылардан көмек сұрауға болмайды) басқа азаматтың қызметін пайдалануға құқылы», – деді Константин Петров.

Сондай-ақ орталық референдум комиссиясының мүшесі дауыс берушілер жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгіні қоя алатынын айтты.

«Бір сұрақ, екі жауап нұсқасы болады. Таңдалған жауаптың үстіне құсбелгі, крест қоюға немесе дөңгелектеуге болады. Бірақ азаматтың қай нұсқаға дауыс бергісі келгені түсінікті болуы керек. Белгіні қарындашпен қоюға және түзетуге болмайды. Толтырылған бюллетеньді дауыс беруге арналған жәшікке салады. Ары қарай біз дауыс беруді аяқтау және дауысты санау алгоритміне көшеміз», – деп түсіндірді Петров.

Шетелдегі қазақстандықтар қалай дауыс береді?

Қазақстанның 52 мемлекеттегі мекемесіне 65 комиссия учаскесі құрылды. Азаматтар сол жерге барып дауыс бере алады.

«Шетелде жұмыс, қызмет бабы және саяхаттап жүрген белсенді таңдау құқығы мен жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары комиссия учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне жүгіне алады», – делінген СІМ хабарламасында.

Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің жанындағы дауыс беру  «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Заңының» 38-бабының 1-тармағына сәйкес референдум өткізілетін күні – 2022 жылдың 5 маусымында жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-20:00 аралығында өтеді.

«Шетелде дауыс беру процесін уақытылы және толық дайындау үшін ҚР азаматтарынан алдын ала жақын орналасқан сайлау учаскесімен байланысуды және сайлаушылар тізіміне енгізу үшін деректерді ұсынуды сұраймыз», – деп атап өтті СІМ.

Түзетулер енгізілуі үшін қанша дауыс қажет?

Бұған дейін орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов конституциялық түзетулер қабылдануы үшін қанша дауыс қажет екенін айтқан болатын.

«Егер референдумға қатысқандардың 50 пайыздан астамы өзгерістерді қолдап дауыс берсе, түзету қабылданады», – деді Өтемісов сенат кулуарында.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.